«Кітапхана – менің екінші үйім»

Қаз 16, 2025

Аймағымыздың мәдени-рухани дамуына айтарлықтай үлес қосқан және осы салада үздіксіз қызмет етіп жүрген жандардың бірі – С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Шолпан Шахметова. Кітапхана саласында ұзақ жыл еңбек етіп, қоғамға өзінің іскерлігімен, еңбекқорлығымен үлгі болып келе жатқан кейіпкеріміз биыл мерейлі 60 жасқа толып, өмірдің бір белесін бағындырып отыр.

Шахметова Шолпан Баянқызы 1987 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын «Кітапханашы-библи-ограф» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын сол жылы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада библиограф ретінде бастап, 40 жылға жуық осы қара шаңырақта оқырман үшін еңбек етіп келеді.

— Кішкентайымнан кітап оқуды жақсы көретінмін және ауылда кітапханаға жиі баратынмын. Менің кітапқа деген құмарлығымды көрген анам болашақта осы мамандықты таңдауыма кеңес берді. Мен ол кісінің ақылын тыңдап, кітапханашы мамандығын таңдадым. Жалпы, кітапхана қай қоғам үшін де маңызды мәдени-рухани қара шаңырақ деген мәртебесін түсірген емес. Ал мен үшін өмірімнің бір бөлшегі, екінші үйім десем де болады. Сондықтан, қаламгер мен оқырман арасына алтын көпір салып, осы салада өз үлесімді қосу – мен үшін үлкен мәртебе, —
дейді Шолпан Баянқызы.

2005-2007 жылдары ақпараттық-библиографиялық бөлім меңгеру-шісі, 2007-2015 жылдары аралы-ғында облыстық кітапхана дирек-торының орынбасары болып қызмет істеді. 1998 жылдан 2007 жылға дейін «Павлодар облысының атаулы күндері» библиографиялық көрсеткішін құрастыруға қатысып, аталған ірі жобаға өз қолтаңбасын қалдырды. Ал кітапхана басшысы қызметіне 2015 жылдың қыркүйек айында тағайындалып, мекеменің оқырманға жайлы да сапалы қызмет көрсетуі жолында түрлі жобаға бастамашы болып келеді. Биыл мекеме тізгінін қолына алғанына тура 10 жыл болды. Осы уақыт ішінде іске асырған «Ауылдық кітапхана-Коммуникациялар орталығы», «Кешкі кітапхана», «Павлодар облысының бірыңғай онлайн кітапханасы» және т.б. жобаларды атап өтуге болады. Соның нәтижесінде аталған мекемеде көп өзгеріс орын алып, бірқатар үлкен жетістікке жетті. Атап айтар болсақ, алдымен электрондық деректер қорын қалыптастыруға және облыстық кітапханашылардың біліктілігін арттыру жұмыстарына ден қойды.

— Кітапхана қызметі бойынша республикалық, облыстық конференциялар мен семинарларға тұрақты қатысып тұрдық. Содан кейін кітапханалық-библиографиялық процестерді автоматтандыруға, мәліметтер қорын қалыптастыруға ден қойып, бұрын-соңды болмаған ірі жобаларды қолға алдық. Ал ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және облыстық кітапхананың 115 жылдығына орай «Ертістің Павлодар өңірі» кітап көрмесінің каталогын жасақтадық. Осы мерейлі датаға орай «С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана» энциклопедиясын құрастырдық, — деді Шолпан Баянқызы.

Ш.Шахметованың бастама-сымен кітапханада «Ертіс-Баян перзенттері», «Қаламгер», «Брайль қарпіндегі Павлодар кітабы» және т.б жобалар әзірленіп, сәтті жүзеге асырылды. Сонымен қатар, ол ауылдық кітапханаларды дамыту ісіне көп назар аударып, уақытының бір бөлігін осы бағытқа арнады. Ауылдық кітапханалардың жұмысын жандандыру мақсатында орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Кітапхана – ауыл шамшырағы» жобасын жүзеге асыра бастады. Осы бастаманың арқасында ауыл кітапханаларының жұмысына «жан бітіп», оқырманмен байланыс нығая түсті.

Кітапханашылар қаламгерлермен де тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Себебі, екеуінің де «илегені – бір терінің пұшпағы». Торайғыров кітапханасының жақын достарының бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шолпан Байғалы. Ол мұнда оқырман ғана емес, «Сөз сыры» деп аталатын жас ақындар клубын жүргізіп, әдебиетке жақын жастарға ақыл-кеңесін беріп келеді.

– Шолпан Баянқызымен де, облыстық кітапханамен байланысым да ертеден басталған. Әр кітабым шыққан сайын алдымен осы ұжым қолдап, сүйіншілеп, оқырманға жеткізеді.  Ол осы басшылық қызметті алған күннен бастап облыстық кітапхананың ішкі жұмысы одан әрі жанданып, залдарында өзгерістер орын алды. Яғни қайта құру Шолпан Баянқызымен басталды деуге болады. Мен де осы кітапханада қаншама рет оқырмандармен кездесіп, кітаптарымның тұсаукесері өтті. Одан бөлек, бірнеше еңбегім цифрландырылып, көпшілік оқырманға қолжетімді болды. Ол әрдайым шығармашылық ізденіс үстінде жүреді және қандай жобаны қолға алса да уақытында һәм сапалы орындауға көңіл бөледі. Қажет кезде қатып қалған стандарттардан алшақтап, заманауи технологияларды меңгеруге, өз жұмысында жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысады, — деді ақын Шолпан Байғалы.

Кітапхана саласына сіңірген ерен еңбегі үшін Ш.Шахметова ҚР Мәдениет және спорт минис-трлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен, Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамо-тасымен, Қазақстан кітапханалар қауымдастығының Алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қоса, Қазақстан кітапханалық альянсының «Халық құрметі» төсбелгісі, Қазақстан кітапхана одағының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісі табысталды.

Тілеуберді САХАБА.