Екібастұздық жас спортшы Хадия Қонаеваның жасы  небары 6-да.  Ол жуырда Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында қарсыласын таза жеңіп, алтын медальға ие болды.

Хадия Қонаева – спорт сайысында үздік нәтиже көрсеткен спортшылардың бірі. Ол небәрі алты жасында қарсыласын арқасына лақтыру және аяқтан құлату сияқты тәсілдер арқылы 11:0 есебімен жеңіске жетті.  Қазіргі уақытта ол Екібастұз қаласындағы «Қайнар» мектебінде білім алады. Жас спортшы — қалалық жарыстардың чемпионы және Қарағанды қаласында өткен ашық республикалық турнирдің финалисі.

Хадияны әкесі, «Sam Team» клубының негізін қалаушы, спортшы Самат Қонаев жаттықтырады. Бір қызығы, әкесінің спортпен шұғылдануына омыртқа ауруы
себеп болған және табанды жаттығулардың нәтижесінде денсаулығын қалпына келтірген. Әкенің үлгісі балаларын шабыттандырып, бүгінде ағайынды жетеудің алтауы осы спорт түрімен шұғылданады. Олардың арасында Хадия да бар.

— Хадияның джиу-джитсумен айналысып жүргеніне екі жылдай уақыт болды. Бұл спорт түрін өз қызығушылығымен бастады. Қосымша еркін күрес үйірмесіне қатысады. Осы уақыт аралығында түрлі облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды, — дейді С.Қонаев.

Әкесінің сөзінше, Хадия әлем чемпионатына алғаш рет қатысқан. Бірақ  кішкентай болса да, бойындағы қайсарлығы мен еңбекқорлығы оны жеңіске жетеледі.

— Алғашында жарыс барысында қорқып қалады деп ойладым. Бірақ Хадия аяқтан құлатып алу тәсілін қолданып, үмітімді ақтады. Осы сайысқа біз 1,5-2 жылдай тыңғылықты дайындалдық, – дейді ол.

Жас спортшының бұл жетістігі көпті тәнті еткені сөзсіз. Алдағы уақытта да  Хадия еліміздің абыройын түрлі спорт жарысында асқақтатады деген сенімдеміз.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.