«Майқайыңалтын» кен байыту комбинатында қаңтардың 4-інде орын алған апаттан кейін кәсіпорында ішінара жұмыс жүргізілгенімен, қызметкерлердің бір бөлігі мәжбүрлі демалысқа жіберілгенін білесіздер. Енді, міне, акционерлік қоғам ақпанның 22-23-інен бастап, сәуірдің 1-іне дейін жұмысын уақытша тоқтатпақ.
Кәсіпорын мәжбүрлі түрде тоқтайтынына байланысты қызметкерлерінің жалақысын жартылай төлеп, демалысқа жібермек. Бұған дейін «комбинаттың жұмысшылары жұмыстан босатылады» деген ақпарат тараған болатын. Облыстық еңбек басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Яғни, фабрика қажетті шикізаттың жоқтығынан жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Себебі, қаңтардың басындағы апаттан кейін шахталық жұмыстар жүргізілмеген. Сәйкесінше, өңдеуге шахтадан қазып алынған шикізат таусылған. Соңғы уақытта кәсіпорын қайғылы оқиғаға дейін қазылған ескі шикіқұрамды байытумен айналысқан.
— Жұмыс беруші — «Майқайыңалтын» акционерлік қоғамының түсіндіруі бойынша, қазіргі таңда фабрика жұмысын тоқтатуға дайындық шараларын жүргізуде. Шамамен 22-23 ақпанда уақытша тоқтатылмақ. Жұмыс берушінің кінәсінен мәжбүрлі тоқтап тұратындықтан фабриканың жұмысшыларына айлық еңбекақыларының елу пайызы төленеді. Қызметкерлерді толық жұмыстан шығару мәселесі қарас-тырылып жатқан жоқ, — деді облыстық еңбек басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылай Сабыров.
Қазіргі таңда «Майқайыңалтын» АҚ штатында 1000 адам бар. Олардың бір бөлігі — тау-кен жұмысымен тікелей айналысқан азаматтар. Олар — апат орын алған кезден бері мәжбүрлі демалыста. Нақтырақ айтсақ, 153 жұмысшы 50 пайыздық төлеммен мәжбүрлі демалысқа жіберілген. Оның ішінде 109 адам шахтада еңбек етсе, 44 қызметкер — тау-кен техникасымен жұмыс істегендер. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, кәсіпорын жұмысын 2024 жылдың 1 сәуірінде қайта бастауды жоспарлап отыр.
Ағымдағы аптада ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіп қауіпсіздігі комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаев Liter.kz. газетіне берген сұхбатында фабриканың не себепті жұмысын тоқтататынын мәлім етті. Ол жұмысын қайта жандандыру үшін қандай талаптар орындалуы тиіс екенін атап өтті.
— Фабрика кеніштен қазып алы-натын шикізатпен жұмыс істейді. Апат орын алған кезде кәсіпорында бір айдай уақытқа жететін шикізат болды. Оны пайдаланып тастады. Қазіргі таңда шикізат жоқ, сәйкесінше, фабрика да жұмысын тоқтатты. Алдағы жағдайға келетін болсақ, тергеу-тексеру актісінде көрсетілген үш шара бар. Біріншіден, үйінді салдарының қаупіне ғылыми сараптама жасалауы тиіс, өйткені, қуыс жерлер қалай болатыны белгісіз, — деді М.Танабаев.
Айтуынша, екіншіден, бөгеттер санын анықтап, оларды бекіту қажет. Олар егер қуыс жерлерді толтырып тұрған масса кеніштің төбелігін тесіп өтсе, екпінді толқыннан жұмысшыларды сақтандыру үшін керек. «Майқайыңалтын» бұл шараларды 30 наурызға дейін орындап үлгерсе, жұмысына кірісуіне болады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.