Биыл 1 шілдеден бастап жаңа Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Соның аясында қандай өзгерістер орын алмақ? Жаңа жоба кімдердің мүддесін қорғайды? Осы және өзге де сұрақтарға Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сала мамандары жауап берді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, жаңа кодекс тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтік саясатты жетілдіруге бағытталған. Яғни, бұдан былай елдегі тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі жандарға деген мемлекеттік қолдау арта түспек.
— Бұл кодексте әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толық трансформациялау көзделіп отыр. Басты мақсат — үкіметтік емес ұйымдарды, жеке секторды және олардың отбасы мүшелерін тарту арқылы жарымжан жандар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру. Тәжірибе көрсеткендей, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ет жақындары ғана жанашыр болып, оңалту шараларының оң нәтиже беруіне үлкен көмегін тигізуде. Сол себепті отбасы мүшелерін жеке көмекші ретінде рәсімдеу мүмкіндігі ұсынылады. Олардың еңбегі төленеді, әлеуметтік аударымдар жасалады, ал жұмыс кезеңі зейнетақы тағайындау кезіндегі еңбек өтіліне есептеледі.
Жалпы, бүгінде облыс бойынша жеке көмекшілердің қызметімен 1534 мүгедектігі бар адам қамтылды. Оларды әлеуметтік және зейнетақы аударымдарымен қамтамасыз етуге 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 263,4 млн теңге сомасында қаражат қарастырылып отыр, — деді басқарма басшысы. Сондай-ақ, ол Әлеуметтік кодекс шеңберінде осы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамдар үшін үлестірілетін жөргектер санын көбейту, ақыл-ойы бұзылған балаларды санаторийлерде сауықтыру шараларымен қамтамасыз ету және протездер мен компенсаторлық техникалық оңалту құралдарының стандарттары толығымен қайта қаралатынын атап өтті.
Қазіргі таңда министрлік жанындағы жұмыс топтары мүгедектігі бар адамдарға арналған құрылғылардың тізімін, түрлерін, пайдалану мерзімдерін және оларды сатып алуға жіберілетін мемлекет кепілдік берген соманың мөлшерін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін ұлғайтуға басымдық берілген. Осыған орай, әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Ақсу қаласында 15 төсек-орынға арналған шағын сыйымдылығы бар қарттар үйі жұмыс істеуде. Ал биыл Екібастұз қаласында қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған шағын жинақты пансионат ашылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек.
Атап өтерлігі, әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж адамдарға арнаулы тауарлар мен қызметтерді таңдау мүмкіндігі де ұсынылмақ. Бұл мақсатта 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін әлеуметтік қызметкерлер тізімі жасалып, олардың кәсіби стандарты әзірленеді және ұсынылатын қызметтердің ерекшелігін ескеретін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі дайындалады деп жоспарлануда. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта әлеуметтік қызметкерлер институтын күшейту, мемлекеттік қызмет алуға деген халықтың қажеттіліктерін уақытылы қанағаттандыру, жәрдемақылар мен төлемдерді ақпараттық жүйеде бар деректер негізінде проактивті форматта еш кедергісіз тағайындау жұмыстарын жандандыру көзделуде.
Нұржайна ШОДЫР.