Бұған дейін хабарлағанымыздай, осы жылдың 1 шілдесінен бастап қазақстандық орманшылар және табиғат қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Ал аймақ бойынша 524 адамның айлығы артты.

Үкімет қаулысымен орман өртін сөндіру станцияларының, орман мекемелерінің, табиғат қорғау және орман орналастыру ұйымдары қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін үстемеақы қосылды. Олардың қатарында орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері, тракторшы-машинис- тер, радиооператорлар, өрт сөндіру машиналары мен жабдықтарын жөндейтін слесарьлер, өрт-бақылау мұнарасының бақылаушылары бар. Осылайша, 3 300-ге жуық қызметкер қосымша еңбекақымен қамтылмақ. Оның 524-і — павлодарлық қызметкерлер. Атап айтар болсақ, бұл тізімдегілердің арасында «Ертіс орманы» резерватының 503 және Баянауыл ұлттық саябағының 21 орманшысы бар.

Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ақпараты бойынша, табиғат қорғау мекемелері инспекторларының ең төменгі жалақысы – 247 мың, ал жоғары айлық мөлшері 338 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, жалақы санат пен тәжірибеге байланысты төленеді, дейді инспекция өкілдері.

Республика қазынасынан бұл мақсатқа 8,5 млрд теңге қарастырылған. Сонымен, биыл өрт сөндірушілер мен орманшылардың жалақысы 1,71 есе өссе, 2025 жылға қарай екі есе көтеріледі деп жоспарлануда. Жалақыға қосылатын төлемдер республикалық бюджеттен аударылады. Ал орман өрт сөндіру бекеттерінің қызметкерлеріне сыйақы беру үшін қажетті қаражат көзі жергілікті бюджеттен алынбақ.

 

Н.АҚЫТЕГІ.