Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған орай бүгінде елдегі кәсіптік білім беру саласын реформалау, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыру жұмыстары қызу басталып кетті. Сонымен, бұл бағытта нақты қандай іс-шаралар қолға алынбақ? Жұмысшылар мәртебесі қалай көтеріледі? Маман тапшылығы мәселесі қалай шешіледі? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Жол картасы әзірленуде

Ел Президентінің тапсырмасына орай келесі жылы жұмысшы мамандықтардың санын көбейтіп, сапасын арттыруға басымдық берілмек. Қазіргі таңда ҚР Оқу-ағарту министрлігі жұмысшы мамандықтар жылына орай кәсіптік білімді трансформациялауға бағытталған жол картасын әзірлеуде. Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, сол бойынша бірінші кезекте өңірлер экономикасының құрылымына талдау жүргізіліп, 4 макроөңір анықталған. Олардың даму бағыттары белгіленген. Осыған сәйкес 195 колледж таңдалып алынған. Аталған оқу орындарының мемлекеттік білім беру тапсырысы аймақ экономикасына бағытталады деп жоспарлануда. Екіншіден, технологиялық көшбасшы колледждерді дамыту көзделген. Бұл мақсатта министрлік бағалау жүйесінің жобасын әзірледі. Сол бойынша халықаралық тәжірибе зерделеніп, рейтингтік бағалау жүргізілмек. Оның бір көрсеткіші — колледждердің халықаралық салалық талаптарға сай бағалаудан өтуі.

— Үшінші бағытымыз — білім мазмұнын қайта қарап, халықаралық талаптарды енгізу. Бүгінде еліміздегі колледждер осындай стандарттар енгізіп, түлектер тиісті мамандықтар бойынша сертификаттаудан өтіп жатыр. Сонымен қатар, педагогтердің әлеуетін көтеру жұмыстары жүзеге асырылады, бұнда педагогтердің кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуі және өнеркәсіптен мамандарды тарту көзделген. Төртіншіден, тиімді басқару жүйесін қалыптастыру қарастырылған. Яғни, басқарушы корпусты даярлау жалғасады. Бесіншіден, бұл — техникалық және кәсіптік білім берудің қаржылық моделінің жаңаруы. Осы тұрғыда жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру базалық бөлімнен және жаңа ынталандырушы төлемнен тұрады. Қазіргі кезде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың жаңа әдістемесінің жобасы Қаржы министрлігімен бірлесіп пысықталуда, — деді Оқу-ағарту министр министрі Ғани Бейсембаев.

Колледждер қамқорлыққа алынады

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында кадрлық әлеует – елдің табысты дамуының кілті екенін айтып, сол үшін кәсіпті дұрыс таңдаудың маңызын атап өткен болатын.

— Осыған байланысты министрлік мамандықты саналы және еркін таңдауға бағытталған «Маман» ұлттық бағдарламасының жобасын әзірледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты – оқушылардың қызығушылықтарын айқындай отырып, еңбек нары-ғының сұранысына сәйкес келетін бағыттарын дамыту, — деп атап өтті Ғ.Бейсембаев. Оның айтуынша, бүгінде кадрлар даярлау ісіне жұмыс берушілерді тартуға бағытталған іс-шаралар табысты жүзеге асуда. Бұл мақсатта бизнес пен колледж арасында тығыз қарым-қатынас орнату үшін колледждерді қамқорлыққа алу мәселесі оңынан шешілуде. Қазіргі күні 518 кәсіпорын 410 колледжді қамқорлығына алған. Сөйтіп, аталған кәсіп-орындарға материалдық-техни-калық базаны жабдықтаумен қатар, өндірісте жүйелі тәжірибе ұйымдастыру міндеті де жүктелген.

— Бүгінде 551 колледжде 91 мыңнан астам студент дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алуда. Ал 2029 жылы 160 мыңға жуық студентті қамтитын боламыз. Еңбек кодексіне сәйкес дуалды оқытудағы тәжірибелік кезең студенттің еңбек өтіліне есептеледі. Сонымен қатар, жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорын-дардың нысаналы тапсырысы бойынша кадрларды даярлау жүзеге асырылып отыр. Қазір
30 мыңнан астам студент оқыса, 2029 жылы 80 мың студентті қамту көзделген, — деді министр.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі күні кәсіптік-техникалық білімі бар мамандықтарға деген сұраныс артқан. Тіпті, жоғары білімді түлектерге деген қажеттіліктен 70 пайызға көп екені анықталған.

Мәртебе көтеріледі

Жастардың жұмысшы маман-дықтарға деген қызығушылығын арттыру үшін осы сала мамандарының мәртебесін көтеру керек екені сөзсіз. Президент Жолдауында жұмысшы кәсіптері мен түрлі сала мамандарының беделін дәйекті түрде арттыруды тапсырған болатын. Оның бір жолы – марапаттау. Маңызды құжатта мемлекеттік наградалар жүйесіне инженерлер, геологтар, кен орындарын әзірлеушілер, көлік, аграрлық және су салаларының қызметкерлері, сондай-ақ ғалымдар мен өнертапқыштар үшін құрметті атақтар енгізу жөнінде жазылған. Бұл бағытта қолға алынып жатқан іс-шаралар жайлы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратында:

— Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін тиісті салалық мемлекеттік органдар жоғарыда аталған кәсіптер бойынша жаңа құрметті атақтар енгізу жөнінде ұсыныстар береді. Сонымен қатар, Жолдауды іске асыру үшін жыл сайын жалпыұлттық іс-шаралар жоспары жасалады. Жоспар және тиісті бекітулер бекітілген соң, мемлекеттік органдар жұмыс жүргізеді, — делінген. Демек, болашақта жұмысшы мамандықтарына арналған жаңа марапаттар берілетін болады.

Айта кетерлігі, қазақстан-дықтар экономикадағы, әлеу-меттік саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегі және мемлекеттік қызметтегі еңбек жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Ал еңбек адамының беделін арттыру мақсатында «Еңбек ардагері» медалі мен «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары белгісі бекітілген.

Жалақы өседі

Президенттің келесі жылды жұмысшы мамандықтарға арнауы тегін емес. Себебі, еліміздің энергетика, құрылыс, басқа да негізгі салаларында маман тапшылығы қатты сезілуде. Оны шешу үшін жұмысшылардың еңбекақысын көтеру көзделуде.

— Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаумен қатар, олардың мәртебесін көтеруді ұсынды. Еңбек заңнамасына сәйкес Еңбек министрлігі мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысын реттейді, — делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратында. Бұл дегеніміз, Еңбек заңына сәйкес жұмысшы мамандық иелерінің жалақысы өсетінін білдіреді.

Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осыдан екі жыл бұрын елдегі бюджет саласы қызметкерлерінің жекелеген санаттарының, оның ішінде жұмысшы мамандықтардың жалақысы жылына орта есеппен 20%-ға кезең-кезеңімен көтерілуде. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге артады, дейді мамандар.

Тапшылық бар

Бүгінгі таңда елімізде жұмысшы мамандарға деген қажеттілік 52,7 мың адамды құрап отыр. Сарапшылардың зерттеуінше, 2030 жылға қарай 410,6 мың жұмысшы кадр қажет болады деген болжам жасалуда. Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие мамандықтар – автомобильдердің, жүк автомо-бильдерінің жүргізушілері, такси жүргізушілері – 88,1 мың адамды, дәнекерлеушілер – 18 мың адам, құрылысшы-монтажшылар, құрылысшы-әрлеушілер, суретшілер – 13,4 мың адам, сантехниктер – 13,2 мың адам, фермерлер мен аралас өнімдерді өндіру бойынша жұмысшылар – 12,4 мың адам, сылақшылар – 11,2 мың адам, тракторшылар – 11 мың адам, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарлары – 8,2 мың адам және басқалары бар. Сонымен қатар, электронды еңбек биржасы порталында жұмысшы мамандарына жұмыс берушілерден 15 722 бос жұмыс орындары жарияланған.

Міне, осыншама сұранысты қамтамасыз ету үшін елімізде жұмысшы мамандар даярлаудың маңызы зор.

Нұржайна ШОДЫР.