Аққулы ауылында Республика күні қарсаңында «Жігер» спорт алаңының ашылу салтанаты өтті. Бұл — аудан орталығында тұңғыш рет бой көтерген аумағы үлкен спорт кешені. Жергілікті халықтың қуанышына біз де ортақтасып қайттық.

Футбол, волейбол, баскетбол және жаттығу алаңдары қарастырылған спорттық кешен Қамзин көшесінде орын тепкен. Аталған көше тұрғындары спорт алаңының ашылу салтанатына асыға жиналды. Бұл күні ауыл жастары арасында футбол және волейболдан жарыс ұйымдастырылып, келушілер жергілікті спортшылардың ойынын тамашалады.

Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Лаура Құмарованың айтуынша, аталған жоба бірнеше жыл бұрын жоспарланған. Қаражат болмағандықтан спорт алаңының құрылысы жылдар бойы кейінге шегеріліп келген. Былтыр жоба облыстық бюджетте қайта қарастырылып, қажетті ақша бөлінген. Нәтижесінде тұрғындардың тілегі бар болғаны екі айдың ішінде орындалған.

— Аудан бойынша аумағы ең үлкен спорт алаңы облыстық қазына есебінен бой көтерді. Бұл бағытқа 138 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Кешен орналасқан Қамзин көшесінде жасанды футбол алаңы бар еді. Жастар, оқушылар күні-түні футбол ойнаудан алдына жан салмайтын. Сондықтан ірі жобаны осы көшеге орналастыру жөнінде шешім шығарылды. Аққулы ауылының орталығында футбол алаңы мен мектеп ауласында стадион бар. Жергілікті жастарымыздың облыстық, республикалық деңгейде спорттық шараларда жетістікке жетіп жүрген жастар көп, — дейді Лаура Ерсайынқызы.

«Жігер» спорт алаңының тұсаукесер рәсімін жасау құрметі ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт қайраткері, Аққулы ауданының Құрметті азаматы Нұрлан Оразалиновқа, білім беру саласының ардагері Тоқтамыс Кенжеғалиевке, аудандық мәслихаттың төрағасы Алма Қасымоваға және жас футболшы Бекдәулет Шыңғысқа берілді.

— Көптен күткен спорт алаңы ауыл игілігі үшін ашылып отыр. Баршамызға қайырлы, құтты болсын. Биыл аудан бойынша спорт саласына ерекше көңіл бөлінуде. Алты ауылда шағын футбол алаңдары бой көтерді. Игі бастама жастар мен оқушыларға салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік береді. Балаларымыз бос уақытын тиімді өткізеді деген ойдамыз. Болашақта елдің намысын қорғайтын футболшылар шығады деген үміттеміз. Жергілікті халықтан жаңа спорт алаңдарына ұқыппен қарап, жабдықтарды қиратпауды сұраймын, — деді Алма Жантемірқызы.

Ашылу салтанатында ауыл үлкендері шашу шашып, жергілікті өнерпаздар ән шырқады. Сонымен қатар, алаңдағы алғашқы ойын жеңімпаздары анықталып, оларға сый-сыяпат көрсетілді.

 

Әлима ШАЙМАҒДАНОВА:

— «Жігер» спорт алаңының ашылуына отбасымызбен келдік. Жолдасым ауылда өрт сөндіруші болып еңбек етеді. Өзім мектепте мұғаліммін. Кішкентай қызым екеуміз жолдасым ойнаған футбол командасына жанкүйер болдық. Біздің көшеде осындай үлкен алаңның бой көтергеніне қуаныштымын. Енді ауыл жастары спорт алаңы аумағында денені шынықтырып, серуендейтін болады.

 Айдана ҚУАНЫШЕВА,  Аққулы ауданы.