Қуантарлық жайт, бүгінде жергілікті кітапханаларда қазақтілді оқырмандардың саны артып келеді. Осыған орай, мемлекеттік тілде басылып шығатын кітаптар да көбейіп келеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Шахметованың айтуынша, облыс бойынша кітап қоры — 2 859 649 дана, оның ішінде қазақ тіліндегісі – 1 187 267 дана. Биылғы жылы қорларға 5 158 дана түскен. Оның ішінде 3 361-і – қазақ тілінде.
— Кітапхана қорында 3000-нан астам сирек кездесетін кітап қоры бар. Көпшілік оқырманның қол жеткізуі үшін бұл кітаптар электронды нұсқаға көшірілді. Қордағы латын қарпіндегі «Тарту», «Өлеңдер мен әндер» жинақтары, Ф.Достоевскийдің «Бейшаралар» романы ерекше назар аударады. Бұл кітаптардың электронды нұсқасын кітапхананың сирек кітаптар залында немесе Павлодар облысының бірыңғай онлайн кітапханасында танысуға болады. Ең көне кітабымыз – 1771 жылы Лондон қаласында басылып шығарылған, — дейді Ш.Шахметова. Шолпан Баянқызы қазіргі уақытта бұл салада кадрлар тапшылығы барын атап өтті.
— Облыс бойынша 500 кітапханашы қызмет көрсетеді. Оның ішінде 312-сі ауылды жерлерде жұмыс істейді. 230 қызметкер жоғары білімді, оның ішінде 73 қызметкердің арнаулы жоғары білімі бар. Алайда олардың көпшілігінде педагогикалық білімі бар. Дегенмен, арнайы кітапхана ісі дипломынсыз осы салада 30-40 жыл еңбек еткен кәсіби мамандар жеткілікті, — дейді ол. Әрине, әр кез сайын маман-дардың біліктілігін көтеру қажет. Осы орайда облыстық кітапханада аудандар мен ауыл кітапханалары үшін әдістемелік орталық жұмыс істейді. Жыл сайын арнайы жоспар бойынша семинарлар, тренингтер, тәжірибелік курстар өткізеді. Осы саладан хабары жоқ кітапханашыларға кәсіби деңгейін көтеру үшін арнайы курстар ұйымдастырылады. Аталмыш кітапханада бірнеше ірі жобалар іске асырылады. Олар: «С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханадағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің күні», «Кітапхана – мәдениет және демалыс орталығы», «Кітапхана және өлкетану», «Жанашыр» жобасы, «Музыка сабақтары», «Айна» көркемсурет галереясы» жобасы, «Кітапхана түні» әлеуметтік-мәдени акциясы, «Кітап фестивалі», «Инклюзивті балалар фестивалі» жобасы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Айдана БОРАНБАЕВА.