Заманауи қонақ үй салынады

Мам 2, 2025

Облыс орталығында кезінде «дүркіреп» тұрған, кейін бизнес орталыққа айналған «Қазақстан» қонақ үйін бұзу жұмыстары басталды. Бұған дейін мұндағы кабинеттерді жалға алған жеке кәсіпкерлер көшіріліп, бүгінде барлық дерлік терезесі алынды. Енді оның орнына заманауи талаптарға сай кешен салынбақ.

Академик Сәтбаев – Естай көшелерінің қиылысында өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары салынған бұл ғимарат кезінде меймандар жиі тұрақтайтын орын болатын-ды. Кейін ол бағытын ауыстырып, «Қазақстан» қонақ үйі емес, бизнес орталығына айналды. Мұнда түрлі тауарлар сатылып, қызмет көрсетілді. Ал осыдан біраз уақыт бұрын жалға алушыларға орынды босатуға тура келді. Себебі ескі қонақ үйдің орнына жаңа мейманхана салынбақ. Атап айтқанда, «Novotel» халықаралық брендінің қонақ үйі пайда болады. Бүгінде құрылыс алдындағы дайындық қызу жүріп жатыр.

Жоспар бойынша, ауданы 10 мың шаршы метрден асатын 10 қабатты ғимаратта 120 заманауи бөлме, фитнес-орталық, SPA-аймақ, мейрамхана, келіссөздер бөлмесі және конференц-залдар болады. Инвестиция көлемі 7 млрд теңгені құрамақ.

Облыс әкімі баспасөз қызме-тінің мәліметінше, таяуда аймақ басшысы Асайын Байханов «Orient Group KZ» ЖШС құрылтайшысы Руслан Шаекинмен кездесіп, қонақ үй салу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру мәселелерін талқылады. Айта кетейік, «Novotel» — негізі 1967 жылы қаланып, қазір әлемге өзінің жайлы және заманауи қонақүйлер желісімен танымал ірі кешен.

— Бұл — біздің өңірдегі осындай деңгейдегі туризм және қонақ үй бизнесі саласындағы алғашқы жоба. Туристік инфрақұрылымды дамыту — басым бағыттардың бірі. Халықаралық деңгейдегі қонақ үйдің бой көтеруі Павлодар облысының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін маңызды қадам болатынына сенімдімін, — деп атап өтті Асайын Байханов.

Өз кезегінде Руслан Шаекин жобаны Павлодарда іске асыруға қуанышты екенін білдіріп, құры-лыстың жоғары сапасына және барлық мерзімдердің сақталуына кепілдік берді.

Ал бұл уақытта ескі ғимарат бұзылуда. Бұл жұмыстар маусым айында аяқталуы тиіс. Кейін оның орны құрылыс алаңына айналады. Жоспар бойынша, жаңа кешен 2027 жылы қолданысқа тапсырылады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.