Астанадағы «Magnum» сауда орталығы мен тапсырыс берушінің және тасымалдаушы қызметкердің арасында тілге қатысты орын алған оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсуде. Себебі, тіл — халықтың ең жанды нүктесі. Әсіресе, мемлекеттік тілдің қоғамдық орындарда қағажау көріп, «сыртқа шығып» қала беруі ана тілін құрметтейтін кез келген адамға ауыр тигені ешкімге жасырын емес.
Әлеуметтік желі арқылы жеткен ақпаратқа сүйенсек, астаналық Асылхан есімді азамат «Magnum» сауда желісі арқылы азық-түлікке тапсырыс берген. Ал оны жеткізген курьер тауарды табыстау кезінде тапсырыс беруші клиенттен қазақша сөйлеуді сұраған. Кикілжің осыдан басталса керек. Негізі мұндай талапты, яғни, қазақ тілінде қызмет көрсетуді тұтынушылар қойып жататын еді. Ал мына оқиғаның желісі бұрынғылардан өзгеше. Яғни, компания өкілі тұтынушыдан талап етіп отыр. Бірақ, жұмыс барысында мемлекеттік тілді қолданған және оны өзгеден талап еткен қызметкердің жұмыстан шығарылуы қоғамда үлкен резонанс туғызып, халықтың наразылығын күшейте түсті. Жұрт курьердің емес, қазақ тілінің сыртқа шығып қалғанына наразылық танытып, «Magnum» сауда үйіне қарсы байкот та жариялады. Әдетте қазақ тілді тұтынушылардың құқығы бұзылып жатқанда былқ етпейтін компания басшылары орыс тілінің құқығын қорғауға келгенде едел-жедел әрекет ететінін көріп таңырқағанымыз рас. Екінші мәселе, сауда желісіне тапсырыс беруші де, оны жеткізуші де қазақ. Яғни, қаны бір, жаны бір деп білетін екі қазақтың қара баласы өз ана тілдерінде тіл табыса алмай, айпара әлемге тағы да масқара болып отыр. Дегенмен, курьердің қазақ тілінде сөйле дегеніне шамырқанған клиенттің де өз айтары бар.
— Өз үйімнің табалдырығында, өз есігімнің алдында тапсырыс әкелген бейтаныс адам маған бұйрық бергендей әрі дөрекі түрде «қазақша сөйле» деп айтты. Бұл – дұрыс емес. Мен қазақ тілін білмеймін деп емес, мұндай диктаторлық мәдениетсіз қарым-қатынасқа қарсы екенімді айтқым келеді, — деген пікір білдіріпті Асылхан есімді азамат.
Қаламгер Шыңғыс Мұқан өзінің әлеуметтік желідегі парақша-сында осы мәселеге қатысты пікір жазып, қазақ тіліне қатысты кикілжіңнің екі қазақтың арасында болып жатқанына өкініш білдіріпті.
— Сабыр Адайдың «Әр қазақ — менің жалғызым» деген сөзі бар еді. Қазақ қоғамы осы сөзді іс жүзінде дәлелдеді. Бар қазақ бір қазаққа тұрып берді. Бірақ, «қазақша сөйле деп неге бұйырасың» деп кіжінген де қазақ. Ол да өз баламыз бір қарасаң. Қазақ десең өзіңе тиіп кете береді. «Magnum»-да 10 мыңнан аса қазақ жұмыс істейді екен. Жабылып қалса олар жұмыссыз қалады. Тасты қайда атсақ та қайта айналып өзімізге тие беретіні өкінішті-ақ, — дейді. Сонымен қатар, кейбір блогерлер арасында «Magnum» өз клиентіне бонус ретінде қазақ-орыс сөздігін тегін беріп жатыр» деген әзіл әңгіме де тарады. Одан бөлек бұл оқиғадан саяси астар іздемей, екі адам арасындағы түсініспеушілік деп жуып-шайып жатқандар да бар.
Иә, бұл көпшілікке ыңғайлы деген желеумен ресми тілді бірінші орынға қоятын, мемлекеттік тілге немқұрайлы қарайтын кейбір кәсіпкерлік нысандары үшін үлкен сабақ болғаны анық. Осы оқиғадан кейін біздің өңірдегі кафелер мен асханалардың мемлекеттік тілдегі қызмет көрсету сапасын білмекке «IZMIR» сауда желісіне хабарластық. Компанияға қарасты көптеген кафелердің іnstagram желісіндегі ресми парақшасындағы профильдегі хабарландырулар, ақпараттар орыс тілінде ғана жазылған. Осының өзі заң талаптарына бағынбау болып саналмай ма?! Бұл — тек «IZMIR»-ге ғана емес, басқа да тамақтану орындарына қатысты кемшілік. Ал тұтынушылардың байланысы үшін көрсетілген номер бойынша алдымен орыс тілінде жауап бергенімен біздің сұрауымыз бойынша бірден қазақ тілді мамандар тапсырыс қабылдады.
— Біз клиенттің сұрауы бойынша екі тілде қызмет көрсетеміз. Негізі, тапсырыс берушілердің көбі орыс тілінде сөйлейтіндіктен алдымен орысша жауап берілетіні рас. Дегенмен, одан арғысы тек тұтынушының талабына қарай жалғасады. Ал біздің клиенттердің тапсырысын жеткізуші курьерлердің барлығы екі тілде сөйлесе алады. Сондықтан, бұған дейін тіл мәселесі бойынша мұндай кикілжің туған емес. Әлі де әрбір тұтынушыға ыңғайлы тілде қызмет көрсетіле береді. Ал жеке парақшадағы ақпараттар мен хабарландыруларды қазақшаға аудару бойынша сауда желісінің әкімшілігімен талқылайтын боламыз, — дейді Рауза есімді қызметкер.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбайдың айтуынша, жеке кәсіпкерлік нысандарда, қызмет көрсету орындарында орыс тілінің үстемдігі әуелден бар. Дегенмен, осыған қарсы түрлі жұмыстар, ақпараттық-түсіндіру шаралары атқарылуда.
— Павлодар өңірінде қызмет көрсету саласында тілге қатысты мәселенің барын жасыра алмаймыз. Ол — бұрыннан белгілі жағдай. Дегенмен, қол қусырып отырмай, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тарапынан түрлі әрекеттер жасалуда. Мысалы, «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қызмет көрсетушілерге арналған жадынама әзірлеп жатырмыз. Онда кәсіпкерлердің ұсынатын қызметіне қатысты негізгі сөздердің аудармалары беріледі. Сонымен қатар, кәсіпкерлер палатасының ғимаратында арнайы кеңсе ашылады. Онда кәсіпкерлік нысандарға қатысты ақпараттық хабарламалар мен жарнамаларының аудармалары тексеріледі, — дейді Асылбек Туғанбай.
Бұрынғылар «Көп қорқытады, терең батырады» дегенді тегін айтпаған. Яғни, көптің талабы қашан да орынды болуы керек. Ал осы мүмкіндікті мемлекеттік тіліміздің үстемдігі жолында пайдаланып, қызмет көрсетушілердің тілін қазақшалау — барлығымызға ортақ міндет.
Тілеуберді САХАБА.