Болашақта дүниеден өткен жақын адамдарыңыздың жатқан жерін мобильді қосымша арқылы табу қызметі пайда болуы мүмкін. Бұл жобаны ресми түрде «Зираттарды цифрландыру» деп айтады. Күні кеше ҚМДБ-сы жанындағы «Qamqor-sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы Павлодар өңіріне келіп, жергілікті БАҚ өкілдері мен дін қызметкерлеріне мазарларды электронды қосымшаға тіркеудің мән-жайын түсіндірді.
«Qamqor-sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы директорының айтуынша, жерлеу орындарын цифрландыру жұмысы алдымен еліміздің үлкен қалаларында басталған. Бұған дейін Астана және Шымкент қалаларындағы мұсылман қорымдарында жерленген адамдардың деректері сандық жүйеге енгізілген. Енді бұл жұмыс Павлодар қаласында қолға алынбақ. Биылғы жылдың соңына дейін облыс орталығы аумағындағы зираттар бойынша жүргізілсе, келесі жылы аудан және ауылдың аймақтардағы жерлеу орындарын цифрландыру басталады. Бейіттерді сандық жүйеге енгізудің қысқаша процесі былай: Жауапты қызметкерлер алдымен марқұмдардың аты-жөні жазылып басына қойылған белгі тастарды, тақтай ағаштарды суретке түсіріп, оны арнайы қосымшаға жолдайды. Осыдан кейін марқұм туралы қысқаша дерек ортақ базаға қабылданады. Ал ертеректе жерленген кейбір адамдар туралы мәліметтер жойылып қалады. Мұндай бейіттерді белгілеп қойып, кейін қайта ораламыз дейді. Яғни, зираттардың басындағы шырақшылардың, марқұмның ағайын-туыс, ұрпақтарының көмегімен анықтап көрмек.
— Біздің мекеме 2020 жылы құрылған. 20 облыста филиалы бар. Ең басты мақсатымыз – жаңа технологияның көмегімен дүниеден өткен адамдарды жерлеу рәсімдерін жеңілдету және зират көтеру ісін бір ізге түсіру. Жалпы қай сала болса да цифрландыру жүйесі қарқынды жүріп жатыр. Міне, осы жаңашылдық қорымдарға да жетті деп ойлаймын. 2023 жылдың желтоқсан айында Діни басқарма жанындағы «Уақып» қоғамдық қорының қолдауымен және білікті IT мамандарымен бірлесіп, зираттарды цифрландыру жобасын жасадық. Дәл қазіргі уақытта еліміздің 6 қаласында осы жұмыс жүріп жатыр. Ең алдымен Астана қаласындағы, екінші Шымкент қаласындағы жерлеу орындарын тіркеп аяқтадық. Жоспар бойынша жыл соңына дейін барлық облыс орталықтарына қарасты зираттарды электронды жүйеге енгізіп, платформаны іске қосамыз деп отырмыз, — деді Мейрамбек Қабылбекұлы.
Осы жүйе іске қосылса, кімнің әке-шешесі, ата-әжесі немесе басқа да ағайын- туысының қандай зиратта және қай бұрышта жатқанын қосымша арқылы көріп отыруға болады. Атап айтқанда, қайтыс болған адамның аты-жөнін терсе, барлық мәліметтер шыға келеді екен. Бұл зираттарды цифрландыру жобасының бірінші мүмкіндігі болса, екіншісі дүниеден қайтқан адамдарды жерлеу бойынша көрсетілетін қызметтер ұсынылмақ. Яғни, барлық қызметтер «Jerleu» деген мобильді қосымша арқылы ұсынылады.
— Адам қайтыс болғанда жақындары қайда хабарласып, тиісті діни рәсімдерді қалай атқару керектігін білмей қалып жатады. Тіпті, қайғыдан есеңгіреп жүріп, қандай қорымнан орын алатынын да шеше алмай қалады. Ал бұл жоба іске қосылса, қай қорымда қандай жер барын картадан қарап, орынды таңдай алады. Сонымен қатар, әр өңірдің тарифі бойынша жерді қазу және жерлеу қызметтерінің құны белгіленген. Екіншіден, қазір зират көтеру бойынша ысырапшылдықтар көп орын алып жатыр. Жаңа жүйенің мақсаты — осыны бір тәртіп бойынша жүргізу, — дейді ол.
Мәшһүр Жүсіп мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлының сөзінше, Павлодар қаласына қарасты елдімекендерде 20-дан астам бейіт бар. Қызметкерлер алдымен осы қорымдар бойынша жұмыс жүргізе бастайтын болады.
— Тиісті орындар бізге 24 зираттың тізімін берді. Біздің қызметкерлер электронды картаның көмегімен соның 19-ының орнын анықтады. Оның ішінде 7-і Ақсу қаласына, 12-сі Павлодар қаласына қарасты. Павлодар қаласы бойынша ең алғашқы ашылған және ең үлкені Мойылды зираты болып саналады. Мұнда адамдар 1960 жылдан бері жерленіп келеді. Көлемінің өзі 63 гектарды құрайды. Сондықтан цифрландыру жұмысын осы Мойылдыдан бастауды жөн көріп отырмыз, — дейді Жолдас имам.
Кездесу барысында бейіт-тердегі деректерді анықтап, оны ортақ базаға енгізу жұмыстары әрбір мешіт қызметкерлеріне тапсырылды.
Тілеуберді САХАБА.