Астанада 2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдум өткізу жөніндегі науқан шеңберінде ҚР Орталық референдум комиссиясының (ОРК) отырысы өтті. Онда республикалық референдум туралы заңнамадағы жаңашылдықтар, референдумды әзірлеу мен өткізудің ұйымдастырушылық аспектілері, референдум қарсаңындағы үгіт жүргізу мәселелері қаралды. Сондай-ақ саяси науқанды өткізу кезіндегі шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызметінің кейбір мәселелері сөз болды.

Күн тәртібінде — бір ғана мәселе

Орталық референдум комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіров, Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес атом электр станциясын салу мәселесі азаматтардың пікірін ескеру мақсатында жалпыұлттық референдум арқылы шешілетінін атап өтті. Референдумға қойылған мәселе: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділ Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір көрінісі және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жарқын үлгісі болатынын атап өтті. Шын мәнінде, жаңа қоғамдық-саяси мәдениет қалыптастырып, негізгі мемлекеттік шешімдерді қабылдаудың жаңа стандарттарының іргесі қалануда.

ОРК басшысы республикалық референдум тағайындалған сәттен бастап тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындайтынын, референдумды дайындауды және өткізуді ұйымдастыратынын түсіндірді.

Референдум комиссиялары қалай жұмыс істейді?

Республикалық референдум тағайындалған сәттен бастап тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындайды, референдумды дайындауды және өткізуді ұйымдастырады.

Орталық референдум комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісовтің айтуынша, ағымдағы жылдың 5 шілдесінде республикалық референдум туралы заңнаманы жетілдіру мақсатында тиісті Конституциялық заңға түзетулер қабылданды.

Негізгі жаңашылықтардың қата-рында ұлттық және халықаралық байқаушылардың, сондай-ақ шетелдік БАҚ өкілдерінің құқықтары мен міндеттерін бекіту (бұрын бұл мәселе референдум туралы заңнамамен реттелмеген, осыған байланысты сайлау туралы Конституциялық заңға сілтеме нормасы көзделген).

Сондай-ақ жаңартылған заңнамада бұқаралық ақпарат құралдарының референдумды әзірлеу мен өткізу барысын жария ету тәртібі айқындалады (осы мәселеде бірыңғай қолдану практикасы мақсатында сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес өзгерістер енгізілді).

Референдум өткізу кезеңінде қоғамдық пікірге сауал салу жүргізудің негізгі аспектілері, соңғы түзетулерге сәйкес, сайлау заңнамасында белгіленген талап-тарға сәйкес жүргізілуі тиіс.

Саяси науқанның ұзақтығы қандай?

Орталық референдум комиссиясы Төрағасының орынбасары Константин Петров саяси науқанның жалпы ұзақтығы тағайындалғаннан дауыс беру күніне дейін 35 күн болатынын хабарлады. Дауыс берушілердің тізімдерін жасау бойынша жұмысты жергілікті атқарушы органдар тағайындалғаннан кейін бірден бастайды. Дауыс беруден 20 күн бұрын, яғни 15 қыркүйекте тізімдер референдум учаскелеріне және электрондық түрде Орталық референдум комиссиясына беріледі.

Азаматтардың уақытша болатын орындарында құрылған референдум учаскелері бойынша республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері азаматтарға танысу үшін дауыс беру күніне 5 күн қалғанда ұсынылады.

Сайлау туралы Конституциялық заңда азаматтардың болу орнын ауыстырған кезде дауыс беру құқығына есептен шығару куәлігі бойынша дауыс беру құқығы көзделген. Есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегінде референдумның басқа учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін азаматтарға берілмейді.

Бюллетеньдер референдум учаскелеріне дауыс беруге дейін 3 күннен кешіктірілмей және 1 күннен кешіктірілмей жеткізіледі. Дауыс беру 6 қазанда таңғы 7.00-ден 20.00-ге дейін өтеді.

Референдумды ұйымдастыру үшін референдум учаскелерінің екі түрі тартылатын болады: азаматтардың тұрғылықты жері бойынша және азаматтардың уақытша болатын жерлерінде құрылған. Референдум учаскелерінің жалпы саны — 10 327 (оның ішінде азаматтардың тіркелген жері бойынша – 9 709, уақытша болатын жерлерінде – 618), оның ішінде шетелдік учаскелер — 78 (63 елде). Референдум комиссиялары мүшелерінің саны 70 049 адамды құрайды.

Ағымдағы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша сайлаушылар тізіліміне тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 12 176 968 азамат енгізілді.

Азаматтарға тізімдерде өздерін тексеруге және дауыс беруге арналған учаскенің орналасқан жерін білуге мүмкіндік беру үшін жергілікті атқарушы органдар тиісті онлайн сервистер мен интернет-ресурстарды қолдану практикасын жүргізеді.

Үгіт жүргізудің де әдебі бар

Орталық референдум комиссиясы мүшесі Анастасия Щегорцова республикалық референдум өткізу кезеңіндегі үгіттің негізгі аспектілерін түсіндірді.

Мәселен, республикалық референдум туралы Конституциялық Заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес Республиканың азаматтары мен қоғамдық бірлестіктері референдумға шығарылған мәселеге өз пікірін «жақтап» немесе «қарсы» айту құқығына кепілдік беріледі, бұл үгіт болып саналады.

Үгіт плакаттар, парақшалар, баннерлер және басқа да электрондық және баспа материалдарын шығару арқылы жүргізілуі мүмкін. Сондай-ақ заңда жиналыстар, митингілер, азаматтар жиын-дарын өткізу және бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт жүргізу көзделген.

Бұл ретте заңнамада үгіт жүргізу кезінде белгілі бір шарттардың сақталуы көзделген.

Барлық үгіт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйым, олардың басылған орны мен таралымы, оларды шығаруға жауапты тұлғалар туралы мәліметтер болуға тиіс. Анонимді үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, Республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық үстемдікке, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуға үгіттеуге жол берілмейді. Үгіт материалдарын орналастыру меншік иесінің келісімімен арнайы бөлінген орындарда және өзге де объектілерде жүзеге асырылуға тиіс. Жабық үй-жайлардан тыс үгіт (жиналыстар, митингілер) бейбіт жиналыстар туралы заңның талаптарына сәйкес жүргізіледі.

Үгіт референдум тағайындалғаннан кейін басталады. Бұл ретте референдумның алдындағы күні (үнсіздік күні) және референдум өткізілетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерде бұрын ілінген баспа үгіт материалдары, плакаттар сол орындарда сақталса, болады.

Қазақстанда республикалық референдумда халықаралық байқау институты ашылды. Қазақстан Республикасы көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде халықаралық байқау институтын ашу бойынша өзінің халықаралық міндеттеме-лерін тұрақты орындайды

Бұл туралы ОРК хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасап, жеке атап өтті.

Республикалық референдум туралы Конституциялық заңның 6-бабының 4-тармағына сәйкес референдум өткізу кезінде шет мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан аккредиттелген байқаушылар, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.

Қазақстанда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Орталық референдум комиссиясының Төрағасы мен Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша референдумды байқауға қатыса алады. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша ОРК жанынан аккредиттеледі.

Ағымдағы сайлау науқанында аккредиттеуді жүргізуді Астана уақыты бойынша сағат 18.00-де дауыс беру күніне 5 күн қалғанда, яғни 2024 жылғы 30 қыркүйекте аяқталады.

Отырыста Нұрлан Әбдіров дауыс беру күніне дейін учаскелік референдум комиссияларының мүшелерін оқыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Орталық референдум комиссиясы комиссия мүшелерін оқыту жұмысын ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында бастады. Бірінші кезеңде біз каскадтық әдіс қағидаты бойынша республикалық деңгейде өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын аумақтық референдум комиссиялары мүшелерінің арасынан 139 жаттықтырушы дайындадық.

Қазіргі уақытта сертификатталған жаттықтырушылар аумақтық референдум комиссияларының 1583 мүшесі үшін тренингтер өткізеді.

15 қыркүйекке дейін учаскелік референдум комиссияларының (төрағалардың, төраға орынбасарлары мен хатшылардың) басшылық құрамы үшін оқыту ұйымдастырылады — 30 981 адам және дауыс беру күніне дейін учаскелік референдум комиссияларының 37 346 басқа мүше-лері оқытудан өтеді. Осылайша, республикалық референдумды ұйымдастырушылардың барлық құрамы оқытумен қамтылатын болады.

Дәстүрлі әріптестермен бірлесіп саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін республикалық және өңірлік деңгейлерде оқыту жоспарлануда.

Сондай-ақ Орталық референдум комиссиясының басшысы отырысқа қатысушыларды ОРК мүшелерінің референдумды әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша өңірлерге инспекциялық сапарлары жоспарланғандығы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, халықты ақпараттандыру, дауыс беру күніне учаскелердің дайындығы және азаматтардың дауыс беруі үшін, оның ішінде мүгедектігі бар және дауыс беру кезінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қажетті жағдайлар жасау мәселелері қарастырылады.

 

Орталық референдум комиссиясының ақпараттары негізінде әзірленді.