Әр мекеме халыққа қызметтің барынша қолжетімді әрі жылдам болуына күш салуда. Яғни, біз бен сіздің уақытымызды үнемдеуде. Түрлі технологияларды енгізіп, жаңа сервистер қолға алу арқылы жайлылық жасалуда. Міне, осындай оң өзгерістердің игілігін алдағы уақытта көлік жүргізушілері, жалпы «темір тұлпар» тізгіндеуге ниетті азаматтар
көреді.
Қосымша сервис іске қосылды
Бұл жаңашылдықтардың бірі — маман-дандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында құрылатын «жеке менеджер» сервисі. Биыл мұндай сервис еліміздің барлық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында іске қосылады. Жеке менеджер қызмет алушыларға басым тәртіпте қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, бұл күту уақытын едәуір қысқартады.
Жеке менеджер сервисін қолдану үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы ресепшнде отырған маман көмегіне жүгіну керек. Жеке менеджер қызмет алушыны кезектен тыс қабылдайды және автомобильді тіркеу, көлікті есепке қою және шығару, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін беруге қажетті құжаттарды рәсімдейді.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемле-кеттік корпорациясының баспасөз қызме-тінің мәліметінше, қызметті таңдау кезінде азаматтар жеке менеджерге жіберіледі. Жеке менеджер келісімшарт жасайды, құжаттарды рәсімдейді және оларды жалпы кезекпен уәкілетті мемлекеттік органға орындауға жолдайды.
— «Азаматтарға арналған үкімет» – азаматтармен өзара қатынас сапасын, жылдамдығын және тиімділігін үздіксіз арттыруға басымдық беретін және қызмет алушыларға бағдарланған ұйым. Азаматтардың жедел қызметке сұра-нысын ескере отырып, біз 2024 жылы «Жеке менеджер» қызметін алғаш рет Қазақстанның төрт қаласында пилоттық режимде іске қостық, ал 2025 жылдан бастап аталған сервис елдегі барлық орталықтарға енгізілді, – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы жеке менеджер сервисі былтыр Астана, Алматы, Шымкент және Орал қалаларына енгізілген. Жарты жыл ішінде пилоттық жобаның тиімділігі байқалған, сондықтан бүкіл ел бойынша енгізіліп отыр.
Былтыр облысмымызда электронды қызметті қоспағанда 69 914 көлік тіркелсе, биыл жыл басынан бері 11 137 автомобиль тіркеуге қойылыпты.
Естеріңізге сала кетейік, маман-дандырылған орталықтарда құжаттарды дүйсенбіден жұмаға дейін 9.00-ден 18.00-ге дейін қабылдайды. Ал сенбі күні кезекші мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары 9.00-ден 12.00-ге дейін жұмыс істейді.
Енді — eGov Mobile-да
Енді елімізде жүргізуші куәлігін ауыстыру қызметі eGov Mobile қосымшасында қолжетімді болмақ. Демек, Қазақстан азаматтары жүргізуші куәлігін онлайн түрде ауыстыру мүмкіндігіне ие болады.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қоғаммен байланыс қызметінің мәлімдеуінше, бұл қызмет құжаттың қолданылу мерзімі аяқталған, құжат жоғалған, ұрланған немесе төлқұжат деректері өзгерген жағдайда қолжетімді болмақ. Қазірдің өзінде бұл қызметті елімізде 7 мыңнан астам азамат пайдаланып үлгеріпті. Өткен жылы 4739 адам алғаш рет жүргізуші куәліктерін алса, биыл 258 азамат жүргізушілер қатарына қосылған.
Бұл қызметте бұрын берілген жеке куәлік немесе төлқұжаттағы фотосурет пайдаланылады. Негізгі шарты – фотосуреті бар төлқұжаты соңғы үш жыл ішінде шығарылған болуы тиіс.
Сонымен қызметті пайдалану үшін азаматтар eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өтіп, «Қызметтер» бөліміне кіреді. Содан соң «Жүргізуші және көлік» бөлімінен «Жүргізуші куәлігін беру» қызметін таңдайды. Сондай-ақ, кейін дайын құжатты барып алып кететін халыққа қызмет көрсету орталығын таңдауы тиіс. Жүргізуші куәлігін ауыстыру себебін көрсетіп, фотосуретті жүктейді. Қолтаңба үлгісін жүктеп, байланыс нөмірін енгізеді. 4915 теңге көлемінде мемлекеттік бажды төлейді. Содан соң Face/Touch ID көмегімен өтінімді растауы керек. Қызметтің нәтижесін «Хабарламалар» бөлімінен біле алады.
Өтінім мақұлданғаннан кейін жүргізуші куәлігін өзі таңдаған халыққа қызмет көрсету орталығынан алып кете алады. Ол үшін жеке куәлігін көрсетеді және қолданыстағы жүргізуші куәлігін тапсырады. Жаңа құжат берілгенге дейін мерзімі өтпесе, бұрынғы куәлік жарамды күйінде болады. Айта кетейік, бұл қызмет eGov порталында да қолжетімді. Мұндай мүмкіндікті пайдаланған тұрғындардың бірі – Балдырған Тутан.
— Жүргізуші куәлігімнің мерзімі аяқталғанын байқадым. Достарымнан куәлікті онлайн ауыстыруға болатынын естігенім бар еді. Содан үйден шықпай-ақ мобильді қосымша арқылы өтінім жібердім. Құжат бірден дайын болады екен. Бұрын мұндай қызмет алу үшін мамандандырылған орталыққа барып, кезекке тұрып, қаншама уақытымызды жоғалтатынбыз. Қазір көпшілікке өте ыңғайлы болды, — дейді павлодарлық тұрғын.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.