Зейнетақы мен жәрдемақы өседі

Жел 4, 2025

Әдеттегідей келесі жылы да, яғни тура бір айдан кейін зейнетақы мен жәрдемақылардың көлемі өседі деп жоспарлануда.

Нақтырақ айтқанда, «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемі – 4 325 теңге, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 69 049 теңге, күнкөріс деңгейі (ЕТКД) – 50 851 теңге, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге, жалақының ең төменгі мөлшері  85 000 теңге  болып белгіленеді.

Мамандардың айтуынша, осы өзгерістерге байланысты 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбек сіңірген жылдар үшін және жасына байланысты  зейнетақы төлемдерінің мөлшері алынатын мөлшерден 10,5%-ға артатын болады. Ал жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 55 АЕК-ке (237 875 теңге) дейін өседі. Сондай-ақ, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексінің 205-бабына сәйкес, ЕТКД-нің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді. Сонымен қатар, мүгедектігіне және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты мемелекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақының, мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік төлем-ақы, І топ мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын жанға берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері ЕТКД-нің ұлғаюына байланысты (50 851 теңге) көбейді.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін 2026 жылғы 1 қаңтарынан бастап арттыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10%-ға ұлғаймақ.

Осылайша, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап АЕК мөлшерінің артуына байланысты 11 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері өсетін болады.

Сонымен, 2026 жылы кім қанша теңге жәрдемақы алатынына тоқтала кетер болсақ, «Алтын алқа» иегерлері – 31 997 теңге (7,4 АЕК), «Күміс алқа» иегерлері – 27 680 теңге (6,4 АЕК) алады. Ал 4 баласы бар отбасына – 69 265 теңге (16 АЕК), 5 балаға – 86 598 теңге (20 АЕК), 6 балаға – 103 930 теңге (24 АЕК), 7 балаға – 121 263 теңге (28 АЕК), 8 және одан көп балаға (әр балаға 4 АЕК мөлшерінде) кемінде 138 596 теңге тағайындалады. Сондай-ақ, бала туғаннан кейін әйелдер жұмыс істесе де, істемесе де біржолғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Жөргекпұл сомасы бала кезегіне байланысты төленеді. Яғни, бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге (38 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге (63 АЕК), ал егіз, үшем немесе төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі. Елімізде жұмыс істемейтін аналарға бала кезегіне қарай бiр жарым жасқа толғанша ай сайын төлем беріледі. Атап айтқанда, бірінші балаға – 24 912 теңге (5,76 АЕК), екінші балаға – 29 465 теңге (6,81 АЕК), үшінші балаға – 33 951 теңге (7,85 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 503 теңге (8,9 АЕК) қарастырылған. Егер анасы бала күтімі демалысына дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, онда ол соңғы екі жылдағы орташа табысының 40%-ы мөлшерінде жәрдемақы алады.

Атап өтерлігі, асыраушысынан айырылған жандар да назардан тыс қалған жоқ. Оларға да ең төменгі күнкөріс деңгейі мен адам санына байланысты жәрдемақы үлестіріледі. Мәселен, ата-анасының бірі болмаған жағдайда балаларға немесе еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне ай сайын – 46 783 теңге, екі адамға – 86 447 теңге, үш адамға – 114 415 теңге, төрт адамға – 132 213 теңге, бес адамға – 139 840 теңге, алты және одан көп адамға  152 553 теңге төленеді. Ата-анасының екеуінен де айырылған жетім балаға 78 311 теңге беріледі.

Жарымжан жандарға деген мемлекеттік қолдау көлемі де жыл сайын артуда. Айталық, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 81 870 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және бала кезінен мүгедектігі бар I топтағы азаматтарға – 111 872 теңге, II топқа – 93 057 теңге, III топқа 81 870 теңге тағайындалатын болады. Сонымен қатар, ересектер арасындағы мүгедектігі бар I топтағылар – 111 872 теңге, II топ – 89 498 теңге, III топ 61 021 теңге жәрдемақы алады деп жоспарлануда.

Нұржайна ШОДЫР.