дүйім жұрттың қабырғасын қайыстырды

Осыдан тура бір апта бұрын Баянауыл ауданындағы «Майқайыңалтын» кенішіне қарасты шахта аумағындағы топырақ опырылып түсіп, оған төрт бірдей құтқарушысы бар автобус құлап кетті. Екі құтқарушының денесі көп ұзамай шығарылғанымен, автобус пен екі адам әзірше табылған жоқ. Оқыс оқиға орнында әлі де қауіптің жоғары болуы жағдайды қиындатып отыр. Ел тарихында мұндай төтенше жағдай болған емес. Сондықтан мамандар әлемдік тәжірибені назарға алуда.

Құтқарушылар әлі іздестірілуде

Өткен бейсенбінің таңы қаралы хабармен атты. Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні алтын өндіретін кеніш аумағында шұңқыр пайда болып, шақырту бойынша құтқару жұмыстарына шыққан автобус әлгі тереңдікке құлап кеткен. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сағат 01:25 шамасында тазарту кеңістігіне құлаған көлік ішінде төрт адам болған. Болжам бойынша, құлаған аумақтың ұзындығы – 150-200 метр, ені – 500 метр, тереңдігі – 150 метр. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ. Оқиға орнында бірден облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен жедел штаб ұйымдастырылды.

Сол күні кешкісін тереңдіктен екі құтқарушының денесі табылды. Олар — республикалық орталық штаб кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының құтқарушылары 24 жастағы Сарқыт Берліқан мен 53 жастағы Олег Тышкевич.  Сарқыт Берліқанның артында жары мен екі ұлы қалды. Кенжесінің туғанына екі айдан енді асты. Ал Олег Тышкевич өмірлік серігінен айырылып, ұлы мен қызын жалғыз тәрбиелеп жатқан еді. Енді балалары асқар тау әкесінен де айырылды.

Құтқарушылар бір апта бойы тағы екі азамат – 36 жастағы Айдос Шаймерден мен 55 жастағы Айып Тілеубергеновті іздестіріп жатыр. Екеуі де – Майқайың кентінің тұрғындары. Айдос Шаймерден – взвод командирінің жедел-алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары, бес баласы бар. Ал Айып Тілеубергенов – көлік жүргізушісі, үш баланың әкесі. Өкінішке қарай, олар әлі табылған жоқ.

Бұған дейін аймақ басшысы Асайын Байханов құтқарушылардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтқан еді. Қаза тапқан және жоғалған құтқарушылардың жанұяларына «Майқайыңалтын» АҚ және кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы тарапынан әрбір отбасына 4,5 млн теңге көлемінде материалдық көмек қарастырылады. Мемлекет тарапынан қаза тапқан жандардың отбасыларына асыраушысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады.

Бұрын болмаған төтенше жағдай

Күні кеше ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов қайғылы жағдайдың орын алу себептерінің алдын ала болжамын жасап, шахта аймағында шұңқырдың неден пайда болғанын хабарлады.

— Белгілі болғандай, шахта аумағында топырақ сырғып құлап, шұңқыр пайда болған. Соның әсерінен қатты шу мен шаң көтерілсе керек. Оны оператор жарылыс, ал көтерілген шаңды түтін деп болжап, құтқарушыларды шақырған. Бұған дейін бұл аумақ жолы бар, тегіс жер болғандықтан автобусқа отырған құтқарушылар шұңқырды байқамаған. Қараңғыда оны ешкім көрген жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның жалғыз куәгері – оператор. Құтқарушыларды шақырған, олармен бірге оқиға орнына барған да сол, — деді С.Шәріпханов.

Сол күні-ақ авариялық-құтқару жұмыстарына кәсіби әскериленді-рілген авариялық-құтқару қызметтері, Павлодар филиалының, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ төтенше жағдай департаменті құтқарушыларының күштері мен құралдары жұмылдырылды. Барлығы 44 адам, 13 техника және бір дрон жұмыс істеді. Бірақ бұл жұмыс айтарлықтай нәтиже бере қойған жоқ. Бұл ретте шахта аумағында топырақтың үздіксіз сырғып, тастың тоқтаусыз құлап жатқанын атап өту керек. Сондықтан бұл құтқару жұмыстарын қиындатып жіберді. Құтқарушылар әріптестерін тереңдіктен алып шығу үшін жоғары қауіпті режимде жұмыс істеп жатыр.

Жұма күні құтқару шараларына барлығы 116 адам мен 23 техника тартылды. Бұл күні таңғы сағат 6.00-де Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінен кинологтар бригадасы келіп, бірден іздестіру жұмыстарына кірісті. Сондай-ақ, жедел штаб мамандандырылған техниканы опырылған жерге түсіру үшін шамамен 120-130 метр тереңдікке траншея қазу туралы шешім қабылдап, өткел дайындауға кірісті. Бұл іске 3 экскаватор, 2 тиегіш пен 2 бульдозер жұмылдырылды. Жұмыстар тәулік бойы, үздіксіз жүргізілді. Сөйтіп, 5 мың текше метрге жуық топырақ пен тау жыныстары қазылып, шығарылды.

Арнайы сканер жеткізілді

Жексенбіде «Богатырь Көмір» кәсіпорнының үлкен краны орнатылып, Балқаштан жер астын барлайтын арнайы геологиялық сканер құрылғысы жеткізілді. Ол – жоғары жиіліктегі импульстер арқылы жер астын зерделеп, топырақтың бейнесін көрсете алатын Қазақстандағы жалғыз құрылғы. Алғашқы күндердегі қазу жұмыстары айтарлықтай нәтиже бермеген соң жедел штаб өкілдері осы құрылғы автобусты тауып берер деген сенімде болды. Шынымен, геологиялық сканер құтқарушылар көлігінің жатқан орнын шамалап көрсетіп берді.

– «Майқайыңалтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жалғастырудамыз. Геологиялық сканердің нәтижелері өңделіп, шамамен автобустың орналасқан жері анықталды. Көлік жатқан жерге дейінгі ықтимал тереңдік 5-7 метрді құрайды. Шағын экскаваторды шұңқырға түсіру жоспарланып отыр. Оны ойық табанына жеткізу үшін траншея дайындау жұмыстары пысықталып, құтқарушылардың әрі қарайғы іс-қимылдарын күшейту туралы шешім қабылданды, – деп баяндады облыс әкімі.

Арнайы техниканың кіруі үшін өткелді тереңдету жұмыстары жалғасын тапты. Барлығы 37 мың текше метрден астам топырақ пен тау жыныстары шығарылды. Сонымен қатар, штаб жұмысына 51 жыл кенші болып еңбек еткен, соның ішінде «Майқайыңалтын» АҚ шахталарында 42 жылдан астам жұмыс істеген ардагер Иван Терешков қосылды. Тәжірибелі маман өзінің бар көрген-түйгенімен бөлісіп, кеңестерін берді.

Оған қоса, мамандар геологиялық құрылғы көмегімен топырақ қабатын екінші рет сканерледі. Оның нәтижелері бойынша іздестіру жұмыстарының барысы айқындала түсті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынған соңғы мәлімет бойынша, «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде арнайы техниканың кіруі үшін өткелді тереңдету жұмыстары жалғасуда. Шұңқырдың түбіне дейін әлі де 40 метрден астам тереңдік жерді қазып, жол салу қажет. Ауыр техника асқан сақтықпен және шұңқырдың бүйір қабырғаларының құлау қаупіне байланысты барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жұмыс істеуде. Барлығы 90 мың текше метрден астам топырақ пен тау жыныстары шығарылды. Іздестіру жұмыстары жалғасуда және тәулік бойы жүргізілуде.

Бұл ретте Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов тәуел-сіз ел тарихында мұндай оқыс оқиға болмағанын алға тартты. Сондықтан мұндай төтенше жағдайда әрекет етудің тәжірибесі жоқ екенін де жасырмады.

— Ең бастысы – құтқарушылар мен қазба жұмыстарына тартылған адамдардың қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Бұл — оңай іс емес. Қазіргі уақытта іздеу жұмыстарының нақты қай уақытта аяқталатынын болжап айтудың өзі қиын. Нақты уақыт шеңбері туралы айту әлі ерте. Қазақстанда мұндай төтенше жағдай бұған дейін болған емес. Сондықтан біздің жеке тәжірибеміз де жоқ. Қазір әлем елдері бұл бағыттағы жұмысты қалай жүргізетінін саралап, шет мемлекеттердегі тәжірибені зерделеп жатыр. Автобусқа әуеден кіру екіталай. Жерді тазалап, автобусқа жету үшін техниканы пайдалану керек, — дейді министр.

Ал 5 қаңтарда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі екі немесе одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

— Тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Алдын алуға болар ма еді?

Қайғылы жағдай орын алған Майқайың кентінде барлығы 9 мыңнан астам адам тұрады. Еңбек жасындағы азаматтардың дені жергілікті алтын өндіру орнында еңбек етеді. «Майқайыңалтын» АҚ мәліметінше, мұнда барлығы 1 012 адам жұмыс істейді. Акционерлік қоғамның құрамында екі кеніш тобы мен кен байыту фабрикасы, көлік цехы, көлік жөндеу шеберханалары мен химиялық зертхана, өзге де құрылымдық бөлімшелер бар.

Оқыс оқиғаға байланысты бүгінде шахталардың жұмысы тоқтап тұр. Тек кеніштің ісін қамтамасыз ететін электр желілерімен жабдықтаушы мамандар, әкімшілік құрылым мен кен байыту фабрикасы өз ісін жалғастыруда. Қызметкерлердің бір бөлігі ақылы еңбек демалысын алды. Демалысқа шығуды құп көрмеген жұмысшыларға кәсіпорынның тұралап тұрған уақыты кезінде айлықтың тең жартысы көлемінде жалақы төленетін болады.

Осы «Майқайыңалтын» АҚ-ның өндірістік базаларындағы қауіпсіздік шараларына кәсіби әскери-лендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының қызметкерлері жауапты болған. Мекеменің ресми сайтында көрсе-тілгендей, біздің облыстағы бөлімшеде 209 адам қызмет атқарады. Оның 36-сы дәл осы алтын кенішінде құтқару қызметтерін атқаруға міндетті. Одан бөлек, кәсіби құтқарушылар Екібастұз бен Бозшакөлдегі кен орындарында еңбек етеді.

Оқыс оқиғадан соң Майқайың кентінің кей тұрғындары бұл аумақтың қауіпті екенін кәсіпорын басшы-лығына бірнеше рет ескерткенін алға тартады. Ойпаң жер болғанына қарамастан оның үстінен салынған жолмен көліктердің қатынасы үзілмеген көрінеді. Егер қауіпті аумақты айналып өтетін жол қарастырылса, мұндай қайғылы жағдайдың алдын алуға да болар ма еді, деп топшылайды жергілікті жұрт.

Мұны кесіп айту әзірше ерте. Оқыс оқиғаның себеп-салдарын арнайы құрылған комиссия мен құқық қорғау органдарының өкілдері анықтайтын болады. Қазіргі уақытта автобус пен оның ішінде қалған екі құтқарушыны табу бәрінен де маңызды. Олардың жақын-жұрағатының үміті үзілген жоқ. Бүкіл ел болып азаматтардың табылуын тілеп отыр.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Суреттерді түсірген —
Валерий Бугаев.