Аймағымызда 56 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның 50 пайызында іскер әйелдер еңбек етуде. Үй шаруасында, жұмыста, мемлекеттік қызметте өздерін еңбекқор ретінде көрсетіп келе жатқан нәзік жандылардың қатары жыл сайын көбеюде. Олар «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген асыл сөздің нақ үлгісін көрсетуде.
Қазақстанда әйелдер кәсіп-керлігі белсенді дамып келеді. Қыз-келіншектерге өз ісін дөңгелетуде Іскер әйелдер қауым-дастығының көмегі орасан. Еліміз бойынша барлық өңірде филиал ашқан қауымдастық 30 жылға жуық уақыт белсенді жұмыс істеп келеді.
Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы 1995 жылы жұмыс істейтін әйелдердің мәртебесі мен имиджін көтеру мақсатында құрылған. Қалаларда ашылған филиалдармен қатар, қауымдастық ауылдағы қыз-келіншектердің де жайын ескеріп, өз қызметін аудандарда да ұйымдастырып келеді. Бүгінде ел аумағында іскер әйелдер қауымдастығының 20-дан астам филиалы жұмыс істейді.
Павлодар облысындағы Іскер әйелдер қауымдастығын Аурика Дяк басқарады. Соңғы 2 жыл көлемінде Екібастұз қаласы, Аққулы, Ертіс, Железин аудандары мен Ақсу қаласының ауылдық аймағында жалпы саны 5 филиал ашылды.
Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы Павлодар облысы бойынша қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ляна Логунова өңірдегі қауымдастық құрамында 98 әйел барын айтады. Олардың қатары жыл сайын артып келеді.
— Біз бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейміз. Атап айтсам, «Әйел және бизнес», «Әйел және білім», «Әйел, қоғам және балалар», «Әйел және аудандар», «Әйел және іскерлік байланыстар», «Әйел және салтанатты шаралар», «Жас қанаттар» жастар қанаты да бар. Қауымдастық оқыту, көмек көрсету және бизнесті дамыту сынды 3 басты міндетті жүзеге асырады. Әйелдер түрлі бағдарламалар бойынша жұмыс істейді. Оның ішінде «Тәлімгерлік – жаңа мүмкіндіктер» жобасы ерекше қызығушылыққа ие. «Әлемге ашыл» жобасы аясында біздің құрамдағы тәжірибелі кәсіпкерлермен жүздесіп, табысқа жету жолының құпиясымен танысамыз. Кәсіп бастаудағы қателіктер, қиыншылықтар да сөз етіледі.
«Жас қанаттар» жастар қанатының мүшелері таңғы асқа тәжірибелі тәлімгерді шақырып, көкейдегі сауалдарына жауап алады. Бұл ретте Светлана Князева, Евгения Писаревская, Олеся Садри сынды табысқа жеткен бизнес өкілдерімен өткен кездесулер өте қызықты өтті. Бұдан бөлек, іскер әйелдер қауымдастығы түрлі форумдар өткізеді.
Жуырда облыс орталығында «Бизнес-құрастырушы: өз бизне-сіңді PRO-сканерле!» атты іскерлік форумға еліміздің түкпір-түкпіріне және Ресей Федерациясы Санкт-Петербургтен арнайы қонақтар қатысты. Сонымен қатар, «Ауылды жаңғыртқан арулар», «Ауылды жаңғыртқан әйел» атауымен өткен форум елді мекендердегі нәзік жандыларға арналды. Ауқымды шараға танымал бизнес өкілдері Валентина Бондаренко, Марина Рейдина және Виктория Сұлтанова қатысып, жиналғандарға өз кәсіп-тері туралы айтып берді, — дейді Ляна Логунова.
Іскер әйелдер қауымдастығы – қайырымдылық бастамашысы. Атқарушы директордың сөзіне сүйенсек, 10 жыл көлемінде көмекке мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы 20 отбасыға қолдау көрсетіліп келеді. Әсіресе, балаларды мектепке орналастыру, сыйлықтар үлестіру, театрландырылған қойылымдарға апару, жаңа жыл кешін ұйымдастыру сынды шараларға белсенді араласады. Сонымен қатар, материалдық көмек көрсетіп, азық-түлік өнімдерін тегін таратады. Іскер әйелдер қауымдастығы 6 жыл көлемінде «Қайырымдылық керуені» республикалық шарасына да белсенді қатысуда. Жыл сайын қауымдастық мүшелері «Біз өз қаламызды жақсы көреміз» экологиялық іс-шарасын ұйымдастырады. Оның аясында іскер әйелдер орталық жағалау аумағын жинас-тырып, бірнеше жыл бұрын отырғызылған жабайы жүзім ағаштарын жазғы маусымға дайындайды. Өсімдіктің бұл түрі орталық жағалауды әсемдеп, безендіру үшін қолданылады.
— Қазір әйелдер қауымының басым көпшілігі бизнеске бет бұруда. Олар өзгеге үміт артпай, өз кәсібін алға өрлетудің жолдарын меңгеруде. Әйел ең бірінші кезекте — ардақты ана, отбасының берекесі, ақ жаулықты әже. Сонымен қатар, табысты кәсіп иесі бола алады. Нәзік жандылар арасында құрылыс, мұнай, газ, IT-технология сынды ер азаматтардың табиғатына жақын келетін мамандықтарда жұмыс істейтіндер де көп. Олар жүрегіне жақын қызметтен бас тартпайды. Әйелдердің кәсіпте бағын ашуда мемлекеттік бағдарламалармен қатар, Іскер әйелдер қауымдастығы да көмек қолын созып отырғанын атап өткім келеді, — дейді Ляна Логунова.
Қауымдастықта табысқа жетіп отырған кәсіпкердің қатарында «ЭкоДом-Павлодар» ЖШС-ның директоры Марина Рейдина бар. Ол кәсіптегі еңбек жолын 2020 жылы бар болғаны 60 шаршы метр аумақты жалға алудан бастаған. Әу баста тұтынушыларға құрт жасап, сатқан. Ұлттық өнім өндіру кезінде жеткізушілерден сапасыз тауарға кезіге бергендіктен, жеке кәсіп ашу жөнінде шешім қабылдаған. Уақыт өте келе шағын цех іші кеңейіп, бүгінде аумағы 600 шаршы метрді құрап отыр. Екі қабаттан тұратын мекемеде 35 адам жұмыс істейді. Күн сайын 3 тонна сүт өндіріледі. Бұл ретте тұтынушылар үшін құрт, қоспа, қызыл ірімшік, жент, май, сүт, айран, йогурт дайындалады. Бұдан бөлек, жартылай фабрикат өнімдері де әзірленеді. Ірімшік жасаушылар Италия мен Швецияда әлемнің үздік технологтарынан білім алып, қабілеттерін шыңдаған.
— Ұлттық өнімдерді өндіруді қолға алмас бұрын ауылдағы әжелермен кеңестік. Ұлттық өнімнің жасалу жолы мен дәмін көп ақылдастық. Бүгінде еліміз бойынша үш қалада біздің өнімді сатып алатын дилер және сегіз фирмалық бөлімнен тұратын желі бар. Сүт өнімдерін бүкіл Қазақстан мен Ресейге жеткіземіз. Бізде сауда айналымына шығаруға бағытталған қажетті құжаттың бәрі бар. Қазір бизнесті кеңейту үшін франшиза әзірлеп жатырмыз. Бір жылдан кейін желі саны ел аумағы мен өзге мемлекеттерде 100 бөлімге жетеді деген үміттеміз, — дейді М.Рейдина.
Облыс аумағында іскер әйелдер қауымдастығының үздік филиалы Аққулы ауданында орналасқан. Оның жетекшісі Ария Қазбекованы өңір тұрғындары жақсы біледі. Он саусағынан өнер тамған ісмер қыз-келіншектерге ойындағы көйлегін қолымен тігіп береді. Ескі киім-дерге жаңа өң беріп, балалардың да киімдерін тігеді.
Аққулы ауданының тұрғыны Ария Жүрсінқызы бұған дейін құрылыс саласында еңбек еткен. Кішкентай нәрестесімен декретте отырған кезде сүйікті ісімен шұғылдана бастаған. Ол коронавирус кезіндегі карантин уақытында тұрғындарға медициналық маска тігіп көмектескен. 2019 жылы кәсіпкерлік негіздері курсын бір ай оқып, бизнес жоспар қорғайды. Нәтижесінде 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие ұтып алады. Ария заманауи тігін машинасын сатып алып, іс тігу ісіне машықтанады. Бүгінде ол қыз-келіншектермен қатар, ер азаматтарға, балаларға да киім тігеді.
— Киім тігу ісіне қызығушылығым бар еді. Оның үстіне үнемі сұраныстағы кәсіп екенін білемін. Бүгінде тұрақты тұтынушыларым бар. Ескі киімдерге жаңаша өң беріп, заманауи стильге сай сәндеймін. Қыз-келіншектерге тапсырыс бойынша көйлек тігемін. Көп жағдайда тойға көйлек таба алмаған арулар менің көмегіме көп жүгінеді. Бұдан бөлек, ер азаматтарға қазақша киім тігемін. Нәрестені перзентханадан шығарып алуға арналған жиынтықтарды да, ересектерге спорт киімдерін де тігемін. Кем дегенде күніне 2-3 тапсырыс аламын, — дейді А.Қазбекова.
Осылайша, Іскер әйелдер қауымдастығы талай әйелді бизнеске тартып, өз ісін ашуға, дамытуға жәрдемдесуде. 30 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатқан қауымдастық мүшелерінің қызметіне береке тілейміз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.