Елімізде  әлеуметтік тұрғыда ерекше қолдауды қажет ететін тұрғын-дарға көмек көрсету шаралары күшейтілмек. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмысын жақсартуға басымдық берілетін болады. Осы мақсатта мемлекетімізде бірқатар жұмыс қолға алынуда.

Жаңа жобадан үміт мол

Таяуда «Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар» жобасы көпшілік талқысына ұсынылды. Аталған құжатта туа біткен және тұқым қуалайтын аурулары бар балаларды ерте сатысында скринингтен өткізу, оңалту көмегінің үлесін 2024 жылы 50 пайызға дейін жеткізу, мүгедектігі бар адамдарды заманауи протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету, жарымжандардың флюорографиялық, маммографиялық зерттеулермен қамтылуын және олардың қолжетімділігін мониторингтеу, үйде қызмет көрсетілетін адамдар үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруды қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу көзделген. Сондай-ақ, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың оқу үрдісін материалдық-техникалық тұрғыда мониторингтеу, спорт мектептерінде де мүгедектігі бар балалардың спортпен айналысуына лайықты жағдай жасау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша құқық бұзушылықтардан зардап шеккен адамдарға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды күшейту жоспарланған.

Егер ұлттық жоспар жобасы қоғам тарапынан қолдау тауып, жүзеге асатын болса, әлеуметтік салаға үлкен серпіліс әкеледі, дейді сарапшылар.

Әлеуметтік төлемдер көбейеді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың 1 шілдесінен бастап еңбек қабілетінен және асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5 пайызға көбейеді деп жоспарлануда. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 41 млрд теңге бөлінген.

Сонымен, көп ұзамай елімізде еңбек ету қабілетінен айырылған 92 мыңға жуық адам, асыраушысы жоқ 61 мың отбасы жаңадан тағайындалатын әлеуметтік төлемдерге қол жеткізбек.

Жалпы, елімізде азаматтардың табысын арттыру бойынша іс-шаралар тұрақты негізде қабылдануда, дейді мамандар. Мәселен, биыл 1 қаңтардан бастап республикадағы ең төменгі еңбекақы мөлшері 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін өскен. Бұл экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскер мен еңбек адамын қамтыды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 4,4 млн адам алатын зейнетақы мен жәрдемақының барлық түрі қайта есептелді.

«Алтын алқаға» — 25 мың теңге!

Әлеуметтік саладағы тағы бір жағымды жаңалық — 1 шілдеден бастап 7 бала тәрбиелеп өсірген аналарға ай сайын 25 530 теңге төленеді. Бұл қаржылай қолдау көпбалалы ананың табысына қарамастан, өмір бойы көрсетілетін болады.

— 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс аясында «Марапатталған аналар» туралы жаңа ұғым енгізіліп отыр. Бұл мәртебе көпбалалы аналардың еңбегін құрметтеу және мойындау ретінде өмір бойына «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған әйелдерге беріледі. Бала тәрбиелеп, өсіріп отырған аналарға төленетін жәрдемақы 1 шілдеден бастап 7,4 айлық есептік көрсеткішке тең немесе 25 530 теңге болады, — дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Аутизм орталықтары ашылады

Елімізде аутизм спектрі бұзылған және басқа да психикалық ауытқуы бар балаларға арналған күндізгі орталықтар ашу жоспарланған. Себебі, мамандар соңғы уақытта ақыл-ойында кемістігі бар балғындар қатарының артып келе жатқанын айтып, дабыл қағуда.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықованың айтуынша, мұндай орталықтар бұған дейін Павлодар, Шымкент және Талдықорған қаласында ашылып, пайдалануға берілген. Ендігі кезекте Ақтөбе, Жетісу, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Қостанай, Астана қалаларында бой көтереді.

Атап өтерлігі, жаңа медициналық-әлеуметтік орталықтардың салынуына «Қамқорлық» бастамасы аясында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры демеушілік жасауда.

Сауықтыру қызметі ұсынылады

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап ақыл-ойында кемістігі бар балаларға шипажайда сауықтыру қызметі ұсынылмақ.

— Шілде айынан бастап пилоттық режимде қосымша өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Соның ішінде дәрігерлердің қорытындысы бойынша ақыл-ой кемістігі бар балаларға санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін көрсету жоспарлануда. Мүгедектігі бар балалар майланған катетермен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жөргек-тердің нормасы 2 данадан 4 данаға дейін ұлғаяды, — дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова. Оның айтуынша, еліміздің 12 өңірінде 150 орындық оңалту орталықтарын ашу жоспарланған. Мұндай орталық Павлодар облысында да салынатын болады. Қазіргі таңда құрылыс құжаттары дайындалуда, дейді мамандар.

Түйін:

Осылайша, елімізде жаңа жобалар жүзеге асып, әлеуметтік салада жағымды жаңалықтар қолға алынбақ. Бастысы, бұл қолдаудың барлығы нағыз иесін тапса игі!

Нұржайна ШОДЫР.