Өмір бойы белсенді өмір кешіп, қарбалас жұмыста жүрген жандар үшін зейнеткерлікке шығып, бір сәтте тыныштық орнау кейде қиынға соғады. Тосырқап, өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Әлбетте, немерелері, бала-шағасы қасындағылар үшін қарттық басқаша өрбуі мүмкін. Ал үйінде жалғыз, бірақ, бойында күш-қуаты бар, әлі де қоғамға үлесін қосқысы келетіндер жаңа орта іздейді. Бос уақытын тиімді өткізуге ұмтылады. Бұл жан қалауы олардың бір тобын Павлодар қаласындағы «Замандас» ардагерлер қоғамдық қорына жетелейді.
Бір сәт сергіп қалады
Бұл қор әу баста клуб ретінде құрылып, қазіргі таңда 700-ге жуық ардагердің басын қосып, әркімнің жүрек қалауына қарай түрлі клубтарға топтасқан. 13 топ бар. Көбі салауатты өмір салтын ұстанып, замандастарымен денесін шынықтырып, түрлі спортқа бейімделген. Былтыр 15 жылдығын атап өткен қордың алғашқы жетекшісі Қабидолла Шәкәрімов ардагерлер клубын дамытуға көп үлес қосып кеткен. Клуб ашылғанда Нұрбану Арғынқызын қасына алып, бірлесе еңбек еткен. Қазір қорға басшылық ететін Нұрбану Әмірғалиева алдына келген әрбір ардагермен жылы сөйлесіп, жан қалауын тыңдауға тырысатынын айтады.
— Келген әрбір қарияны құшақ жая қарсы аламыз. Қатарымыз көбейіп, белсенді өмір сүруге ұмтылғандар санының артқанын қалаймыз. Біздің «Замандас» ардагерлер қоғамдық қорымыздың құжат бойынша ең басты міндеті — жасы үлкен адамдарға қамқорлық жасау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Кейбір азаматтар зейнетке шығуды асыға күтеді. Оның өзіндік себептері болады. Бірі денсаулығына байланысты, бірі шаршағаннан зейнеткерлік сәтіне дейін қалған айларын, күндерін санайды. Қарттарымыздың енді бір тобы болады, олар келіп «мені зейнетке шығарып жіберді» деп ренжіп, назын айтады. Міне, осындай, «әлі де күш-қуатым бар, қоғамдық жұмысқа пайдам тисін, белсенді өмір сүргім келеді, салауатты өмір сүргім келеді» деген барша қарт адамдарға клубымыздың есігі әрдайым ашық. Қарттар бала сияқты, көңіл бөлгенді қалайды. Жылы сөз айтып тыңдап, жылы көзбен қарасаңыз, әп-сәтте бар проблемасын ұмытып, жарқырап шыға келеді, — дейді Нұрбану Арғынқызы.
Қазіргі таңда мұнда «Салауатты өмір салты» атты клубқа сұраныс жоғары. 225 азамат осы клубқа тіркелген. Футбол, бильярд ойнайтын ардагерлер түрлі сайыстарда топ жаруда. Ал оларға жағдай жасап, спортпен айналысатын жаттығу залын табуға қор жетекшісі күш салады. Кезінде «Қазтрансойл» компаниясы ғима-ратының астыңғы қабатындағы жаттығу залында аптасына төрт күн ардагерлер спортпен айналысқан. 2020 жылы ғимараттың бағыты өзгеріп, жаңа қожайындар келген соң бұл мүмкіндіктен қағылады. Бірақ, әрдайым табандылықпен замандастарының қажетін өтеуге аянып қалмайтын Нұрбану Әмір-ғалиева жаңа қожайындармен ұзақ уақыт келіссөздер жүргізіп, аптасына екі рет ардагерлердің залды пайдалануына рұқсат алады. Спортты серік еткен қариялар сенбі-жексенбі күндері де жиналып, шаңғы базасы сияқты орындарда серуендеп, денелерін шынықтырып, салауатты өмір салтын ұстанатын көрінеді. 76 жастағы бір әже шпагатқа отырады. Мұны ол зейнетке шыққаннан кейін меңгеріпті.
«Замандасқа» келгендердің зейнеттен кейін екінші тынысы ашылғаны аңғарылады. Бұрын талай жыл мұғалімдік, дәрігерлік және өзге де салада қызмет атқарған қариялар өнерге, шығарма-
шылыққа бет бұрады. Бірі билеп, бірі ән шырқайды. Қолөнерге бейімдері түрлі бұйым жасап, әр сәтін бос өткізбеуге тырысады. Ардагерлер ұйымдары арасында өнер байқауларында алдыңғы орыннан көрінеді. «Іңкәрім» вокалдық тобы аймағымызға әйгілі. Ешқайсысының музыкалық білімі жоқ. Бірақ, кез келген әнді нақышына келтіре орындайды. 70 жастан асса да, мың бұрала билеуге жарап жатқандар аз емес. Жеңістің 80 жылдығына арналған байқауда би тобы 122 нөмірдің ішінен бестікке енген. Әншілер аптасына бірнеше рет түрлі ұйымдарға барып, өнер көрсетеді.
Әр бағыт, әр клубтың апта бойына жасалған кестесі бар. Сол уақытта «Замандаста» бас қосады. Ортақ әңгімесін өрбітіп, ортақ ісін дамытады. Ал клубта «Бір шыны-аяқ шай» тобына тіркелгендер бас қосып, шүйіркелесіп, баппен демделген шай ішіп, бір жасап қалады. Мұндай қонақжайлық лебін сездіретін клубтың арнайы бөлмесі де бар.
— Кезінде олар жұмыс-бастылықпен, бала тәрбиесімен жүрек қалауындағы істерді кейінге шегеріп қойды. Енді міне, зейнетке шыққан соң сол аңсаған армандарын орындауға тырысуда, — дейді қор жетекшісі.
Ұрпақ тәрбиесін ұмытпайды
Нұрбану Әмірғалиева қариялар ұрпақ тәрбиесін де ұмытпайтынын атап өтті.
— Қазағымыз «қызға қырық үйден тыю» деп бекер айтпайды. Бір жылы газеттердің бірінен «Қыз тәрбиесіне қоғам жауапты» деген мақала оқыдым. Ой салды. Шынымен, қыз баланы тәрбиелеу тұтас ұлтты тәрбиелеумен тең. Бесікті тербетер, дүниеге ұрпақ әкелетін қыз тәрбиесіне тек отбасы ғана емес, бүкіл қоғам атсалысуы керек. Облысымыз ажырасу көрсеткіші жағынан елімізде бірінші орында екенін біліп, қынжылғаным бар. Бұл орынды 10-15 жыл «бермей» тұрғаны жаныма батты. Оның себебін дөңгелек үстел басында талқылап, бір жанға болсын ой салсақ деген мақсат болды. Мақсатты аудитория ретінде педколледждің 40 қызын шақырдық. 50 жыл отасқан әжеміз келіп, тәжірибесімен бөлісті. Әжеміз балалары үйленген соң кемі үш жыл қолында тұратынын айтты. Бұл жаңа өмірге қадам басқан жастардың оң-солын танып, қаржылық, түрлі тұрмыстық қиындықтарға тап болмай, өзара жарасып кетуіне ықпал ететінін алға тартқан еді, — дейді Нұрбану Арғынқызы.
Үйлену оңай, үй болудың қаншалықты қиын екенін нақты мысалдармен де көрсетуге тырысқан. Мәселен, баста-уыштан бастап, бірге ойнап, мектепті бірге бітіріп, университетте бірге оқып, жастайынан қол ұстасып, жұп болған екі жан үйленгеннен кейін жарты жылға жетпей ажырасып кеткен екен. Әлгі ару өзінің себебін айтып, отбасылық өмірге қатысты пікірін білдірген. Бұл кейіпкер арқылы ұйымдастырушылар «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деп меңзесе керек. «Жас ұрпақ» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен де жиі ардагерлер кездесу өткізіп, бағыт беруді әдетке айналдырған. Өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларды қолдау өңірлік орталығымен де тығыз жұмыс істейді. Қор жетекшісі бұл мекемеде қамқоршылық кеңесте жұмыс істейді.
— Бір жылы орталығымызға келген бір азамат бөтен бір иістің барын айтып, жақтырыңқырамағаны бар. Бұл кәріліктің иісі еді. Ылғи үлкен кісілер келеді. 3-4 сағат отырады осында. Сондықтан мұндай иістің болуы заңдылық қой. Содан бала кезімде естіген бір кеңес есіме түсті. Үлкендерден кәріліктің иісін ештеңемен жуып-шайып жоғалту мүмкін еместігін естігенмін. Тек баласы, немере-шөбересі айналасында, бір отбасында тұрса, сол үйде мұндай иістің болмайтынын да құлағым шалғаны бар. Сол ойлар санама келіп, жоғарыда аталған орталықтың балаларымен бірлескен жобалар өткізіп, жиі араласып тұруды шештік. Біреу сенер, біреу сенбес, балалар келгенде әлгі иіс жоқ болды. Өмір деген балалық, жастық, кәрілік сияқты әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар бір дәурен ғой. Әрбір сәтті бағалай алуымыз керек, — дейді қор жетекшісі.
Қор мәдени-ағарту, салауатты өмір салты бағытында болғанымен, кейде азаматтардың тұрмыстық мәселесін де шешуге кірісіп кететін кездері болады. Нұрбану Әмірғалиева өзінің меңгерген заңгерлік білімін пайдаланып, мәселесін айтып келген ардагерлерді жетектеп, түрлі мекеме есігін тоздырғанын да жасырмайды. Бірде үй-күйі жоқ, жалғыз қарияға өзі еңбек еткен кәсіпорындардың бірімен сөйлесіп, жатақханадан бөлме алып берсе, тағы бір ардагердің жанып кеткен бау-бақшасының орнына жаңадан ағаштан үй орнатуға ықпал еткен. Бұл жәрдем жұмыстарының бәрін ұқыппен қаттап та қойыпты.
Саяхаттауды сәнге айналдырған
«Замандасқа» келіп, бүгінде ел-жер көруді қалыпты әдетке айналдыруға көшкендер де бар. Жалғыз шығуға шамасы келмейтіндер осылай бірлесіп, топ-тобымен бұрын-соңды табандары тимеген Қазақстанның көрікті, тарихи мекендерін аралай бастаған.
— 2022 жылы Америкаға қызыма бардым. Атлант мұхиты жағалауында отырып, артыма қарасам, бір ерекше орталыққа көзім түсті. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан кіріп, таныса алмадым. Келесі жылы барғанымда әлгі орталыққа арнайы кіріп шықтым. Бұл қарияларға арналған балабақша іспеттес мекеме екен. Таңертең барып, кешке қайтады екен. Әркім жан қалауымен айналысатын көрінеді. Сондағы бір замандасымды сөзге тарттым. Айтуынша, бос уақыты көп, сондықтан орталыққа барады екен. Одан қалса, жер аралап, саяхаттайтынын білдім. «Біреу оған демеушілік жасай ма?» деп едім, өз зейнетақым жетеді деді. Ал күнделікті қажеттілігіме арнайы үш картам бар. Бірі дәрі-дәрмекке, бірі азық-түлікке, бірі дәмханада тамақтануға берілетінін, соны жұмсайтынын айтты, қатты таң қалдым, — деді Н.Әмірғалиева.
Мұны естіген қор жетекшісі біздің өңірде де зейнеткерлердің саяхат-
тауына түрткі болуды жөн санайды.
— Сөйтіп, «Саяхат» клубын құрдық. Шетелге шыға алмаса да, біздің қариялар Қазақстан аумағындағы әсем, тарихи, мәдени жерлерді көрсін деген ниеттен туды. Содан бері шамаға қарай шығып тұрамыз. Мысалы, Алматы облысындағы Көлсай, Қайыңды, Шарын шатқалына бір аптаға барып келдік. Әркім өз қаржысына барады. Жоспарлы сапар жайында ертерек ескертіп қоямыз. Барғысы келетіндер бірнеше ай бойы зейнетақысынан бөліп, жинайды. Түркістан, Шымкент өңірлеріне де саяхаттадық. Ресейдің Омбы облысының тылсым жерлеріне, нақтысы Шайтан көлі мен Тара өзеніне, Байкалға дейін барып келдік, — дейді Нұрбану Арғынқызы.
Биыл Бурабайға барып келген. Айтпақшы, ардагерлер демалып қана қоймайды, олар жүрген жерін күл-қоқыстан тазартуды дәстүрге айналдырған. Экологиялық десант жасап, бүгінде күміс еріктілер санатына кірген. Тазалыққа жастардың назарын аударып, оларға үлгі болуды мақсат етеді. Әр жыл мезгілінде зейнеткерлер Жасыбайға демалуға барып, мұнда да қоқыс теріп, табиғатқа қамқорлық танытады. «Алжир» лагеріне де ардагерлеріміз арнайы барып келген.
Жуырда клуб мүшелерінің бірі «Сарыағаш» шипажайына баруды ұсыныпты. Нұрбану Арғынқызы бұл сапардың да жоба-жоспарын, бағдарламасын реттей бастапты. Одан бөлек, Елордада өтетін түрлі ардагерлер жиындарына демеушілік қаржыға бару кезінде қор жетекшісі бұрын бармаған зейнеткерлерді тізімге енгізуге тырысатынын айтады. Кәдімгідей әркімнің қайда барғанын қағазға түсіріп отырады екен.
Нұрбану Арғынқызы мұндағы әрбір ардагердің идеясы көп екенін айтады. Бір нәрсені бастап берсе, қостай кететін көрінеді. Сондықтан, құлшынып тұрған қарияларға қор ұжымы әлі де қамқорлық танытып, қолдай түсуге ниетті.
Айтпақшы, қордың қоғамға қосқан үлесі үкіметтік емес ұйым ретінде де өз бағасын алуда. Биыл азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін, үздік үкіметтік емес ұйымдардың бірі ретінде облыс басшылығы тарапынан Алғыс хат алған.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.