Берік Смағұлов сонау 1984 жылы «Богатырь Көмір» кенішіне
жұмыс істеуге келген. Алғашында жол жөндеуші ретінде еңбек жолын бастайды. Араға екі ай салып, жас жігіттің ынта-жігерін байқаған басшылық ауыр техниканы тізгіндеуге баулуды жөн көреді.

 

Сөйтіп, кен аршитын, қатты отынды қазатын экскаватор машинисінің көмекшісі болып жауапты іске араласады.

— Қарағанды облысының Ағадыр ауданында туып-өскенмін. Әскерден кейін жолдамамен Екібастұз қаласына келдім. Ірі кенішке жұмысқа тұрдым. Ол кезде жан-жақтан жастар өнеркәсіпке жаппай келіп жатқан шақ еді. Білмейтінімізді үйретіп, алдыңғы буын азаматтар жол көрсетіп отырды. Жол жөндеуші болып жүргенімде Екібастұздағы оқу комбинатына бес айлық курсқа жіберді. Мұнда ауыр техника жүргізудің қыр-сырын үйрендім. Сол алған білім, кейін қалыптасқан тәжірибемен бүгінге дейін жұмыс істеп жатқан жайым бар, — дейді Берік Серікұлы.

Бүгінде ЭКГ-12 УСМ маркалы экскаваторды тізгіндеген шахтер кеніште кен аршу жұмысын атқаруда. Әр ауысымның басталуында басшылықтан радиобайланыс арқылы тапсырма алады. Яғни, бір ауысымда бригада қанша текше метр аумақты аршып шығуы керектігін белгілеп береді.

— Кейде 3500 шаршы метр, кейде 5-6 мың текше метр аумақтың бетін аршуымыз керек. Аршыған аумақтан алынған үйіндіні ауыр техникаларға тиейміз. Қасымда көмекшім бар. Бір ауысымда бригадамызда 10 шақты адам еңбек етеміз. Мен тізгіндеп жүрген экскаватордың шөміші — 12,5 текше метрлік. Яғни, бір жерге тигенде осындай көлемді қамтып алады. Бұған дейін 12 текше метрлік техниканы басқарғам. Ол ескіріп, осыдан 12 жыл бұрын есептен шығарылды. Ал қазіргі техника айтарлықтай жаңартылған. Ішінде желдеткіші бар. Барлық жағдай жасалған, — дейді даңқты
шахтер.

Берік Серікұлы шахтер болу, кеніште еңбек ету оңай еместігін жасырмайды. Бірақ, үйреніп қалған қызметтен кеткісі келмейді. Тіпті, басқа жұмысты елестетіп те көрмегенін айтады.

— Жас маман ретінде келгенде аға буын білгенімен бөлісті. Бізді жетелеп, жұмыстың қыр-сырын үйретті. Маған көп кеңесін беріп, кеніштегі жауапты істерге араласуыма Александр Викторович Бобнев есімді азамат жол сілтеді. Қазір өзіміз аға буын қатарына қосылдық. Жастарды барынша үйретіп, соңымыздан ілестіруге тырысамыз, — дейді Берік Смағұлов.

Ол жастардың бәрі бірдей ауыр жұмысқа шыдап, тұрақтап қалмайтынын да жасырмайды. Келген бетте кімнің болашағын осы саламен байланыстырғысы келгені көрініп тұрады, дейді. Жетелеп, оларға бағыт береді, білмейтін тұсын түсіндіруден жалықпайды. Ұлы Дамир де әке жолын қуып, теміржол бойынша байланыс желісінде қызмет етеді.

Елімізді қатты отынмен қамтуда орны ерек Екібастұз шаһары біз тілдескен шахтерге өте ыстық. Кеншілер қаласына уақытша қызметке келіп, тұрақтап қалған.  Осында қызылордалық мебдике Оразгүлмен отау құрып, Дамир, Анель, Ақниет есімді үш бала өсіріп, тәрбиелеген. Екі немере, үш жиен көрген. Кіші қызы бүгінде психолог мамандығын меңгеруде.

Табандылықпен атқарып жүрген адал қызметі елеусіз қалған жоқ. Берік Серікұлы«Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері» атағына ие. «Ерен еңбегі» медалін кеудесіне таққан. Кеніштің «Құрмет тақтасына» да суреті ілінген. Қырық жыл қатты отын өндірісіне өлшеусіз үлес қосып жүрген азамат, әлбетте, мұндай сый-құрметке әбден лайық.

Айта кетейік, Берік Смағұлов еңбек ететін қазіргі «Богатырь» кенішінде алғашқы кен игеру ісі сонау 1954 жылы басталған. Мұнда көмір ашық әдіспен өндірілетінін білесіздер. Қазіргі таңда кәсіпорында жеті мыңға жуық адам еңбек етеді. 817 қызметкер 30 жасқа дейінгі жастар санатына жатады. Қызметкерлердің орташа жас шамасы – 43 жас. Аталмыш кеніштен шығатын қатты отын елімізде Астана қаласына, Павлодар, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарына жөнелтіледі. Сонымен қатар, Ресей Федерациясының энергия жүйесі де екібастұздық көмірді тұтынады.

Биыл жеті ай ішінде бұл кеніште 23 790 мың тонна көмір өндірілген.

 

Сандарды сөйлетсек:

— Биыл 7 айда облыста 36 млн 505 мың тонна көмір өндірілді. Өткен жылғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 6,5 пайызға аз.

— Оның ішінде 35 млн 577 мың тоннасы тас көмір болса, 928 мың тоннадан астамы — қоңыр көмір.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.