Елімізде осыдан үш жыл бұрын тұрғындардың зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануға рұқсат беретін заң күшіне енген болатын. Сөйтіп, қазақстандықтарға зейнетақы жинағындағы «жеткілікті шектен» асатын қаражатын тұрғын үй мәселесін шешу және емделу сынды мақсаттарға қолдануға мүмкіндік берілді. Алайда бүгінде кейбір қазақстандық сарапшылар мен қаржыгер-экономистер ел азаматтарының зейнетақы қорындағы жинақтарын ерте шешіп алуды тоқтату керектігін айтып, жауапты министрлікке ұсыныс білдіруде.
Сонымен, зейнетақы қорындағы жинақты ерте алған дұрыс па? Әлде, тоқтатқан жөн бе? Салымшы үшін тиімді жол қайсы? Осы сұрақтарды «Алаңның» талқысына салып көрген едік.
Светлана ЖАҚЫПОВА, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
(пікір интернеттен әзірленді):
— Базалық зейнетақы төлемін басқаша есептеу тәсілімен келісеміз. Біздің ұсыныс, зейнетақы ең төменгі еңбекақының 60 пайызын құрауы керек. Екіншіден, ол сарапшылардың ұсынысы, яғни зейнетақы қорынан жинақты ерте алуды тоқтату керектігін айтуда. Біз мұнымен де толық келісеміз. Қазір көріп отырғанымыздай, ерте алғандардың зейнетақысы небары 34 мың теңгеден аспай қалды. Сондықтан оны доғару керек деп ойлаймын. Бүгінде зейнетақы қорынан 3 трлн теңгеден астам қаражат ерте алынғаны белгілі болды. Былай қарасақ, 1,5 млн адам зейнетақы төлемдерімен қамтылды, 3 трлн теңгеден астам қаржы зейнетақы қорынан шығарылды. Бұл қаржыға адамдар үй жағдайларын жақсартты, денсаулығын емдеді. Сондықтан бекер жұмсалды деп айтуға болмайды. Десе де, егер ел тұрғындары жылдар бойы жинақтаған қаражатын ерте пайдалану үшін алатын болса, болашақта оларға тағайындалатын зейнетақы мөлшері де азаяды. Осыны ескеру керек.
Нұржамал ДҮЙСЕМБАЕВА, «БЖЗҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары:
— Зейнетақы қорындағы жинақтарымыз біздің болашаққа арнап сақтаған қаржымыз болып саналады. Сондықтан мүмкін болса, зейнетақы қорындағы қаражатқа көз салмаған дұрыс деп ойлаймын. Олай дейтінім, уақыт зымырап өтіп жатыр. Ертең-ақ, қалай зейнеткерлікке шыққанымызды білмей қаламыз. Міне, сол кезде ұзақ жыл бойы еңбек етсең де, егер қордағы ақшаңның бір бөлігін пайдаланып қойған болсаң, зейнетақы мөлшері мардымсыз ғана болуы мүмкін. Осы сәтте бәрі кеш болады. Сол үшін бойыңда жігерің тұрғанда ел қатарлы еңбек етіп, барлық мәселені өз күшіңмен шешуге тырысу қажет. Ал кейін қартайған шағыңда соның рахатын көретін боласың дер едім. Мәселен, мен биыл 42 жасқа толамын. Болашақта жақсы зейнетақы алу үшін әлі де 20 жыл жұмыс істеп, зейнетақы қорындағы жинағымды толтырамын. Себебі, зейнетке шыққан соң өз қаражатым қажеттілігіме жеткенін қалаймын. Қызыма масыл болып отырғым келмейді. Сол сияқты болашағын ойлаған кез келген адам ертең балаларына салмақ салмай, керісінше, немерелеріне көмектесіп, жылдар бойы тартқан бейнетінің зейнетін көргісі келсе, қордағы ақшасына қол сұқпағаны жөн деп ойлаймын. Бұл — менің жеке пікірім.
Саягүл КҮРКІМБАЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны:
— Иә, қазіргі таңда зейнетақы қорындағы жинақты ерте алу мәселесін тоқтату туралы ұсыныс айтылып жатқанынан хабардармын. Мен бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Жылдар бойы еңбек етіп, зейнетақы қорына салған қаражатыңның бір бөлігін керек кезінде кәдеге жарату өте дұрыс және керек деп санаймын. Шыны керек, қазір үйсіз-күйсіз жүрген немесе денсаулығы сыр берген жандар көп. Неге олар осы мүмкіндікті пайдаланып баспаналы болмасқа немесе емделіп алмасқа?! Әр азамат еңбек етіп, маңдай терін төгіп жүр ме, соған сай жағдайын да жасап алуына мүмкіндік берілуі тиіс деп ойлаймын. «Жаман айтпай, жақсы жоқ…» демекші, бүгін жұмыс істеп жүрген адам зейнет жасына жетпей қалуы да мүмкін ғой. Сол үшін қазақстандықтарға зейнетақы қорындағы «өз қаражатын» көзі тірісінде қалауынша қажеттілігіне жұмсауға рұқсат берілгені дұрыс. Сонда ғана әділ шешім болар еді. Қалай десек те, қордағы ақшаны бүгін алса да, ертең алса да, оның иесі – салымшы болғандықтан, оған таңдау еркіндігі берілуі тиіс дер едім.
«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.