Мен ол кезде 22 жастағы студент едім. Алматы қаласындағы Абай атындағы жоғары оқу орнында білім алып жүрген кезім. Ол тұста бастауыш оқыту педагогикасы мен методикасы факультеті жаңадан ашылғандықтан, жеке жатақханасы болмады. Сондықтан тарихшылармен бір шаңырақ астында тұратынбыз.

16 желтоқсан сағат 18.00 шамасы. ҚазПИ тарих факультетінің Абай көшесіндегі 56 «В» мекенжайында орналасқан жатақханасында Ғалия құрбым екеуіміз бірінші қабатқа түстік. Алдымыздан зиялы қауымнан екені бірден көрінетін 35-40 жас арасындағы екі келіншек шықты. Үстеріндегі сырт киімдерінен-ақ сұранып кіргені анық. «Ертең үлкен өзгеріс болғалы жатыр. Брежнев алаңына шығыңдар (қазір «Республика алаңы»). Ары қарай барған соң білесіңдер» деді. Құрбым екеуіміз түсінбедік. Олар басқаларға хабар беруге асыққан сыңай танытты. Сонымен ол хабар ұмыт болды.

Ертеңіне философия пәні сағат 8-де басталуы тиіс еді. Профессорды курс болып күткелі 25 минуттай болды. Жинала бастағанымызда профессор да кіріп келді. Қолында «Аргументы и факты» газеті бар. Жолда кептелістен әрең жеткенін айтты. Газетін ашып, кеше кешке Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан босатқаны, қазіргі уақытта ол лауазымға сонау Ресейдің Ульяновск облысы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болған Геннадий Колбиннің келетінін хабарлады. Сол кезде көше жақтан машина сигналы, адамдардың айғайы анық естілді. Біздің сабақ 5-қабатта болып жатқан. Барлық студент терезеге қарай ұмтылдық.

…Мен өмірімде мынадай картинаны бірінші рет көрдім. Институт терезесі Советов көшесіне қарайды. Көше толы жастар. ГАИ машиналары бастап келеді, милиция санында есеп жоқ. Жастардың қолдарында плакаттар, біздің институттың жанына келгенде «ҚазПИ, шығыңдар, ҚазПИ, выходи!» деп айғайлап тұрып алды. Біз есікке қарай ұмтылдық. Бірінші қабатқа түссек, институт әкімшілігі есікті ешкім шықпайтындай жауып тастаған. Оқытушылар барлығымызды аудиторияға қайтарды. Біраздан соң шу басылды. Сабақ аяқталған соң қарасақ, бірінші қабаттың шыныларының барлығы шағылған, соғыстан кейінгі кезді көз алдыңа елестетеді.

Сабақтан шығып, жатақханаға бару үшін трамвай аялдамасына келдім. Кісі аз сияқты болып көрінді. Трамвайға мінсем, басқа ұлт өкілдері ғана отыр. Жатақханада ешкім жоқ. Кешке қарай қыздар келді. Үстері көбік-көбік, күйенің иісі шығатын сияқты. Түрлері үрейлі. Сөйтсем, сабақтан соң барлығы алаңға барыпты.

Сонымен, «Түнгі сағ 01.30-дарда алаңға шығамыз. Сағат 01.00-де АХБК жұмысшылары Орбита жақтан келеді, қолға транспаранттар жазып алып шығуымыз керек. Бір-бірімізді қолтықтап бірге жүреміз, шеттеп біреуіміз кетпейміз» деп дайындала бастадық. Вахтершы апайымызға ескертейік деп төмен түссек, вахтада ректор, декандардың барлығы бізді аңдып отыр екен.

Уақыт таянғанда 50 шақты қыз-жігіт жатақхананың артқы жағынан екінші қабаттан төсек жапқыш арқылы секіріп түсіп, жұмысшыларға қосылып, Брежнев алаңына қолтықтасып бардық. Келсек, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресейден арнайы әкелінген жап-жас солдаттардың қолдарында пластик қалқандар, дубинкалары (мұндай қаруларды бірінші рет көрдім), кейбірінде иттер бар. Сол түні ерекше суық болды. Аяқ тоңған соң жылыту үшін бірде ары, бірде бері теңселіп, әрі солдаттар қоршап алмасын деп барымызша қорғану амалын ойластырып тұрдық. Бір уақытта екі-үш кісі келіп: «2-3 белсенді студент жүріңіздер, өз ойларыңызды айтыңыздар» деп қолқа салды. Мен кәсіподақтың топтағы өкілі ретінде бармақшы едім, басқалар құлағыма «Осылай шетінен әкетіп жатыр екен, барма» деп сыбырлады. Сонымен қанша келсе де бармадық. Солдаттар қайта-қайта қоршайын дейді, біз шеңберді кеңейтіп әлек болдық. Өкімет басындағы бір адам шығып түсінік бермеді. Тоңсақ та таңғы 07.00-ге дейін алаңда болдық. Барлығымыз ұйымдасқан түрде бір-бірімізді түгендеп, жатақханаға қарай жылжыдық. Мұнда алдымыздан институт басшылары қарсы алып, бізді көрді де бастарын шайқады. Бөлмеге барып, тез жуынып, сабаққа жиналдық. Кураторларымыз бәрімізді жинап, бізді №66 автобуспен институтқа алып келді.

Түгендесек, Сатыбалдиева Сәуле мен Есенқұлова Гүлнар құрбымыз, Нұрлан, тағы басқа жігіттер түнде КПЗ-ға түсіп қалыпты. Гүлнар мен Сәуле екінші күні келді. Бет, іш, аяқтың сау жері жоқ, әрең сөйлейді. Екі адам жататын камераға 40 кісідей қамаған, адамы көп автобустағыдай бір жарым тәулік тұрып тұрған… Айтқан кезде бәріміз қыздармен қосылып жыладық. Өкінішке қарай, екі қызды институттан шығарып жіберді.

Сол қысылтаяң кездерде басқалар жағынан көрсетілмеген азаматтық позицияны ССРО Халық депутаттарының 1 съезінде Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов көрсетті. Осы съездің трибунасынан Қазақстан делегаттарының бір тобының атынан 1986 жылы желтоқсанда болған Алматыдағы оқиғаларға байланысты арнаулы комиссия құру туралы ұсыныс енгізген. Ондағы ішкі істер әскерлерінің және құқық қорғау орындарының заңсыздықтарының салдарынан мыңдаған қазақ жастары зардап шекті. 1989 жылы 19 шілдеде Кремльдегі Жоғарғы Советтің отырысында Горбачев бірінші сөзді Мұхтар Шахановқа берген болатын. Сол кезде көптеген жантүршігерлік фактілер келтірілді. Бейбіт демонстранттарға қарсы Алматы көшесінде Орталық комитетінің дәл алдындағы алаңда саперлік күректер, қабаған иттер қолданып, қыздарды резина таяқтармен белден ұрып, солдаттар етігімен тепкілегенін, алаңды қанға бояғанын айтты. Мұхтар Шаханов сол кезде азап шеккен, қамауда қиналған құрдастарымызды ақтаған кезде екі құрбымыз да институтқа қайта оралды.

Сол кездегі деканымыз Ромсейіт Мұхамеджанұлы Қоянбаев курс студенттерін аудиторияға кіргізіп алып: «Сендерді аман алып қалудың бір жолы — қазір барлығың «Қатыспадым» деп қолхат жазасыңдар деп, қолхат жазғызып алды. Кейін қауіпсіздік органдары қызметкерлері талай келіп, тексеріс жүргізді. Өте қиын, қорқынышты кездер артта қалды. Бірақ бәрібір де жүректе сызылып орны қалды.

Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – ХХ ғасырдың ішіндегі ерекше есте қалатын кезең. Ол жарқ етіп өте шықса да, қазақ ұлты тарихында бір құбылыс болып қалды. Осы мереке келген сайын бір жағынан жүрегім қан жылайды. Өйткені Қайрат, Сәбира, Ләззат сияқты құрдастарымның қаншасы қыршынынан қиылды. Қазір тірі болса жастарға дария- дай ақыл беретін батагөй қария, немерелеріне жол көрсетер, жұмсақ алақанды әжелері болатын еді-ау деген ой мазалайды. Бір жағынан, бұл мерекеге қуанамын. Өйткені біздің болашағымыз Тәуелсіз мемлекетте, тұғырлы ту астында, еңселі елде өмір сүруде. Желтоқсандықтармен замандас болғанымды, Тәуелсіз ел болуға бір тамшыдай болса да үлесімді қосқанымды өмірімнің ең жарқын сәті деп санаймын.

Күлия ИСАБЕКОВА,  Екібастұз қаласы.