Жүректе өшпес із қалды…

Сәу 10, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кентінің тұрғыны Василий Московченко – жеті жылдан астам уақытын майдан даласында өткізіп, елді жаудан қорғап, бейбіт күнді сыйлаған батырлардың бірі. Таяуда ғана туған күнін атап өткен майдангер сұрапыл соғыс жылдарын еске алса, әлі күнге дейін денесі түршігіп, толқитыны бар. Сол уақыттағы қатыгездік жүрегіне өшпестей сызат салды…

Василий Гаврилович – Павлодар облысы бұрынғы Лозов, қазіргі Успен ауданының тумасы. 14 наурыз күні 98 жасқа толған мерейлі күнін жақын-дарының ортасында атап өтті. Бұл күні облыс әкімі Асайын Байханов, Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов майдангерге құрмет көрсетіп, жеңіс күнін жақындатқаны үшін ризашылығын білдірді.

Бүгінде ғасырға жуық уақыт жасаған қарияның балалық шағы болған жоқ. Оның өмірдегі бұл кезеңі ашаршылық уақытымен, кейін Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Былайша айтқанда, тойып тамақ ішкен жоқ, терең білім алған жоқ, асыр салып ойнаған да жоқ. Тұтқиылдан басталған сол бір майдан оны бірден есейтті. Өзі кіндік қаны тамған Крупское ауылында төрт
жылдық қана білім алды. Кейін соғысқа аттанған ересектердің орнына жұмысқа араласты. Ұжымшарда бөлімше меңгерушісі болды. Ал 17 жасқа толған уақытында, яғни 1944 жылдың қараша айында әскер қатарына шақырылып, майданға аттанды.

Бірінші күннен-ақ Фин соғысына араласты. Одан соң 31-артиллериялық полк құрамында Қиыр шығыстағы майданға, Жапонияға қарсы соғысқа қатысты. Майдан даласында зеңбірекші, сапер болды. Жеңіске қол жеткізіп, бейбіт заман орнағанына алты жыл толған соң ғана, яғни 1951 жылдың 8 мамырында запасқа шығарылып, елге оралды.

— Сол бір уақыт туралы сөз қозғағанды ұнатпаймын. Соғыстан келген соң да қатарластарым, кейін балаларым тәптіштеп сұрағанда бастан өткерген көп жайтты бүгіп қалдым. Талай отбасыға қайғы әкелген жылдарды еске алсам әлі күнге дейін денем дір ете түседі. Қандыкөйлек қаруластарымды ойлағанда жүрек тебіреніп, толқиды. Бар айтпағым –
бүгінгі ұрпақ біз көргенді көрмей, мәңгілік бейбіт заман болсын! – деп қайырды ардагер.

Василий Московченко туған ауылына келген соң бұрынғы жұмысын жалғастырды. Ауыл шаруашылығы саласында табан аудармастан 35 жыл еңбек етті. Тауарлы қой фермасында меңгеруші болып жұмыс істеп, мал басының көбеюі, асылтұқымды қойларды өсіруге ден қойды. 1986 жылы құрметті демалысқа шықты. Ал жалпы еңбек өтілі жарты ғасырға жуықтайды. Зейнетке шыққан соң Ақсу қаласына қарасты Қалқаман ауылына қоныс аударды. Осы уақытқа дейін аталмыш елді мекенде тұрады.

Василий Гаврилович 1951 жылы өмірлік жары Ольга Ивановнамен бас қосып, шаңырақ көтерді. Ольга Ивановна – Украинаның тумасы. Қазақстанға көшіп келген соң майдангермен таныстырып, көңіл жарастырып, ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Ол да ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, бұзау өсірді, сауыншы болды. 55 жасында зейнетке шықты.

— Біз өмір бойы ауылда тұрып, осы салада бел жазбай жұмыс істедік. Балалық шағымыз да, жастық кезең де оңай бола қойған жоқ. Соғыс басталған тұста мен небары 11 жаста едім. Кейін Қазақстанға қоныс аударып, еңбекке араластым. Күні бүгінге дейін майдангер, еңбек ардагері ретінде мемлекет тарапынан көп көмек көрсетіліп келеді. Әсіресе, шаңырақ иесіне деген құрмет ерекше. Туған күнімізде, мейрамдарда меймандар келіп, ризашылығын білдіріп, сый-сыяпат жасап жатады. Біз оған қуанамыз. Егде тартқан адамдарға одан асқан бақыт жоқ, — дейді кейуана.

Бүгінде қариялар екі баласынан 4 немере, 8 шөбере және бір шөпшек көріп отыр. Өкінішке қарай, балаларымен, немерелерімен тілдесу мүмкін болмады. Есесіне қарттарға қарайласып, үнемі жандарынан табылатын Қалқаман ауылының әлеуметтік көмекшісі Диана Наставшевамен аз-кем сөйлесудің сәті түсті.

— Мен әлеуметтік қызмет саласында алты жыл еңбек етіп келемін. Бүгінгі таңда бес адамға қарайласып, көмектесемін. Олардың барлығына күнде барамын. Ал Василий Гаврилович пен Ольга Ивановнаға ерекше назар аударуға тырысамын. Ардагерлермен көрші тұрғандықтан, жиі келіп, хал-жағдайларын сұрап, үй шаруашылығы бойынша қолғабыс етемін. Керек-жарақтарын әкеліп беремін. Бұл кісілерге өткен жылдың қыркүйек айында ғана әлеуметтік көмекші ретінде белгілендім. Соның өзінде, аз уақыт аралығында бауыр басып қалдым. Күнде көрісіп, қасында жүрген соң жақын адамдарыма айналды. Тұтас дәуірді бастан өткерген, түрлі қиындықтан қайыспай өткен, өмірлік тәжірибесі, көрген-білгені көп осындай жандардың жанынан табылғаныма қуаныштымын, — дейді ол.

Қалқаман кентіндегі мектеп мұғалімдері мен оқушылары да майдангерге құрмет көрсетуден қалыс қалған емес. Мектеп басшысы Рүстем Жақсылықовтың айтуынша, ардагерлердің туған күні, ұлттық мейрамдар, Жеңіс күнінде үйлеріне барып, мерекелік көңіл күйге бөлеуге тырысады. Шәкірттер де бейбіт күнді сыйлаған майдангермен ауылдас екенін жақсы біледі.

Василий Московченкоға майдан даласындағы ерлігі, еңбек «майданындағы» тынымсыз жұмысы мен адал қызметі үшін түрлі марапат табысталды. Олардың қатарында ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Жапонияны жеңгені үшін» медалі, Ұлы Жеңістің 30, 40, 50 60 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков», «Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов»  медальдары, «Еңбек Қызыл ту» ордені, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдары, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің социалистік сайысы үздігі» белгісі және тағы басқалары бар.

Осындай ерлердің ерлігі, өмір жолы ұмытылмақ емес. Ақсулық ардагерлердің жанқиярлығы, отансүйгіштігі, еңбекке деген құлшынысы, ауылға деген адалдығы өскелең ұрпаққа үлгі боларлық. Осындай азаматтар арамызда ұзақ өмір сүрсін дейміз.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.