Зейнетақы жүйесі: нені білген жөн?

Ақп 20, 2025

Әдеттегідей биыл да жыл басында зейнетақы мөлшері артты. Алайда азық-түлік бағасы ай сайын аспандап тұрғандықтан зейнеткерлер үшін зейнетақы мөлшерінің өскені соншалықты сезіле қоймағаны шындық. Осыған орай жауапты мекемелер ел тұрғындарына есеп беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен, ағымдағы жылы зейнетақының орташа мөлшері неше теңге болып белгіленді? Бұл мақсатқа қазынадан қанша қаражат қарастырылды? Жалпы, зейнетақы қалай есептеледі? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Қалай есептеледі?

Қазіргі таңда Павлодар облысында 122 мыңнан астам зейнеткер бар. Ал ел бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 445 мың адамды құрайды. Оларға жыл басынан бері 346 млрд теңге мөлшерінде зейнетақы төленген. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 111,8 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы үшін 234,2 млрд теңге бөлінген.

— 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 248 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 95 789 теңге, базалық зейнетақы – 47 459 теңге, — делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан хабарламада.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедованың айтуынша, биыл базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрінің мөлшері Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5 пайызға, ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға ұлғайған. Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ең жоғары – 120 пайызға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылуда. Мысалы, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты 65 пайыздан 70 пайызға дейін артты. Яғни, бұл 32 360 теңге болып, оның ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 105-тен 110 пайызға дейін көбейіп, 50 851 теңгені құрады деген сөз.

— 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз. Бұл ретте, 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады, — делінген министрлік ұсынған ақпаратта.

Ескерте кететін тағы бір жайт, егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілі небары 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлдем жоқ болған жағдайда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең болып, ары қарай 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға ұлғайып отырады. Егер еңбек өтілі 20 жылға толса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 90 пайызын құрайды. Ал еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 110 пайыз деңгейінде есептеледі. Ал көптен бері жұмыс істеп келе жатқан азаматтардың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты есептеледі.

Мамандар міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткендегі базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері де соғұрлым көп болатынын ескертеді.

Қаржы бақылауда

Жасыратыны жоқ, зейнетақы жүйесіне қатысты мәселе көп. Соның бірі – зейнетақы активтерін тиімді басқару тетігі. Осы жағдайға алаңдаған сенаторлар жақында қазақстандық қаржыгерлермен бірге дөңгелек үстел отырысын өткізген болатын. Онда қатысушылар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық стратегиясын, салымшылардың мүддесін және зейнетақы активтерін басқару тетіктерін жетілдіру жолдарын жан-жақты талқылады. Зейнетақы жинақтарын тиімді инвестициялау зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды фактор екенін алға тартқан Сенат комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов:

— Зейнеткерлік жасқа дейінгі жинақталған қаражаттың жай ғана шотта сақталмай, көбейіп отыруы үшін оны тиімді инвестициялау қажет. Зейнетақы жинақтарын инвестициялаудың тиімділігі азаматтардың зейнетақымен қамсыздандырылу деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл мәселе әрдайым қоғам үшін өзекті болып қала бермек, — деді. Аталмыш жиында бас қосқан сарапшылар мен депутаттар зейнетақы активтерін басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірлеп, оны іске асыру үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолдайтынын мәлім етті.

Зейнетақы жинақтары туралы әңгіме қозғалғанда көпшілік тарапынан салымшылардың келісіміне қатысты сұрақ туындайтыны заңдылық. Осы мәселе бұған дейін де ел арасында жиі көтеріліп жүргені белгілі. Бұл сұраққа жауап берген Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов:

— Әлеуметтік кодекс пен Ұлттық банк туралы заңда Ұлттық банк зейнетақы активтерін сенімгерлік негізде басқарушы болып бекітілген. Бүгінгі таңда зейнетақы қорында 22 трлн теңгеден астам ақша бар. Ұлттық банктің міндеті – қордың шынайы табыстылығы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,6 пайыз болғанда, БЖЗҚ табыстылығы 17,84 пайыз болды. Сонда біз салымшыларға шынайы мәнде 9 пайыз табыс әкелдік деген сөз, — деді. Сондай-ақ, ол зейнетақы активтерін басқару қызметі барынша ашық екенін атап өтті. Оның айтуынша, ай сайын бүкіл операциялар туралы ақпараттар қордың ресми сайтында жариялануда.

Демек, салымшылардың зейнетақы қорындағы қаражаты сенімгерлік басқаруда әрі оған алаңдауға еш негіз жоқ екенін атап өткен жөн.

Нұржайна ШОДЫР.