Кімге қанша тиесілі?

Қаң 8, 2026

Жыл сайын елімізде бірқатар әлеуметтік төлемдер көлемі артып, қарапайым халықты қуантатыны белгілі. Бұл өзгерістер биыл да жалғасын табуда. Яғни, есігімізден енді кірген жылқы жылында зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өсіп, басқа да мемлекеттік қолдау шараларының ауқымы кеңейе түспек. Сонымен, осы жылы кімге қанша тиесілі?

Көрсеткіш көбейді

Биылдан бастап елімізде айлық есептік көрсеткіш көлемі (АЕК) 4 325 теңге болып бекітілді. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай бірнеше төлемнің мөлшеріне тікелей әсер ететін болады. Себебі, айлық есептік көрсеткіштер көптеген есептеуде қолданылады. Мәселен, мемлекет бюджетінен берілетін әлеуметтік төлемдер осы көрсеткіш арқылы есептелінеді. Сондай-ақ, айыппұлдар, мемлекеттік баждар және басқа да міндетті төлемдерді нақты анықтау үшін АЕК-ке сүйенетінін айта кеткен жөн.

Жалақы жете ме?

Ағымдағы жылы елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болып белгіленді. Былтыр да дәл осы деңгейде болған еді. Мамандардың айтуынша, ең төменгі жалақы мөлшері соңғы бірнеше жыл бойы еш өзгерген жоқ. Бұл – ел экономикасының тұрақтылығының белгісі, дейді сарапшылар.

Алайда 2026 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 4563 теңгеге артып, 50 851 теңгені құрады.

Әр сәбиге – несібе!

Әр баланың өз несібесі бар. Елімізде дүние есігін ашқан барлық нәрестеге бірреттік жөргекпұл беріледі. Биыл оның да мөлшері көбейді. Атап айтқанда, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасында бірінші, екінші және үшінші бала туғанда 164 350 теңге (38 АЕК), ал төртінші және одан да көп балаға 272 475 теңге (63 АЕК) тағайындалады. Сонымен қатар, егіз немесе үшем, төртем өмірге келсе, олардың әрқайсысына жөргекпұл жеке есептеледі.

Айта кетерлігі, бұл қаржылай қолдау баланың анасы жұмыс істесе де, істемесе де мемлекет тарапынан бесікақы ретінде бір рет төленеді. Бұдан бөлек, сәби 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне ай сайын жәрдемақы тағайындалады. Сол бойынша жұмыс істемейтін әйелдерге республикалық бюджеттен мынадай жәрдемақы беріледі:

— бірінші балаға – 24 912 теңге (5,76 АЕК);

— екінші балаға – 29 453,25 теңге, (6,81 АЕК);

— үшінші балаға – 33 951,25 теңге, (7,85 АЕК);

— 4 және одан да көп балаға – 38 492,5 теңге (8,90 АЕК).

Ал анасы бала күтімі демалысына дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, онда ол соңғы екі жылдағы орташа табысының 40%-ы мөлшерінде жәрдемақы алады.

Жәрдемақы жоғарылады

2026 жылдан бастап көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі де ұлғайды. Нақтырақ айтқанда, биыл 4 балаға – 69 329,75 теңге (16,03 АЕК), 5 балаға – 86 673 теңге (20,04 АЕК), 6 балаға – 104 016,25 теңге (24,05 АЕК), 7 балаға 121 359,5 теңге (28,06 АЕК) үлестірілмек. Ары қарай әр бала үшін 17300 теңге (4 АЕК) қосылып отыратын болады.

Бұл әлеуметтік қаржылай қолдау отбасының табысына қарамастан төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар немесе ересек балалары (23 жасқа дейін) орта арнаулы және жоғары оқу орнында білім алып жатқан көпбалалы шаңырақтарға ай сайын төленіп тұратын болады.

Алқалылардікі артты

Ағымдағы жылы алқа таққан көпбалалы аналарға берілетін қаржылай қолдау көлемі де артты. Мәселен, «Алтын» алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аяулы аналар ай сайын
32 005 теңге (7,40 АЕК), ал «Күміс алқа» иегерлері 27 680 теңге (6,40 АЕК) алатын болады.

Бұл қаржылай қолдау олардың табысына қарамастан ай сайын мемлекет қазынасынан беріліп тұрады.

Зейнетақы өсті

Осы жылы базалық мемлекеттік зейнетақы төлемі 35 596 теңгеге дейін өсті. Былтыр оның көлемі 32 360 теңге болған еді.

Ескерте кететін жайт, төлем мөлшері азаматтың 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне байланысты көбейіп отырады. Мысалы, 15 жыл еңбек өтілі бар азаматтар – 40 680 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 80%-ы), 30 жылдан көп еңбек еткендер 55 936 теңге көлемінде максималды базалық зейнетақы алады. Сонымен қатар, ең төменгі зейнетақы мөлшері
де артты. Айталық, 2025 жылы 62 771 теңге болса, 2026 жылы 69 049 теңгеге жетті.

2026 жылы зейнет жасы ерлер үшін де, әйелдер үшін де бұрынғыдай қала береді. Яғни, ерлер – 63 жас, әйелдер 61 жасқа толғаннан кейін зейнетке шығады.

Айта кетерлігі, елімізде 5 және одан көп бала туған немесе асырап алып, 8 жасқа дейін тәрбиелеген аналар 53 жаста, Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарында 1949 жылғы
29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған әйелдер 45 жаста, ерлер 50 жаста зейнетке шыға алады. Сондай-ақ, зиянды жұмыс істейтіндер 55 жаста зейнеткер атануға құқылы.

Қорғансыздар қамқорлықта

Қазақстандағы асыраушысынан айырылғандарға, яғни қорғансыз жандарға берілетін жәрдемақы көлемі де көбейді. Оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне және адам санына байланысты есептеледі. Мәселен, ата-анасының бірі болмаған жағдайда балаларға немесе еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне ай сайын – 46 783 теңге (2025 жылы – 42 530 теңге), екі адамға – 86 447 теңге (2025 жылы – 78 588 теңге), үш адамға – 114 415 теңге
(2025 жылы – 104 014 теңге), төрт адамға – 132 213 теңге (2025 жылы – 120 194 теңге), бес адамға – 139 840 теңге (2025 жылы – 127 129 теңге), алты және одан көп адамға – 152 553 теңге (2025 жылы 138 685 теңге) тағайындалған.

Ал ата-анасының екеуінен де айырылған жетім балаға ай сайын мемлекеттен 78 311 теңге беріледі.

Жарымжандар жабырқамасын!

2026 жылы мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы көлемі де ұлғайды. Биыл 1 қаңтардан бастап жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 81 870 теңге мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы мөлшеріне келер болсақ:

I топ – 111 872 теңге;

II топ – 93 057 теңге;

III топ 81 870 теңге алады.

Мүгедектігі бар баланы тәр-биелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға ол 18 жасқа толғанға дейін тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы – 81 870 теңге (2025 жылы – 74 428 теңге) болып белгіленді.

Ал ересектер арасындағы мүгедектігі бар адамдарға тоқталсақ, I топтағыларға – 111 872, II топтағыларға – 89 498, III топтағыларға 61 021 теңге тағайындалды. Сондай-ақ, авария, жарылыс, радиация, экологиялық төтенше жағдай салдарынан мүгедек болып қалған қызметкерлер үшін санаттары бойынша 117 466–163 739 теңге аралығында жәрдемақы төленетін болады.

Нұржайна ШОДЫР.