Кондиционер орнату: кімнің келісімі керек?

Мау 12, 2025

Жаз шықса, әсіресе, көпқабатты үйлердегі тұрғындар аптап ыстықтан сая іздейді. Технология дамып, бүгінде оның шешімі ретінде пәтерлерді әп-сәтте салқындатып беретін жабдық шыққан. Кондиционер деп аталатын құрылғыны құрғаннан кейін даланың қайнаған күнін сезбей қаласыз. Бүгінде екінің бірінің баспанасында сол бір «жәшік» қабырғасында ілулі тұр. Құрылғының бір бөлігі іште, екіншісі көпқабатты үйдің қасбетіне орнатылады. Міне, сол сыртқа орнатудың өзіндік тәртібі барын білесіз бе?

Кондиционерлерді орнатуға құлшынып тұрғандардың жарнамасынан көз сүрінеді. Әрбірі жылдам, шаңдатпай, сапалы орнататындарын айтады. Солардың біріне хабарласып, тұрғындардың қолында қандай да бір келісімнің бар-жоғын талап ете ме екенін білмек болдық.

«Мир ТВ» фирмасына хабарласып көрдік. Тұрғын ретінде. Ешқандай келісімнің қажеті жоғын кесіп айтты. Бәрі орнатып жатыр, келісім талап етілген емес, деді. Орнатқанға 33 мың теңге төлейсіз, біздің тараптан кронштейн сыйлыққа деп қуантып қойды. Шамамен екі сағатта құрылғыны орнатып береді екен.

Иә, бүгінге дейін «кондиционер орнатуға көршімнен келісім алдым» деген адамды кездестірмеппіз. Әркім қалтасының жағдайына келгенде желдеткішті сатып алып, мамандарды шақырып, орната салады. Басқа машақаттың барынан адамдар хабарсыз.

Алайда, заң бойынша келісімнің керегін ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі комитетінде көпқабатты үйлердің қасбеті пәтер иелерінің ортақ мүлкіне жататынын «Тұрғын үй қатынастары» заңына сүйеніп алға тартып отыр. Демек, кондиционерді қасбетке орнату жеке іске жатпайды. Келісіммен ғана жүзеге асуы керек көрінеді. Яғни, аталған заңның 40-бабы, 3-тармағына сәйкес, үйлердің салмақ түсетін, қоршайтын конструкцияларына, ортақ инженерлік желілеріне, үйдің ортақ мүлкіне тиетін кез келген жұмысқа барлық пәтер иелерінің үштен екі бөлігінің келісімін алу талап етіледі. Елімізде қазіргі таңда көпқабатты үйлерді пәтер иелері бірлестігі сынды ұйымдар басқарады. Пәтер иелерінің саны 30-дан аспаса, қарапайым серіктестікке біріктірілсе, пәтер саны 16-дан төмендері тікелей басқарылады.

Жалпы, пәтер иелерінің ортақ мүлкіне қатысты талаптар турасында заңгердің де пікірін білген едік. Заңгер Асқар Бахралинов Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй кодексінің» 31-бабының 2-тармағына сәйкес, көпқабатты үйлерде пәтер ішіне кірмейтін мүліктер пәтер иелерінің ортақ мүлкіне жататынын алға тартты. Оған көпқабатты үйлердің қасбеті, сыртқы қабырғасы, балкон да кіреді. Сәйкесінше, оған қандай да бір өзгеріс әкелу ортақ келісімді қажет ететінін атап өтті.

— Жалпы, елімізде ешбір заңнама кондиционер орнатуға тыйым салмайды. Бірақ үйді басқару ұйымдарымен немесе пәтер иелерімен келіспеу, әлбетте, заңға қайшы. Көршілердің бірі азаматтық тәртіпте кондиционер орнатқан көршісін сотқа берсе, жеңіп шығатыны айдан анық. Өйткені, қолданыстағы заңға сай ортақ мүлікке кез келген өзгеріс енгізу үйді басқару органымен келісілуі тиіс. Сондықтан сот орнатылған кондиционерді алып тастау жөнінде шешім қабылдауы әбден мүмкін. Бірақ бүгінге дейін айналамызда екінің бірі орнатып жатыр. Мәселе көтеріліп, ешкім наразылық тудырған емес. Меніңше, ең дұрыс жолы –
пәтер иелері бірлестіктерінің жарғысына өзгеріс енгізіп, қасбетке кондиционер орнатудың бірыңғай тәртібін жазып, бекітіп алу. Яғни, құжатта үйдің сыртқы эстетикалық келбетіне нұқсан келтірмейтіндей бірізді орнату талабы көрсетілуі керек, — дейді заңгер Асқар Бахралинов.

Білуімізше, Астанада қаланың дизайн-кодына сай тұрғындарға көпқабатты үйлердің көше жаққа қарайтын қасбетіне кондиционер орнатпауға ұсыным берілген. Ал орнатылған жағдайда оны терезенің астына жайғастырып, сыртын тормен қаптап, қасбеттің түсімен бірдей етіп сырлануы талап етіледі.

Асқар Бахралинов мұндай ережені бізде де қолға алуға болатынын айтады. Яғни, қалалық мәслихаттың шаһардың абаттандыру ережесіне өзгерістер енгізуінее болады.

— Бұл құжатта қаланың көркін сақтау мақсатында кондиционер орнатудың жалпы талабы көрсетілуі керек деп санаймын. Бастысы, негізгі көшелерге қарайтын қасбеттерін көріксіздендіруге жол бермеу қажет. Міне, қаланы абаттандыру ережесіндегі және пәтер иелері бірлестігінің жарғысындағы талаптарды бұзып, орнатқан жағдайда ғана тұрғындарды әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салу қисынды болар еді, — дейді заңгер.

Иә, салқындататын жабдықсыз жаздың ыстығында пәтерлерде тұрғындарға оңай емес.  Сондықтан бұл үрдіс, яғни кондиционер орнату үрдісі әлі жалғасатыны сөзсіз. Ал әрбір пәтер иесінің келесімін алып жүру қосымша машақат тудыратыны да анық. Сол себепті ендігі кезекте заңға сай, көпшілікке ауыртпалық салмайтындай орнатудың тәртібі мен талабы ойластырылады деген үміттеміз.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.