Павлодар қаласының іргесіндегі Кенжекөл ауылына бет алсаңыз, алыстан көз тартатын аркасы бар аллеяны аралап шықсаңыз болады. Әсем аллеяда алаңсыз серуендеп қайтуыңызға болады. Тұрғындарға мұндай тарту биыл аймағымызда облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған бонустық қор нәтижесінде жасалған.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Кенжекөлдегі соңғы жаңалықтармен, оң өзгерістермен танысуға арнайы барған. Instagram әлеуметтік желісінде шаһар басшысы дәл осы бонустық трансферт есебінен бірқатар игі істер жүзеге асқанын мәлім етті. Арка маңындағы аллеяға орындықтар, қоқыс жәшіктері, спорттық жаттығу құрылғылары орнатылыпты. Жазда серуендеуге келген тұрғындар әсем гүлзарларға куә бола алады. Гүлзарлар өздігінен суарылып тұрады. Одан бөлек, фотоаймақ ұйымдастырылыпты. Бір сөзбен айтқанда Кенжекөлдегі аллея қаланың ортасындағы саябақтардан кем түспейтін көрінеді.

— Сондай-ақ, бонустық қордың арқасында ауылда тартан жабындысы және ойнайтын құрылғылары бар үш жаңа ойын алаңы пайда болды. Барлық жаңа нысандарда бейнебақылау камераларын орнату көзделген. Келесі жылы қала маңында тағы 5 ойын алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Байдала және Долгое ауылдарында да салынады. Сол арқылы ойын алаңдарына деген қажеттілік толығымен қанағаттандырылады, — дейді қала әкімі Х.Хабылбеков.

Кенжекөлде жыл сайын жолдарды жаңарту жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда. Биыл жалпы ұзындығы 4,5 шақырымнан асатын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бүгінгі таңда ауылды асфальтпен қамтамасыз ету көрсеткіші 94,5% құрайды. Кенжекөл ауылдық округінің әкімі Медет Сансызбаевтың мәлімдеуінше, ауылда тіркеуде 9 мыңнан аса адам бар. Елді мекен қалаға жақын орналасқандықтан, халық саны он мыңнан асуы әбден мүмкін деген пікірде. Кенжекөлде бүгінде 54 көше бар. Кезінде берілген жер телімдерін иелері игеруіне байланысты жылында шамамен 20 шақты үй қосылып отырады. Сәйкесінше, асфальт төсеуді қажет ететін тұйық көшелер қатары да артады. Көшелерді жарықтандыру ісі де жалғасуда.

— Қазіргі таңда көшелер 99 пайызға жарықтандырылған. Жыл сайын үй саны, көше саны өсетіндіктен, жүз пайызға жету мүмкін емес. Дегенмен, ескі желілерді ауыстыру жұмыстары да жүргізіледі. Үй салып, тұрғындар өздері тартқан, стандартқа сай келмейтін желілерді ауыстырып жатырмыз. Одан бөлек, 10 шақырымға жуықтайтын иесіз жарық сымы жаңартылуда. Бүгінде оның ауыстырылмаған 2-3 шақырымы ғана қалды. Сонымен қатар, «ПЭТК» АҚ алдағы жылы 7 кешенді трансформаторлық подстанцияны ауыстыруды жоспарлап отыр. Желілерді де жаңартуды қолға алмақ. Бұл шаралар ауылда жарықтың жиі өшіп қалу мәселесін шешуге оң әсер етеді, — дейді М.Сансызбаев.

Жалпы, аталмыш ауыл тұрғындары қалаға қатынайтын автобустардың жиілі-гіне қатысты біраз өтініштер білдірген екен. Бүгінде №24 және №21 автобустар Кенжекөлге күніне 80 рет кіріп, жолаушыларды тасымалдайды. Одан бөлек, бұл округке қарайтын Долгое және Байдала елді мекендеріне қатынайтын жеке автобустар қарастырылған.

Жалпы, Кенжекөлді көркейтуге қатысты алдағы жылдарға жоба-жоспарлар баршылық. Бұл ретте, қала басшылығы да қолдаудың жан-жақты болатынын ауылды аралау барысында атап өтті. Нақтысы, Хасар Хабылбеков «қала маңындағы елді мекендерді жоспарлы абаттандыруды жалғастырамыз. Тұрғындар үшін мұнда өмір сүру барынша ыңғайлы болуы тиіс», деді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.