Бүгінгі таңда елімізде 2,4 миллионнан астам зейнеткер тұрады екен. Ал оларға мемлекет тарапынан қандай әлеуметтік қолдаулар көрсетілуде? Жалпы, зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінде өзгерістер мен жаңашылдықтар бар ма?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары елімізде аға буын өкілдеріне деген қолдау шаралары үздіксіз артып келе жатқанын айтады. Мәселен, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2 пайызға ілгері индекстелуде. Мысал ретінде айтар болсақ, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылардың мөлшері 9 пайызға ұлғайтылса, ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақының мөлшері де едәуір артқан.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Нәтижесінде, ағымдағы жыл басынан бері оның ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан 65 пайызына дейін, ал ең жоғары мөлшері 100 пайызынан 105 пайызға дейін өскен. Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарт адамдарды қолдау, оларға әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша да жұмыс жүргізуде. Қазіргі күні еліміздің түкпір-түкпірінде 100-ге жуық белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, зейнеткерлерге қызмет көрсетіп келеді. Аталған орталықтардың жұмыс істеуі үшін биыл жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 5,9 млрд теңгеге жеткен.

Мамандардың айтуынша, зейнеткерлерге арналған белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді. Яғни, белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс. Орталықтардың қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде бос уақытты тиімді ұйымдастыруға, қарттардың қоғам өміріне еркін араласуына бағытталған. Айталық, осындай орталыққа келген үлкендер мұнда спорттық жаттығулар жасайды, цифрлық сауаттылығын арттырады, тіл үйренеді, түрлі курстарға қатысады.

Атап өтерлігі, ағымдағы жылы жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарттарды әлеуметтік қолдауға 12,4 млрд теңгеден астам қаражат бағыт-талған. Соның ішінде 26,5 мың адамға азық-түлік жиынтығын беру үшін 229,4 млн теңге, 62,2 мың адамды жеңілдетілген бағадағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 2 млрд 318 млн теңге, 3,9 мың қарттың тісін протездеуге 515,5 млн теңге, 23,3 мың зейнеткерді санаторийлік-курорттық емдеуге жіберуге 3 млрд 448 млн теңге, 189 қарияның тұрғын үйін жөндеуге 31,4 млн теңге, 2,6 мың азаматты отынмен қамтамасыз етуге 75,6 млн теңге жұмсалған. Сондай-ақ, 500 мыңға жуық жасы үлкен адамның қоғамдық және басқа да көлікте жеңілдікпен жол жүруі үшін 5 млрд 179 млн теңге қарастырылған. Ал көмектің басқа түрлеріне 638,4 млн теңге бөлінген.

Осылайша, елімізде зейнет жасындағы жандарға барынша қолдау көрсетілуде. Бірақ кейбірі мұндай жеңілдіктердің барын біле бермейтін көрінеді. Сондықтан мемлекеттің мүмкіндігін мүлт жіберіп алмаңыздар.

Нұржайна ШОДЫР.