Өткен демалыс күндері облыс орталығының жұртшылығы қала күнін атап өтті. Тарихы сонау қимақ қағанаты дәуірінен бастау алатын ерке Ертіс жағасындағы шаһардың мерекесін кең көлемде тойлады. Бұл күні спорттық сайыстар ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары қызықты бәсекелердің куәсі болды. Мәдени шаралардың барысында таланттардың өнеріне тамсанып, отандық және шетелдік эстрада өкілдерінің әндерін тыңдады.
Мереке жүгіруден басталды
Аймақ басшысы Асайын Байханов әлеуметтік желідегі ресми парақшасы арқылы қалалықтарды құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
— Қаламызды 163-ші туған күнімен құттықтаймын! Павлодардың басты құндылығы — бұл сіздер, оның тұрғындары. Еңбекқор, бастамашыл және талапшыл павлодарлықтар облыстың экономикасын алға жылжытуда.
Бүгін сіздердің әрқайсыла-рыңыздың мерекелеріңіз. Бұл — қаланың бой көтеруіне өлшеусіз еңбек сіңірген ардагерлеріміздің мерекесі. Бұл — Ертістің жағасындағы қаланы дамытатын жастардың мерекесі. Бұл — бүгінде облыс орталығының өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жатқан барлық жандардың мерекесі. Павлодардың бәріміз тұрғымыз келетін, сәулетімен, жетістіктерімен мақтанатын жайлы да көрікті қала болуын тілеймін. Сол үшін де біз жұмыс істеудеміз, – деп тілегін жолдады аймақ басшысы.
Қала күні мерекесі таңғы 6.00-де «QALA RUN» марафонынан басталды. Былтыр бірінші рет ұйымдастырылған бұл жарыс биыл да жалғасын тапты. Оған қатысуға барлығы 500-ден астам адам өтініш білдірді. Олар 5, 10 және 21,1 шақырымды жүгіріп өтті. Атап өтерлігі, биыл жартылай марафон бірінші рет бағдарламаға енгізілді.
— Мен түрлі марафонға тұрақты түрде қатысып келемін. Бүгін де жартылай марафонда қарым-қабілетімді сынап көрдім. Мұндай сайыстардың өтуі бұқаралық спортты дамытуға оң ықпал етеді. Әсіресе, қала күні аясында ұйымдастырылуы – қуантарлық жайт. Сол арқылы қалалықтарды да салауатты өмір салтын сақтауға үндейді, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Рыспек Әлімханов.
Жаңа сквер ашылды
Облыс орталығындағы 29 ноября – Достоевский көшелерінің қиылысында жаңа сквердің ашылуы тұрғындарға тамаша тарту болды. Ардагерлердің ұсынысы бойынша жайлы демалысқа арналған «Тұран» сквері салынды. Сөйтіп, өзен жағасында серуендейтін тағы бір жайлы орын пайда болды. Мұндағы алаңның 120 метріне кеспетас төселіп, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен қоршаулар орнатылып, гүлдер отырғызылды. Сквердің ашылуына аймақ басшысы Асайын Байханов, Ресейдің Омбы қаласының губернаторы Сергей Шелест, ардагерлер қатысты.
– Павлодар мен Омбы – бауырлас қалалар. Бір өзеннің бойында тұрғандықтан, ортақ міндеттеріміз көп. Осындай бауырлас қала тұрғындарын мерекемен құттықтаймын, — деді С.Шелест.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков өзен вокзалынан Усолка жағалауына өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің жобасын таныстырды. Ұзындығы 100 метр, ені 6,2 метр, су деңгейінен биіктігі 14 метрді құрайтын көпірдің құрылысын келесі жылы бастау жоспарланып отыр. Жаяу жүргіншілер көпірі Усолка өзенінің жағалауымен және болашақ эко-саябақпен байланыстырады.
Айта кетейік, биыл облыс орталығының шағын аудандарында 8 жаңа сквер пайда болады. Бүгінде олардың тең жартысы дайын. Тағы төртеуі тамыз айының соңында ашылады.
Бұл ретте атап өтерлігі, «Ертіс Медиа» ЖШС де қала күніне орай тарту жасады. Медиа холдинг басшысы Руслан Билялов өзінің еңбек демалысы уақытын кафельдерден арнайы композиция жасауға арнады. Мозайкалардан құралған бұл композицияда қаланың тұтас тарихы «сөйлеп» жатыр. Кәсіпорын басшысы тас ғасырынан қазіргі күнге дейінгі шаһар тарихын «Журналистер үйі» ғимаратының жиегіндегі тротуарға бейнеледі. Аталмыш композиция тұрғындар тарапынан зор қызығушылық пен таңданыс тудырды. Бұл да – қала күніне тамаша сый.
Тұлпарлардың дүбіріне тамсанып…
Айтулы күнге орайластырылған басты шаралардың бірі – «Құлагер» ипподромында өткен ат жарысы. Шабандоздар аламан бәйге, топ бәйге және құнан бәйгеде сынға түсті.
Ауыздықпен алысқан тұлпарлардың дүбіріне делебесін қоздырып, шабандоздардың жарысына жанкүйер бола келген жұрт жүйріктер мәре сызығын кескенше айғайға басып, шулап отырды. Ұлы дүбірге еліміздің орталық, шығыс, және солтүстік өңірлерінің атбегілері де арнайы келіп, баптап келген жүйріктерін бәйгеге қосты. Құнан бәйге 8 шақырым, топ бәйге 14 шақырым, аламан бәйге 24 шақырым қашықтықта сынға түсті. Сонымен, ең алыс жолға шапқан аламан бәйгеде Успен ауданының Аян есімді шабандозы атой салып, мәреге бірінші болып жетті. «Сафлор» есімді тұлпар — Успен ауданы Галицкое ауылындағы белгілі кәсіпкер Александр Касицынның аты. Тұлпар иесіне 1,5 млн теңгенің сертификаты берілді. Ал екінші жүлде астаналық атбегіге бұйырды. Ол 700 мың теңгенің сыйақысын алды. Мәре сызығына үшінші болып жеткен Абай облысының шабандозына 400 мың теңге берілді. Жеңімпаздарды облыс әкімі Асайын Байханов марапаттап, тұлпар баптап жүрген атбегілерге алғысын білдірді. Одан бөлек, топ бәйге мен құнан бәйгенің жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар берілді.
Осы бәйгеде бабы келіскен бапкерлердің бірі — Ербұлан Тілеуғалиұлы. Ат терлетіп Абай облысынан келіпті. Бапкердің жүйрігі топ бәйгеден топ жарды.
— Бүгінгі бәйге өте жоғары деңгейде өтті. Жүйріктерім бұған дейін де талай бәйгеден топ жарып жүр. Тіпті, темір тұлпар мінген кездер де болды. Алдымызда дүниежүзілік көшпенділер ойыны тұр. Енді сол додаға дайындаламыз, — дейді Ербұлан Тілеуғалиұлы.
«Құлагер» ипподромына жиналған жұртқа қазан-қазан палау тегін таратылды. Сонымен қатар, ұтыс ойындары ұйымдастырылып, тұрмыстық техникалар сыйға берілді.
Ал кешкі уақытта «Ertis Promenade» сахнасында тамаша шоу-концерт ұйымдастырылды. Алдымен «Караоке PVL-2» жобасының ақтық сынына өткен әншілер өнер көрсетсе, кейін жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты. Мерекелік шараның басты қонақтары — отандық әнші Тұрар, көпшіліктің көзайымына айналған атақты «Орда» тобы мен «Евровидение» байқауының қатысушысы, ресейлік Севак кештің көрігін қыздыра түсті. Бұл күні Орталық жағалаудағы мерекелік кешке 60 мыңнан астам адам жиналды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,
Тілеуберді САХАБА.