Естеріңізде болса, өткен аптада еліміздегі жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төленбеуі мүмкін деген әңгіменің шеті шығып, қоғамда қызу талқыға түскен еді. Бұл мәселеге қатысты жақында жауапты министрлік түсініктеме берді. Сонымен, егде жастағы жұмыскерлер жылдар бойы тартқан бейнетінің зейнетін көре ала ма?
Аталған мәселе халық қалаулыларының да назарын аудартты. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айдос Сарым ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне жолдаған сауалында:
— Сіздің жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы ұсынысыңыз наразылық тудырды. Мұндай қадам еңбек және әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз ету құқығына кепілдік беретін ҚР Конституциясына қайшы келеді. Әрбір Қазақстан азаматы зейнеткерлік жасқа жеткенде де адал еңбек етуге құқылы. Олай болмаса, кәсіби мұғалімдердің, дәрігерлердің және басқа санаттағы мамандардың тапшылығына байланысты мәселені қалай шеше аламыз? — деді. Сонымен қатар, депутат жоғарыда аталған бастамалар ұрпақтар арасында алауыздық тудырып, зейнеткерлерді жастарға қарсы қоятынын айтты. Яғни, зейнеткерлер жастардың жұмыс орындарын «иемденіп отыр» деген аргумент негізсіз екенін алға тартып, алдағы уақытта қоғамда әлеуметтік шиеленіс тудыратын мұндай мәлімдемелерден аулақ болуға шақырды.
Жалпы, қосымша жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүрген зейнеткерлердің зейнетақысын тоқтату туралы ұсыныс ел арасында екіұдай пікір тудырғаны белгілі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қоғамда қызу талқыға түскен аталған мәселеге қатысты нақты жауап берді.
— Еңбек ресурстарын дамыту орталығында БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу өткіздім. Бұл сауал сол кездесуде қойылды, бірақ менің жауабымнан контексті жұлып алған. Мен зейнетке шығудың 2 тәсілі барын, яғни ерте және кеш шығу, бұл әзірге ұсыныс екенін айттым. Бұл ұсыныс қазір зейнетақы алып отырған азаматтарға ешқандай кедергі келтірмейді. Олар қалай зейнетақысын алды, қалай жұмыс істеп отыр, солай әрі қарай жалғаса береді, — деді министр. Ол, сондай-ақ, бұл ұсыныс әзірге Үкіметтің қарауына жіберілмегенін де мәлім етті.
— Қазір болжам жасап, еңбек нарығын қарастырып жатырмыз. Биыл еңбек нарығына 300 мың жас келді. Оларға да жұмыс орындары керек. Сондықтан сарапшылар осындай ұсыныс беріп отыр, — деді С.Жақыпова.
Осылайша, қазіргі таңда зейнетке шықса да, күнкөріс қамымен ел қатарлы еңбек етіп жүрген жандардың тапқан табысына қатысты ешқандай мәселе жоқ екені белгілі болды. Ал алдағы уақытта қазақстандықтардың зейнеткерлікке ерте шығу мүмкіндігі қарастырылуда. Ол үшін зейнетке ерте шыққысы келетін азаматтардың еңбек өтілі 25 жылдан кем болмауы керек және 25 жыл бойы зейнетақы қорына салған аударымдары болуы тиіс. Сонда ғана ел тұрғындарының зейнет жасын күтпей ертерек зейнетке шығуына мүмкіндік беріледі деп жоспарлануда.
Әзірлеген – Н.ШОДЫР.