Әлеуметтік желіде ел тұрғындары бұдан былай зейнетақы қорындағы ақшаны тіс емдеуге пайдалана алмайды деген ақпарат тарады. Оған сүйенсек, 15 қыркүйектен бастап enpf-otbasy.kz платформасы қордағы қаражатты стоматологиялық қызметке жұмсау жөніндегі өтініштерді қабылдамайды делінген. Аталған уақытқа дейінгі түскен өтінімдер штаттық режимде қаралмақ. Өзекті мәселенің анық-қанығын білу мақсатында «Отбасы банк» АҚ Павлодар облыстық филиалының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің менеджері Мейрам Бағадатовпен тілдескен болатынбыз.
— Мейрам Қайратұлы, осы аптадан бастап зейнетақы қорындағы қаражат тіс емдеуге қабылданбайтыны рас па? Мұндай шешім қайдан туындады?
— Иә, әлеуметтік желіде таратылған ақпарат жалған емес. Осыдан бір жыл бұрын Отбасы банк қызметтік тексеріс жүргізу кезінде емделушілердің тіс емдеуге өтініш беру барысында жалған құжатты пайдаланудың бірнеше дерегін анықтады. «Отбасы банк» бірреттік зейнетақы төлемін пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор ретінде осы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл мәселе бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бірреттік зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын қатаңдатты. Мұндай өзгеріс ағымдағы жылдың 27 сәуірінде күшіне енді. Осы уақыттан бастап Отбасы банк зейнетақы жарнасын тіс емдеуге пайдаланушылардың жағдайына талдау жүргізіп, бір қорытындыға келді. Аталмыш мәселе бойынша Үкіметте Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қаржы министрлігі және Қаржы мониторингі агенттігінің қатысуымен бірқатар жиын өткізілді. Оның нәтижесінде ағымдағы жылдың
15 қыркүйегінен бастап 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге өтініш қабылдау уақытша тоқтатылды.
15 қыркүйекке дейін түскен өтініштер әдеттегі тәртіппен қаралады.
— Бұл өзгеріс тұрғындардың зейнетақы қорындағы бірреттік төлемді стоматологиялық қызметке емес, басқа мақсатқа жұмсағандығынан енгізіліп отыр дедіңіз. Жалған фактілерге тоқталып өтсеңіз…
— 2021 жыл мен 2025 жылдың 20 тамызы аралығында Отбасы банкінің enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек «Стоматологиялық қызметтер» бағыты бойынша жалпы сомасы 757 млрд теңгеге 795 424 транзакция жасалған. Талдау көрсеткендей, бұл соманың 222,61 млрд теңгесі танымал саналатын ТОП-20 стоматологиялық клиникаға түскен. Бұл тіс емдеу мекемелерінің жартысы Атырауда, қалғандары Алматы мен Астана қалаларында орналасқан. Белгілі болғандай, тек Атырауда орналасқан бір клиникаға азаматтар зейнетақы жинағынан 22,9 млрд теңге аударған. Тағы бір тұрғын БЖЗҚ-дағы қаражатты тіс емдеуге пайдалану үшін
11 мәрте өтініш берген. Нәтижесінде, стоматологиялық қызмет үшін 32,6 млн теңге қаражат алған. Қазір бір имплант пен тіс орнатудың орташа құны 500 мың теңге деп есептесек, әлгі қаражатқа 65 имплант қоюға болады. Тағы бір жағдайда тұрғын қордағы қаражатқа тісін емдетуі үшін 27 рет өтініш берген. Нәтижесінде стоматологияға 13,1 млн теңге аударылған. Ел тұрғындарының басым көпшілігі Атыраудағы тіс клиникаларын таңдаған. Сонымен қатар, тұрғындар банкке құжат тапсырған сәтте жалған анықтама әкелген. Осы фактілердің бәрі БЖЗҚ-дағы қаражаттың мақсатсыз пайдаланғанын көрсетеді.
— Анықтамалардың жалған екенін қалай аңғардыңыздар?
– Стоматологиялық клиника-лармен жасалған келісімшарттар жалған болып шықты. Яғни, құжаттағы мөр, қол қою мен тұтынушының жеке дерегі қолдан жасалған. Мәселен, бірнеше адамның тісін емдеу кезінде бірдей 3D-суреттер берілген. Дәрігерлік комиссия қорытындылары да қолдан жасалған. Өйткені, бұл анықтама тұрғылықты мекенжай бойынша емес өзге қалалардан берілген. Тіпті, кейбір стоматологиялардың заң аясында жұмыс істемейтіні де белгілі болды. elicense.kz сайтында лицензиясы жоқ стоматология-ларға да қор қаражаты аударылған. Стоматологиялармен келісімшарт жасалғанымен олар ешқандай тіс емдеу шарасын жүргізбегені де дәлелденді. Күдік тудырған материалдарды банк құқық қорғау органдарына жолдады. Белгілі болғандай, Қаржы мониторингі агенттігі бірқатар стоматологиялық клиникалардың зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдалануына байланысты тексеру жұмыстарын жүргізуде.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана ҚУАНЫШЕВА.