Екібастұз қаласында жаңа автодром ресми түрде ашылды. Ол ХҚКО аумағында орналасқан. Енді екібастұздықтарға көлік жүргізуден тәжірибелік емтихан тапсыру үшін облыс орталығына барудың қажеті жоқ.

Жүргізуші куәлігін алу үшін үміткер теориялық және тәжірибелік емтиханды тапсырады. Теориялық емтихан 40 сұрақтан тұрады. Оны тапсыру үшін кем дегенде 32 сұраққа дұрыс жауап беру керек. Тәжірибелік емтихан жаңа GPS жүйесімен жабдықталған тізбектегі 12 тапсырмадан тұрады.

Жаңа автодром Екібастұз қаласының М.Жүсіп көшесі, 92\2 мекенжайында орналасқан. Азаматтарды жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін түскі үзіліссіз қабылдайды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Асылбек Сапарбекұлының айтуынша, Павлодар автодромында биыл жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ескірген магниттік датчиктер жаңа GPS-жүйеге ауыстырылды. Бұл жүйе Екібастұз автодромында да іске қосылды. Тәжірибелік емтиханнан өту спутниктік сигнал арқылы жүзеге асырылады.

Айтпақшы, теорияны тапсыру кезінде биометриялық жүйе жұмыс істейді. Биометрия – бір немесе одан да көп физикалық белгілері бар адамдарды тану жүйесі. Оның көмегімен адамның бет-әлпеті құжаттағы фотосуретімен салыстырылады. Яғни бұл жүйе адамды бет-әлпеті бойынша анықтап, бөгде адамдардың емтихан тапсыруына жол бермейді.

Үміткер теориялық емтихан басталғанға дейін жеке басын сәйкестендіруден өтеді. Жүйенің арқасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды. Емтихан тапсыру кезеңінде жүйе салыс-тыру үшін тағы бірнеше рет автоматты сәйкестендіруді жүргізеді. Мұның бәрі теориялық емтихан тапсыру процесін бақылауға мүмкіндік береді.

– Енді екібастұздықтар үшін тәжірибелік жүргізу емтиханын тапсыру үшін басқа қалаларға барудың қажеті жоқ. Жаңа автодромда тапсырманы орындауға арналған машиналар, теорияны тапсыруға арналған кабинет бар, – дейді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

Айта кетейік, автокөлікті қайта ресімдеу және жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты жүргізуші куәлігін ауыстыру сияқты қызметтер электрондық үкімет порталында онлайн форматта eGov.kz және екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы қолжетімді.

Т.ӘБІЛДА.