Ел тұрғындарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары үздіксіз қолға алынуда. Бұл ретте, аймағымызда атқарылып жатқан игі істер аз емес екенін атап өткен жөн. Әсіресе, мүгедектігі бар жандарды, жас мамандарды, зейнет жасындағыларды жұмысқа орналастыруға баса мән берілуде.
Аймақтағы ахуал тұрақты
Бұған дейін хабарлағанымыздай, облысымызда 2025 жылға арналған жұмыспен қамтудың өңірлік картасы бекітілген болатын. Сол бойынша биыл жыл соңына дейін 25,5 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар сәтті жүзеге асуда. Соның ішінде жарымжан жандарды еңбекпен қамтып, лайықты жұмысқа орналастыру ісіне баса мән берілуде. Мәселен, жақында Ақсу қаласындағы отыздан астам адам екі қолға бір күрек тапқан. Бұл туралы «Кедергісіз келешек» атты партиялық жоба аясында Ақсу қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Мансап орталығы және басқа да ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен жарымжан жандарды жұмыспен қамтуға арналған кездесу барысында белгілі болды. «AMANAT» партиясы Ақсу қалалық филиалының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша ағымдағы жылы кеншілер шаһарында мүгедектігі бар азаматтарға 117 жұмыс орнын ұсынуға мүмкіндік бар. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлмира Гафурованың хабарлауынша, қазіргі кезде бұл жұмыс орындарының жартысына жуығы иелерін тапқан. Осы санаттағы жандардың басым бөлігі қоғамдық жұмыстарға тартылған. Тұрақты жұмысқа орналасқандар да баршылық. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік жұмыс орындарына және «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» жобалары бойынша жұмысқа орналастыруға болады, дейді мамандар. Дәл осындай мүмкіндіктер облысымыздың өзге өңірлерінде де жүзеге асуда. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» тапсырмасын орындай отырып, жыл соңына дейін 8 мыңға жуық адамды еңбекпен қамту жоспарланған. Сонымен қатар, аймағымызда «Ауыл аманаты» жобасы табысы жүзеге асып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мол мүмкіндіктер берілуде. Ал нәсібін кәсіптен тапқысы келетіндерге де жағдай жасалған. Биыл өз бизнесін бастағысы келетін әлеуметтік санатқа жататын 400-ден астам азаматқа қайтарымсыз грант үлестірілмек.
Жалпы, жыл соңына дейін облысымызда тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткіші жоспарланған межеге жетеді деген үміт бар.
Елдегілердің есебі түгел
Республика бойынша да жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары табысты іске асуда. Мәселен, биыл жыл басынан бері 293 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан. Соның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарына Мансап орталықтары арқылы 129,8 мың адам жіберілген. Олардың қатарында әлеуметтік жұмыс орындарына — 11,5 мың,
«Жастар тәжірибесіне» — 9,1 мың, қоғамдық жұмыстарға — 91,7 мың, «Күміс жас» жобасына — 14,8 мың, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 2,6 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шеңберінде 90 адам жұмысқа тартылды. Сондай-ақ, еңбек нарығындағы сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 48,5 мың жұмыссыз қамтылып, 45,3 мыңы оқуын аяқтаған. Бұдан бөлек, 34,6 мың адам «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, 19 мың адам сертификат алған. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің өтініші бойынша кәсіптік оқытуға 4 610 адам жіберіліп, бүгінде оның 900-ге жуығы оқуын аяқтаған екен.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері елде еңбек еткісі келетіндерге барлық жағдай жасалып жатқанын алға тартуда.
Төлем кімге тиесілі?
Елімізде жұмыссыздарды еңбекпен қамтумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да айрықша назар аударылуда. Осы орайда қазақстандықтардың жұмыстан шығып қалу себептеріне қарамастан, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алу мүмкіндігі бар екенін айта кеткен жөн. Аталмыш министрліктің міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры жолдамаларды қарау департаментінің директоры Самал Тоқсанғазина:
— Уақытша жұмыссыз жүрген қазақстандықтар үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем қарастырылған. Оны тағайындау үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу және жұмыссыз ретінде ресми түрде тіркелуі қажет. Төлем жұмыстан шығу себебіне қарамастан төленеді және жұмыссыз адамды жұмыс іздеп жүрген кезеңде қолдауға арналған, — дейді. Оның айтуынша, төлем мөлшері әр адамға жеке есептеледі.
— Жұмысшының кейінгі екі жылдағы кірісіне және мемлекеттік әлеуметтік сақ-тандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Төлем мерзімі 1 айдан 6 айға дейін қарастырылады. Оны алу үшін өтінішті жұмыссыз ретінде тіркелген кезде enbek.kz және egov.kz порталында немесе Мансап орталығында және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы да өтініш беруге мүмкіндік бар, — дейді департамент директоры.
Айта кетерлігі, бұл төлемді алу үшін өтінішті жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап 12 айдың ішінде беруге рұқсат. Ал қорға төленген әлеуметтік аударымдарды enbek.kz порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы және халыққа қызмет көрсету орталығынан білуге болады.
Нұржайна ШОДЫР.