Павлодар облысы аграрлық секторға тартылған инвестициялар көлемі бойынша Қазақстан облыстары арасында бірінші орында тұр. Сондай-ақ, өңір инвестициялардың өсу қарқыны бойынша үздік үштіктер қатарында. Ағымдағы жылы өңір экономикасына 943 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Инвес-тиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл — Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі», — деп атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы инвестиция құюға ынталы кәсіпкерлердің жұмысын оңтайландыру мақсатында «бір терезе» қағидасын жүзеге асырудың маңыздылығын айтып, аймаққа инвестиция тарту облыс әкімдеріне жүктелетінін жеткізді.

«Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Жалпы, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвес-тиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек», — деді Президент.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылы ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 1,3 есеге артып, 434 миллиард теңгеге жеткен. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап агробизнеске 190 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 32 инвестициялық жоба іске қосылып, 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.

— Агроөнеркәсіптік кешен өнімінің өсуі 21 пайызды құрап, 372 миллиард теңгені құрады. Өңірдің жалпы егіс алқабы 1,6 миллион гектарды құрады, егіннің 100 пайызы жиналып, бұл өткен жылғы өнімнен үш есе көп болды. Сондай-ақ, өңірдің инвестициялық жобалар пулына Шарбақты ауданындағы Құрқамыс станциясында салынып жатқан «Aibarys Ltd» май өңдеу зауыты енді. Құны 25 миллиард теңге болатын жобаны Қытайдың мемлекеттік даму банкі қаржыландырады. Кәсіпорын үшін 29 гектар жер телімі бөлінген, қоршау мен жарықтандыру бағаналары орнатылып, сумен жабдықтау жүйесіне қосылған, — деді ведомствода.

А.МҰҚЫШЕВ.