Еліміз бойынша биыл 1 қыркүйектен бастап әр тұрғын ит-мысықтарын есепке қоюға міндеттелді. Бұл былтыр қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпе н қарау туралы» заңда жазылған. Құжат ағымдағы айда күшіне енді. Мамандар үй-үйді аралап, ит-мысығыңызға ен салынғанын есептеп, тексеріп жүрмейді.
Алайда, қолыңыздағы үй жануарыңыз біреуге зақым келтіріп, шағым түссе, құзырлы орган тіркемегеніңіз үшін 10-нан 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға құқылы. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың айтуынша, есепке алу және қандай жануарлар тіркелуі тиіс екендігі туралы ереже қабылданған. Сонымен, ит, мысық, теңіз шошқасы, шиншила, күзен, сәнді егеуқұйрық, тасбақа, ергежейлі шошқа, ұстауға тыйым салынбаған атжалман және маймыл сынды жануарлар есепке алынуы тиіс. Үй жануарын есепке қою үшін иесі ветеринарлық пункттер мен ветеринарлық клиникаларға барып, өтініш білдіреді. Тіркелген жануарға арнайы нөмір беріледі. Жануар туралы толық ақпарат пен берілген нөмірі арнайы «Tanba» базасына енгізіледі. Ит-мысықтың иесі қандай ен қоятынын өзі таңдайды. Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаевтың мәлімдеуінше, таңбаның түрі бар. Мәселен, олар — асқазан-ішек жолдарына енгізілетін болюстар, терінің астына салынатын чиптер, білезіктер мен қарғыбаулар, электрондық белгілер, құлағының ортасына тағылатын сырғалар және татуировка. Иесі осының бірін өзі таңдайды. Осындай есепке алу құралының бірі орнатылғаннан кейін тіркеуші ұйым 1 күн ішінде деректер базасына тиісті мәліметтерді енгізеді. Нақтысы, үй жануарының иесі жеке тұлға болса, оның ЖСН, аты-жөні, тұрғылықты жері жазылады. Ал заңды тұлғалар үшін БСН және заңды тұлғаның атауы, заңды орналасқан жері көрсетіледі. Сонымен қатар, иесінің байланыс деректері, ит-мысықтың түрі, лақап аты, жынысы, түсі сынды мәліметтер жазылады. Есепке алу құралының түрі, нөмірі де базаға енгізіледі. Сондай-ақ, вакцинациялау және стерилизациялау туралы ақпарат та осында болады. Мамандардың мәлімдеуінше, есепке алудың ең кең тараған түрі – чип салу. Бұл чип шамамен күріштің түйіріндей ғана көлемдегі затты арнайы шприцпен жануардың терісінің астына кіргізеді. Ал қажет кезде оны анықтау үшін сканерлейтін құрал тағы бар. Аталған құрал жануардың бойында өмір бойы сәйкестендіру құралы ретінде сақталып тұрады. Енді көпшілікті бұл таңба салу кімнің есебінен жүргізіледі деген сұрақ мазалайды. Асылтас Абылайұлының айтуынша, иесі бар ит-мысықты есепке қою қожайынының қаражаты есебінен жүргізіледі. Бүгінде бұл қызмет орта есеппен 3500-4000 теңге шамасында. Ал қаңғыбас ит-мысық мемлекет есебінен тіркеуге қойылады. Тағы бір айта кетерлігі, әлеуметтік әлжуаз топ өкілдері үйіндегі ит-мысығына таңбаны ветеринарлық пункттерде тегін қоя алады. Бірақ мұндай тегін қызметтер жеке-меншік ветеринарлық клиникаларда жасалмайды. Биыл қаңғыбас иттерді сәйкестендіруге облысқа 17,5 млн теңге бөлініпті. Одан бөлек, әлеуметтік әлжуаз топқа жататын тұрғындардың ит-мысығын есепке алу үшін 6,3 млн теңге қарастырылып отыр. Мемлекеттік ветеринарлық пункттерден бөлек Павлодар қаласында «ЖАН», «Форвард», «Забота», «VetMed», «Шанс», Екібастұзда «Ежкин Кот» және «Форвард» атты ветеринарлық клиникаларда да үй жануарларын есепке алу жұмыстары жүргізіледі. Ауылдық елді мекендерде ветеринарлық пункттердің көмегіне жүгінуге болады. Қазіргі мәліметтер бойынша аймағымызда «Tanba» базасында 1797 бас ит-мысық тіркеліпті. Олардың кейбірі бұрыннан есепте болса, кейбірі кейінгі уақытта тіркелген көрінеді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.