Биыл 24 мамырдан бастап елімізде баспана кезегіне тұру тәртібі өзгерді. Нақтысы, басында соңғы бес жылда баспанасы жоқ, 18 жасқа толған кез келген Қазақстан азаматы тұрғын үй кезегіне тұра алады. Ол үшін қандай да бір мекемеге барып та әуре болудың қажеті жоқ. Үйден отырып-ақ, orken.otbasybank.kz порталы арқылы тіркеле аласыз.
Бұл портал — «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының» ақпараттық жүйесі. Кезекке тіркелу 24 мамыр сағат 9.00-де басталмақ. Ең бастысы, азаматтардың қолында электронды цифрлық қолтаңба болуы тиіс. Қолтаңба сайтта авторизациядан өту үшін қажет. Сонымен қатар, ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркеулі болуы тиіс.
— Тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке тұруға өтінім берген кезде ақпараттық жүйе үміткердің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Егер ол кәмелетке толған азамат болса және оның, сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үйі болмаса, онда ол тізімге енгізіледі, — дейді «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының бизнес дамыту бөлімінің басшысы Арман Нұрғаламов.
Айта кету керек, порталға өтінім бергеннен кейін басында баспананың бар-жоғы ғана тексерілмейді. Сонымен қатар, баспанаға мұқтаж жанның әлеуметтік мәртебесі, санаты ескеріледі. Былайша айтқанда, өтініш берушінің цифрлық портреті түзіледі. Барлық деректерді сүзгіден өтіп, жүйенің саралауы болашақта өтініш берушіге тұрғын үй мәселесін шешуде мемлекеттік қолдаудың түрлі шараларын ұсыну үшін қажет көрінеді. Дербес деректерді жинау кезінде 1414 нөмірі арқылы өтініш берушіге SMS-хабарлама келетінін әрі оған жауап беру керектігін ескеру қажет.
Сонымен, кімдер тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке тұруға өтініш бере алады? Соңғы бес жылда атында баспанасы жоқ, кәмелетке толған қазақстандықтар қатыса алады. Жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар да есепке алынады. Бір ескеретіні, кезекке тұрғанның бәріне тұрғын үй мәселесін шешуде тегін пәтер беріледі дегенді білдірмейді. Ал азаматтардың цифрлық портреті қалыптастырылғаннан кейін әлеуметтік санатына, отбасы табысына қарай тұрғын үй мәселесін шешу құралдары ұсынылады. Мәселен, тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау, жергілікті атқарушы органдардың жалға берілетін тұрғын үйіне қол жеткізу, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде ең төменгі бастапқы жарнамен және жылдық 2 пайыздан және 5 пайызға дейінгі мөлшерлемемен жеңілдікті бағдарламаларға қатысу мүмкіндігіне ие болады. «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламаларына қатыса алады. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктерден жалға берілетін тұрғын үй немесе әлеуметтік тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдікті кредиттер берілген кезде банк азаматтардың есепке тұру күніне негізделеді. Яғни, ертерек тұрғанға ертерек беріледі.
Бұл ретте, Павлодар қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Кенжегүл Жолжақсынованың айтуынша, тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70 пайызы баспанамен қамтуда бірінші кезектегі құқығы бар азаматтардың санаттарына басымдық берілетінін атап өтті. Ал бұл жеңілдікке ие санаттар саны артқан. Олардың қатарына енді ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар, өзге мемлекет аумағында әскери ұрыстарға қатысқан ардагерлер, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, I және II топ мүгедектігі бар азаматтар, жесір әйелдер мен әйелі қайтыс болған ерлер қосылды. Бұрын жесір әйелдер мен әйелі қайтыс болған ер азаматтар толық емес отбасылар санатына жатқызылып келген.
Бұрын тұрғын үй кезегіне ел азаматтарының белгілі бір санаттары ғана kezekte.kz сайты арқылы кезекке тұрып келді. Енді осы кезекте тұрғандарға не болады деген заңды сауал туындайды. Мамандар бұл кезек қаз-қалпында жергілікті атқарушы орган құзырынан Отбасы банкке қарасты ақпараттық жүйеге берілетінін айтты. Сол себепті тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға сайтқа кіріп, кезектерін бір тексеріп алуға кеңес беруде. Жүйеде қандай да бір ақау болып, кезектен бәзбіреулер түсіп қалғанның өзінде құзырлы органдар оны қалпына келтіру мүмкіндігі бар деп сендірді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Павлодар қаласында әлеуметтік осал топтар санатына жататын 6500-ден астам тұрғын пәтер кезегінде тұр.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.