Өзгенің өмірі үшін өзінің жанын қиюға даяр азаматтар – нағыз батырлар.  Сондай жандардың бірі – Аққулы аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы
Елдос Қойкен.

Осы жылдың сәуір айында Аққулы ауданына қарасты Жамбыл ауылында болған оқиға көптің есінде шығар. Жергілікті полиция қызметкерлеріне  бір топ адамның ішімдік ішіп жатқаны туралы хабар түскен. Ювеналды полиция тобының кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі полиция аға учаскелік инспекторы Елдос Қойкен, әкімшілік практика инспекторы Әділ Ізбасаров және жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Ришат Адамбаев көрсетілген мекенжайға жетіп, онда кәмелетке толмаған екі баласы бар азаматша тұратынын анықтады. Балалар анасының Ертіс өзеніне қарай кеткенін айтқан. Автопатруль дереу өзенге қарай бет алып, суға батып бара жатқан әйелді байқаған. Аға инспектор Елдос Қойкен бірден суға секіріп, әйелді ажалдан арашалап қалды.

— Ол кезде ойланатын уақыт болмады. Адамды қайткен күнде де судан алып шығуым керек деген ой ғана санамда тұрды. Суға түсіп, жақындай бергенімде оның өзен түбіне қарай кетіп бара жатқанын байқадым. Тұншығып қалмаса екен деп қана ойладым. Абырой болғанда, су астынан шығарып, дәрігерлерге тапсырдық, — дейді ол.

Бұл әрекеті үшін Елдос Қойкен Республика күні қарса-ңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов батырымызға марапатты салтанатты түрде табыстады.

Аға инспектордың өзі мұны батырлыққа баламайды. Себебі құқық қорғау саласы өкілдерінің әр күні – осындай арпалыс. Олар адамның қауіпсіздігін сақтау үшін барын салуы тиіс деп санайды.

— Менің нағашым – құқық қорғау саласының ардагері. Сол кісіден үлгі алып, бала кезден полиция қызметкері болуды армандадым. Сол ойдың жетегімен Торайғыров университетінде заңгер мамандығын меңгердім. Алғашқы екі жылда Ақтоғай ауданының полиция бөлімінде еңбек етсем, соңғы 8 жылда туып-өскен жерім Аққулы ауданында қызмет атқарып жүрмін, — дейді Елдос Қойкен.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.