Жүректен шыққан жылулық

Ақп 19, 2026

Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл тек табыс табу үшін емес, қоғамның белгілі бір мәселелерін шешу үшін бизнеспен айналысу амалы. Яғни, әлеуметтік кәсіпкерлер өздерінің қалтасын қампайту үшін емес, халықтын қамын ойлап, қоғам игілігі үшін қызмет етеді. Сондай жандардың бірі – әлеуметтік кәсіпкер Нұрзия Темірова. Жуырда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкермен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Нұрзия Нұрланқызы, алдымен өзіңіз туралы және кәсіпке қалай келгеніңіз жайлы айтып өтсеңіз…

 

– Қолөнерге деген қызығушылық кішкентай кезімнен басталған. Ата-анам екеуі де шебер, әсіресе анам. Анам ши құрақтарды құрастырып, құрақ көрпелер тігетін. «Алма ағашынан алысқа түспейді» деген мақал рас-ау, сірә. Мен де ата-анамның жолын қудым. Міне, сол кездегі тігуді үйренгенімнің жемісін қазір көріп отырмын. Кейін 2013 жылы декреттік демалыста қолөнермен айналыса бастадым. Алғашында бала қоржындары мен тойға арналған корзина дорбалар тіктім. Ол кезде бұл іс үлкен кәсіпке айналады деп ойлағанда жоқпын. Алайда инстаграм желісі арқылы тапсырыстар көбейіп, еңбегіме сұраныстар артты. Осылайша шағын қолөнер бірте-бірте кәсіби жұмысқа ұласты.

– Ал кәсіпті ресми түрде қашан бастадыңыз?

– 2020 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, толыққанды жұмыс істей бастадым. Құрал-жабдықтарымызды алу үшін сол жылдары екі рет 5 млн теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант алу конкурсына қатыстық. Өкінішке орай, пандемияның салдарынан грантқа ие бола алмай қалдым. Бірақ мен берілмедім, қажетті құралдарымызды өз күшімізбен алып, кәсібімді аяқтан тұрғыздым.

– Әлеуметтік кәсіпкер-лікпен айналысуңызға не себеп болды?

– Менің әкем мен анам — үшінші топ мүгедектері, екеуі де естімейді. Осындай отбасында өскендіктен болар, мен өмірде мүмкіндігі шектеулі жандарға жаным ашығаннан емес, керісінше олардың тағдырын түсінгендіктен көмектесемін. Қоғам оларды ешнәрсе істей алмайды деп ойлайды, ал мен күнделікті өмірде бұл сөздің кері мағынасын көріп жүрмін. 2023 жылы Эмин Аскеров жайлы естідім, оның мүмкіндігі шектеулі жандармен және әлеуметтік осал топтармен жұмыс істеуі және Greental жобасы арқылы нақты нәтижеге жетуі мені тәнті етті. Әлеуметтік кәсіпкер ұғымын енгізген де осы кісі болды. Эмин Аскеров Павлодар облысында бас бостандығынан айырылған 22 еңбекпен түзеу мекемесіндегі адамдарды жұмыспен қамтып отыр. Осы кезден бастап «неге маған да осылай істемеске?» деген ой туындады. Сөйтіп, 2023 жылдан бастап реестр тізіміне кіріп, әлеуметтік кәсіпкер атандым. Бұл — мен үшін атақ емес, үлкен жауапкершілік. Ал 2024 жылы 5 млн теңге мемлекеттік қайтарымсыз гранты конкурсына тағы да қатысып, ұтып алдық. Қаражатқа лазерлі станок, кесте тігетін құрылғы және дтф принтерін сатып алдық.

– Қазіргі таңда қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

– Қазіргі таңда қол астымда мүмкіндігі шектеулі 4 адам жұмыс істейді. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды, киімдерді тігеміз.

– Мүмкіндігі шектеулі қызметкерлермен жұмыс істеудің ерекшелігі қандай?

– Мен оларды әрдайым қоғамның толық мүшесі ретінде қабылдаймын. Өздерінің жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды. Сонысы ұнайды маған. Әр қызметкердің ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, жұмыс орын бейімдедік. Мысалы тігіншіміз Алтынның көру қабілеті төмен, сол себепті онын тігін машинасында арнайы бағыттағыш орнатылған.

– Кәсіп жолында қандай қиындықтар болды?

– Қиындықтар болды, бар және бола да береді. Ең қиыны – өзіңмен жұмыс. Сабыр сақтау, шыдау, клиенттермен дұрыс сөйлесу, өз-өзіңе сену. Инстаграмға шығып сөйлеу маған да оңай болған жоқ. Бірақ осының бәрі өсуге көмектеседі.

– Отбасыңыздың қолдауы жайлы айтсаңыз…

– Жолдасым – менің ең мықты қолдаушым. Материалдық та, моральдық та жағынан әрдайым жанымнан табылады. Соған шүкір деймін.

– Әлеуметтік кәсіпкерліктің қоғам үшін маңызы қандай деп ойлайсыз?

– Әлеуметтік кәсіпкерлік ел үшін өте маңызды. Біз үкіметтің әлеуметтік сұранысын жауып отырмыз. Мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа орналасып, қоғамға пайдасын тигізуде. Қоғамның көзқарасы да біртіндеп өзгеріп келеді деп сенемін.

– Ұлттық өнімдерге сұраныс қалай?

– Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы бұйымдар мен киімдерге сұраныс өте жоғары. Қазақтың салт-дәстүрі, ою-өрнегі, ұлттық киімі – баға жетпес қазына. Клиенттерімнің ризашылығы, жылы пікірлері маған шабыт беріп, алға қарай еңбек етуге күш береді.

– Соңында оқырманға айтар тілегіңіз?

– Ешқашан қорықпау керек. Сенім мен еңбек болса, кез келген қиындықты еңсеруге болады. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға жанашырлықпен қарап, оларға мүмкіндік беру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан –
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.

мәселе