Аймағымызда жағаұстатарлық оқиға орын алды. Перинаталдық орталықта 12 жастан асқан қыз ана атанды.

Белгілі болғандай, оқушы Шарбақты ауданындағы мектеп-тердің бірінде білім алады. Аталған фактіге қатысты қызметтік тергеу жүргізілуде. Сондай-ақ, аудандық білім беру бөлімінің басшысына қатаң сөгіс беріліп, мектеп директоры жұмыстан босатылған.

Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова қызды зорлау оқиғасына қатысты Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Жәбірленушінің туысы күдікті деп танылып, қамауға алынған. Іс сәуір айында тіркелген. Қазіргі уақытта сот-психиатриялық сараптама жүргізілуде.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, бұған дейін қыздың отбасын Галкин ауылдық округі әкімдігінің жедел әрекет ету тобы көпбалалы және аз қамтылған отбасы ретінде анықтап, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған. Әкесі Галкин мектебіне пеш жағушы ретінде жұмысқа орналастырылған.

– Қыз аталған оқу орнында оқиды. Жүктілік фактісін мектеп әкімшілігі оқушылардың көктемгі демалысынан шыққаннан кейін анықтады. Бекітілген алгоритмге сәйкес аталған факті туралы ақпарат тиісті органдарға берілді. Қыз бен анасы бірден ауруханаға жеткізілді. Қыз бала 16 тамызда 13 жасқа толады, – дейді басқарма өкілдері.

Қазіргі уақытта Шарбақты ауданының құқық қорғау органдары тергеу жүргізуде. Сондықтан тергеу іс-шаралары аяқталғанға дейін ақпарат жария етілмейді.

Осы оқиғаға байланысты Шарбақты ауданы білім беру бөлімінің басшысы қатаң сөгіс алды. Ал мектеп директоры зейнеткер бола тұра жұмыс істеген. Онымен еңбек шарты бір жылға ұзартылған. Жазда еңбек шартының мерзімі аяқталған кезде өз еркімен жұмыстан шыққан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыз бала 19 шілдеде облыстық перинаталдық орталыққа жеткізіліп, 20 шілдеде босанған. Ана мен баланың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде.

Еске сала кетейік, маусым айында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева аймақта 15-18 жас аралығын-дағы 22 кәмелетке толмаған қыз жүктілік бойынша есепте тұрғанын хабарлаған болатын.

Былтыр 21 қарашада Павлодар облысында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен кәмелетке толмаған оқушының жүктілігі туралы ақпарат тарады. Қыздың дене бітімі мен мінез-құлқындағы өзгерісті бірінші болып мектеп мұғалімдері байқаған. Дереу кәмелетке толмаған баланың анасы хабардар етілген. Облыстық полиция департаменті ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-бабы 4-бөлігі (Зорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап, күдікті ретінде өгей әкені ұстаған еді.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.