Жыл басында «Майқайың-алтын» кен орнындағы төтенше жағдайға байланысты кеніштегі шикізат қоры таусылып, кәсіпорын жұмысы тоқтатылған еді. Таяуда кен өңдеу фабрикасы іске қайта кірісті. Дей тұрғанмен, кен өндіру жұмыстары әлі басталған жоқ.

 

Осыдан екі ай бұрын «Майқайың-алтын» кен орны аумағында оқыс оқиға орын алып, опырылып түскен шұңқырға төрт адамы бар автобус құлағаны белгілі. Бұған дейін екі азаматтың денесі шығарылса, екі құтқарушы мен автобус әлі табылған жоқ. Бұл уақытта кен орнының қорында болған шикізат та таусылды.

Сол себепті кәсіпорын жұмыс-шыларының бір бөлігінің жұмысын тоқтатуға тура келді. Сөйтіп, қызметкерлердің дені уақытша жұмыссыз қалды. Кәсіпорын басшылығы бұл аралықта оларға жалақының тең жартысын төлеуге уәде берді.

Ал таяуда облыс әкімі Асайын Байханов қызметкерлерді жұмыспен қамту және толыққанды ақылы жұмыс кестесіне көшіру мақсатында «Майқайың-алтын» АҚ кен өңдеу фабрикасы өндірістік қызметін қайта бастағанын хабарлады.

— Алайда, кеніштің өзінде кен өндіру жұмыстары әлі басталмағанын атап өткім келеді. Өйткені тау-кен аумағында арнайы комиссия анықтаған ескертулер барынша жойылуда. Бұған қоса, өндіріске арналған шикізат қорын аймақ пен еліміздің басқа кен орындарынан жеткізу басталды, — деді аймақ басшысы.

Аталмыш шаралар фабриканың 700-ден астам қызметкерін толық жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.

Өз тілшіміз.