Балаларды білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, бар жақсыны бойына сіңіретін мәртебелі мамандық иелері – ұстаздар қауымының еңбегі қашан да ерен. Бұл ретте биік белестерді бағындырар балаларды оқытып, озат оқушылардың қатарын көбейтіп, оларды жетістікке жетелеп жүрген мұғалімдердің орны ерекше. Сондай педагогтардың бірі — «Жыл мұғалімі» атанған Ақмарал Есенғожина.

Ақмарал Еркенқызы – Май ауданының тумасы. 1990-1994 жылдары Павлодар педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алды. Еңбек жолын Ақсу қаласындағы №1 мектепте бастады. 2001 жылы отбасылық жағдайына байланысты Май ауданының Қаратерек ауылына қоныс аударып, осы елді мекендегі мектепте ұстаздық қызметті жалғастырды.

— Менің анам Күлжазира Николайқызы – талай мықты шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз. Бала кезімнен-ақ анама қарап бой түзеп, мұғалім болуды қаладым. Сөйтіп, ізін жалғай отырып, ұстаздық жолды таңдадым. Бұл ретте тәжірибемнің толысып, біліктілігімнің артуына Қаратерек орта мектебі ерекше әсер етті. Сол тұстағы мектеп директоры Роза Ырысқалиқызының жетекшілігімен ауылдағы білім ордасы облыстағы үздік 10 мектептің қатарына қосылды. 2009 жылы алғаш рет лицей сыныптары ашылып, мен сол сыныптардың жұмысын үйлестіретін директордың ғылым жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Бұл қызмет мен үшін кәсіби шыңдалудың маңызды кезеңі болды, — дейді тәжірибелі ұстаз.

Ақмарал Еркенқызы 2014 жылы Ақсу қаласына қоныс аударып, сол уақыттан бері шаһар-
дағы Қ.Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған маман-дандырылған гимназияда оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді. Гимназия директоры Әскербек Дүйсембаев басқарып отырған ұжым ұйымшылдығымен, жан-жақтылығымен  ерекшеленетінін атап өтті. Мұндағы мұғалімдер әр шәкірттің жүрегіне жол тауып, олардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына баса назар аударады.

Жалпы 26 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз осы уақытқа дейін талай шәкіртті жетістікке жетеледі. Ақмарал Есенғожинаның оқушылары республикалық Абай, Мәшһүр оқулары, қазақ тілі мен әдебиетінен өтетін Қ.Бітібаева олимпиадасы, ғылыми жобалар, облыстық пән олимпиадасынан олжалы оралып жүр. Ұстаздың өзі де түрлі сайыста бақ сынап, жүлде еншілеп келеді. Биыл облыс мұғалімдері арасында өткен «Жыл мұғалімі – 2024» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Байқау барысында төрт кезеңнен сүрінбей өтіп, мүлде танымайтын, білмейтін сынып оқушылары үшін сабақ өткізіп, үздіктердің үздігі атанды.

— Өкінішке қарай, қазіргі балалардың басым бөлігі телефонға телміріп, орысша шүлдірлеп, кітап пен газет-журналдар оқудан қалып барады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, тіл жанашыры ретінде оқушыларымның мұндай болғанын қаламаймын. Сондықтан олардың ана тілінде сөйлеп, ойын еркін жеткізуі, әдебиет төріндегі ақын-жазу-шыларымыздың еңбектерін оқып, кітап мазмұнын айтып, шығарма жазуда ой қиялына ерік беруіне баса назар аударамын. Шәкірттерім елі мен жерін сүйетін, туған тілін құрметтейтін нағыз азамат болса екен деймін. Ол үшін ұстаз ретінде барымды саламын, — деп түйіндеді Ақмарал Есенғожина.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.