Облысымызда жыл сайын шамамен 11 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркеледі. Оларға мемлекет тарапынан 6 ай көлемінде әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем беріледі.  Сонымен қатар, жұмыспен қамтуға жауапты органдар азаматтың мамандығын, еңбек өтілін ескере келе, түрлі жұмыс орнын ұсынады. Алайда кейбірі одан бас тартып, мемлекеттен берілетін төлемақыны алуды қалайды. Бұл қаншалықты дұрыс? Сол арқылы тұрғындарды жалқаулыққа итермелеп жатқан жоқпыз ба? Бұл мәселе таяуда қоғамның қызу талқысына түсті. Аталмыш мәселені біз де «Алаңда» саралап көрдік.

Анас БАҚҚОЖАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаты (пікір интернеттен алынды):

— Аймақтарда «Жұмыссыздармен не істеу керек?» деген мәселе көтеріліп жатыр. Өңірлердегі азаматтар бізге жұмыс орындары көп екенін айтады. Қазір шаруалар бір сақманның өзіне еңбек ететін адам таба алмай жатады. Қаншама жұмыс дайын тұр, бос орындар жетерлік. Бірақ ауданда жұмыссыз деп тіркеліп, мемлекеттен көмек алып отырғандар қаншама?! Ауылдық тұрғындарды жалпы жұмыссыз деп есептеу қаншалықты орынды? Иә, егер мүгедектігі бар азаматтар болса, жұмыс істеуге ешқандай мүмкіндігі болмаса, көпбалалы болса – онда түсінікті. Бірақ он екі мүшесі сау, жұмыс істей алатын азаматтар өтемақыға отырып алған. Жұмыс көп, дегенмен ешкім бармайды. «Бұл жалқаулықты, теріс дүниені насихаттамай ма?» деген заңды сауал туындайды. Жұмыссыздық бойынша төленетін өтемақының ары қарай саясаты қалай болмақ? Осындай өтемақының орнына шағын несие беріп, адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік берсек, оң нәтижесін берері сөзсіз. Айталық, «Ауыл аманаты» бойынша биыл бөлінген 100 млрд теңгенің тек 5 млрд теңгесі жұмыссыздарға берілген деген ақпарат алдым. Қалған 95 млрд теңге әлі де үлестірілмеген. Осындай қомақты сомаларды жұмыссыз жүрген, мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартқан азаматтарға берсек, әлдеқайда дұрыс болар еді. Әйтпегенде, үйде отырып-ақ ел қазынасының қаржысынан дәмету дұрыс емес.

Нұрлан БЕГЕЖАНОВ, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

— Түрлі себепке байланысты жұмыссыз атанған азаматтар мемлекет назарынан тыс қалмайды. Оларды еңбекке тарту, тұрақты табыспен қамту үшін түрлі жобалар бар. Айталық, жұмыссыздарға «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» сынды бағдарламалар, қоғамдық жұмыстар дайын. Сол сияқты мүгедектігі бар азаматтарға арналған жұмыс орындары, жастарға жеңілдетілген шағын несие беру, «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары қарастырылған.

Жалпы, жұмыссыз қалған адамдарға бір күн ішінде тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік, қоғамдық және кәсіптік бағытта жұмыстар ұсынады. Уақытша қоғамдық жұмысқа тартылған жандарға ең төменгі жалақы – 85 мың теңге беріледі. Мұндай жұмыстарға әдетте жоғары, орташа білімі жоқ адамдар тартылады. Ал жоғары білімді азаматтарға әлеу-меттік және кәсіптік салалар бойынша қызметтер қарастырылып, жала-қысын жұмыс берушінің өзі төлейді. Тұрақты табысынан айырылған азаматтарға жұмыспен қамту мекемелері ұсынған істен бас тартуға болмайды.

Жанар МҰСТАФИНА, Павлодарқаласының тұрғыны:

 

— Қазіргі қымбатшылық қос бүйірден қысқан уақытта ешкімнің де жұмыстан тектен-тек айырылмайтыны анық. Керісінше, бірнеше жұмысты қатар алып жүріп, табысын еселеуге тырысады. Айтпағым, жұмыссыз деп тіркелген азаматтардың әрқайсысының өзіндік себебі бар деп ойлаймын. Өздерінің көңі  ліне жаққан, жалақысы ойға қонымды қызмет тапқанға дейін мемлекет тарапынан өтемақы алуының еш әбестігі жоқ. Бұл – бүтін бір отбасыға көрсетілетін демеу, қолдау.

Ал жұмыспен қамтуға жауапты мекемелер кей кездері адамның білім-біліктілігін ескерместен, жұмыссыздар санын азайту мақсатында түрлі орын ұсынып жатады. Жасыратыны жоқ, басым бөлігінің айлығы төмен. Бүгінде 85 мың теңгеге отбасын асырау мүмкін емес. Бұл ретте жұмыссыздар тізіміндегі азаматтардың қалауын да ескерген дұрыс деп ойлаймын. Көңілден шықпайтын жұмысты атқарса, оның сапалы болуы екіталай. Сондықтан ұсынған жұмыстан бас тартқандарды кінәлау әсте дұрыс емес. Керісінше, көмек көрсеткен абзал. Мәселен, жұмыссыздар тізімінде тұрған азаматтарды несие төлеуден уақытша босатса, қарыздық жүктемелерді азайтса әлдеқайда орынды болар еді. Жұмыссыз азамат етек-жеңін жинап, тұрақты табыс алғанға дейін сондай қолдау шараларын қарастырған абзал.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.