Бүгінде медицина саласы ізденгіштік қасиетті талап етеді. Яғни білікті маман жан-жақты болуы тиіс. Бар саналы ғұмырын дәрігерлікке арнаған Гүлназ Қайырбаева 26 жыл еңбек өтілінде экономика, бизнес және менедж-мент мамандықтарын игеріп үлгерген.
Бала кезінен биология пәніне қызығушылық танытып, қалалық, облыстық олимпиадалардан жүлделі орындарды иеленіп жүріп, мектепті бітірер сәтте ойланбастан медицина саласын таңдаған. Бүгінде үнемі білімін шыңдап, белестерді бағындыруды көздейді.
– Еңбек жолымның басы 90-шы жылдардың қиын-қыстау кезеңіне түседі. Дайын лор дәрігері болғаныммен, жедел жәрдемде жұмыс істеп, мол тә
жірибе жинадым. Алғашқы жалақымды жарты жылдан соң алғанбыз. Ол кез дәрі-дәрмек пен қажетті құрал-жабдыққа тапшы заман еді. Дегенмен, қиындыққа төтеп беріп, бүгінде дамыған заманда еңбек етіп келеміз, – дейді ол.
Қазіргі таңда Павлодар ауданының емханасын басқарып отырған Гүлназ Қайырбаева бастапқы білімін Семейде алып, кейін өңірлік университетте экономика саласын меңгерген, тіпті көпшілік арасынан озып, «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Чикаго қаласында біліктілігін арттырған.
Биыл медицина саласының белсенді мамандарының бірі тағы бір байқауға қатысып, үлгілі марапатқа ие болды. Жақында өткізілген «Өз кәсібінің үздігі — 2024» байқауында денсаулық сақтау министрі атынан «Үздік денсаулық менеджері» аталы-мының иегері атанды.
Салтанат ҒАББАС.