Ауыл имамына артылған жүк пен жүктелген міндет ауыр. Олар діни рәсімдерден бөлек, қоғамдық істерде бой көрсетіп, елді береке-бірлікке, қайырымдылыққа шақыра білуі керек. Міне, осы міндеттерді мүлтіксіз орындап жүрген жандардың бірі — Кенжекөл ауылындағы Шайқы ата мешітінің имамы Маралбек Уахитов.

— Маралбек Жаңбырбайұлы, дін саласында қызмет атқарып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

— Мен діни ағарту саласындағы қызметімді 2015 жылы Аққулы ауданына қарасты Қарақала ауылындағы Жұмаш ата мешітінде бастадым. Мұнда шамамен екі жылдан астам имам болып істедім. Осы уақытта көп жұмыс атқарылды. Мешітке жергілікті әкімшілік пен ауыл тұрғындарының қолдауымен күрделі жөндеу жұмысын жүргіздік. Сонымен қатар,  жамағатқа уағыз айтып, шәкірт оқыттым. 2017 жылы ауыл халқының ризашылығын, үлкендердің батасын алып, Тереңкөл аудандық мешітінің бас имамы қызметіне ауыстым. Қарақала ауылында жинаған тәжірибем мен алған білі-мімді осы ауданда жалғастырдым. жергілікті жамағатқа уағыз-насихат айту, дінге қызығушылық танытқан жандарға білім беру жұмыстары тұрақты жүргізілді. Мен Тереңкөл ауданында шамамен алты жыл қызмет істеп, 2023 жылы Кенжекөл ауылына келдім. Мұнда сол жылы жаңа мешіт ашылып, ел игілігіне берілген болатын. Осы жаңа мешіттің жұмысын жүргізу менің пешенеме бұйырды. Сонымен, жалпы дін саласында тоғыз жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін.

— Бүгінде Кенжекөл ауылдық мешітінде қандай жұмыстар атқарылуда?

— Әр аудан және ауыл имамдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен бес бағыт негізінде жұмыс жүргізеді. Оның біріншісі – «Дін мен дәстүр», екіншісі – «Ізгі қоғам», үшіншісі – «Ихсан насихаты», төртіншісі – «Діни оқу-ағарту жұмысы»”, бесін-шісі – «Жат ағымның алдын алу» жұмыстары. «Дін мен дәстүр» тақырыбына тоқталар болсам, бұл бағытта қазақ халқының салты мен дәстүрін насихаттайтын түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Себебі, біз асыл дінімізді ата дәстүрмен ұштастыра насихаттауға ден қоямыз. Мысалы, жақында «Жақсы келін – ырысым» атты келіндер сайысын өткіздік. Онда қазақ отбасындағы келіннің міндеті мен миссиясын көрсетуге тырыстық. «Ізгі қоғам» дегеніміз — қайырымдылық мақсатындағы жұмыстар. Осы бағытта мұқтаж жандарды қолдау бағытында түрлі акциялар, қайырымдылық жәрмеңкелерін өткіземіз. Сонымен қатар, «Жетім көрсең, жебей жүр», «Мектепке – жол» сынды жалпыхалықтық акцияларға жиі қатысып тұрамыз. «Ихсан насихаты» бойынша әр жұма намазында және басқа да діни рәсімдер кезінде діни уағыздар айтылады. Діни уағыздар Діни басқарма бекітіп берген тақырып бойынша айтылады. Яғни, бүгінгі қоғамға, соның ішінде халқымыздың береке-бірлігіне, жастардың тәрбиесіне қатысты тақырыптар қамтылады. Біздің мешітте екі ұстаз бар. Оның бірі ер адамдарға, екіншісі әйел адамдарға сабақ береді. Басты мақсаты — халықтың діни сауатын ашу. Ал жат ағымның алдын алу бағыты бойынша жастармен кездесулер өткізіп, теріс діни ағымдар туралы мәлімет беріледі.

— Ауылдық жерде мешіт ұстап, оның коммуналдық шығындарын жабу оңай шаруа емес. Бұл ретте дін  жанашырлары көп қолдау көрсететін шығар…

— Иә, дұрыс айтасыз, дінге жанашыр азаматтардың, ауыл тұрғындарының шарапатын көп көріп келеміз. Бұл мешіттің құрылысы алғаш 2022 жылдың желтоқсан айында басталып, 2023 жылдың тамыз айында ашылған болатын. Бірінші Алланың қалауымен, екінші азаматтардың қолдауымен небары жеті ай ішінде салынып, пайдаға берілді. Осы игілікті іс жергілікті әкімдіктің бастамасымен, ауыл тұрғындары мен басқа да дін жанашырларының қолдауымен өз уақытында аяқталды. Сондықтан барша қол ұшын тигізген жанашыр азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Одан кейінгі мешіттің күтіп ұстауына да демеушілер атсалысып келеді. Мысалы, қысқа қажетті отынмен қамтамасыз ету, коммуналдық шығындарын жабу, күнделікті ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде демеушілердің көмегіне жүгінеміз.

— Халықтың береке-бірлігін нығайтып, ынтымағын арттыруда имандылық орындарының рөлі қандай?

— Мешіт — халыққа рухани тәрбе беру орыны. Мұны тек Құран оқып, намаз үйрететін жер деп қабылдауға болмайды. Бірінші мақсат діни ағарту жұмыстары болса, екінші мақсатымыз – халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеу. Осы арқылы халықтың береке-бірлігін нығайтып, жастарға діни-рухани тәрбие беру. Осылай, дәстүрлі дінімізді бекем ұстануға шақырып келеміз. Жалпы, біздің мешіт қызметкерлері мен жамағаты діни рәсімдермен ғана шектеліп қалмай, қоғамдық жұмыстарға да жиі атсалысып келеді. Мысал ретінде, облыс көлемінде мешіттердің ұйымдастыруымен өтетін волейбол, футбол, садақ ату, қазақ күресі сынды жарыстарға жиі қатысып тұрады.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан  — Тілеуберді САХАБА.