Күрделі дертпен күрес

Мам 29, 2025

Есірткі – еліктеуден басталып, ес жиғызбас тәуелділікке ұласатын ауыр кесел. Өңірімізде бұл індеттің жастар арасында таралуы өзекті мәселеге айналып отыр. Жыл басынан бері облысымызда есірткіге байланысты 102 қылмыстық іс қозғалғаны – осының айқын дәлелі. Күрделі дертпен күрес жолындағы алдын алу шаралары туралы жауапты мамандар баяндап берді.

Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Ирина Темірғалиева есірткіге қарсы күрестің маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, тәуелділікке қарсы күрес қылмыстық жауапкершілікке тартумен шектелмейді. Бұл – қоғамның әр мүшесі атсалысатын кешенді жұмыс. Құқық қорғау саласындағы міндет тек тәртіптік шаралармен шектелмей, алдын алу бағытында тұрақты жұмыс жүргізуді де қамтиды. Себебі, есірткіге қарсы иммунитет алдымен санада қалыптасуы тиіс.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының психологы Гүлайым Рябконь есірткіге тәуелділік көбінесе психологиялық әлсіздік пен әлеуметтік проблемалардың нәтижесі екенін атап өтті. Оның сөзінше, тәуелділік –  адам психикасымен тығыз байланыстағы күрделі мәселе. Сондықтан есірткіге әуестіктің алдын алу шаралары психологиялық қолдаумен бірге жүзеге асуы қажет.

Осыған сәйкес өңірімізде нашақорлыққа тосқауыл қою үшін түрлі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жастарға арнайы түсіндіру шаралары өткізіліп, тренингтер мен кездесулер ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек, қоғамдық ортаға спорттық және мәдени іс-шаралар арқылы салауатты өмір салтын насихаттау қолға алынды. Осылайша, қауіпті әдетке деген әуестікті азайтуға арнайы құзырлы мекемелер де айтарлықтай күш салуда.

Сөз соңында Ирина Александровна бүгінгі күні есірткінің таралу жолдары да кеңейе түскенін айтты. Оның сөзінше, синтетикалық заттар көбіне әлеуметтік желідегі анонимді арналар мен чат-боттар арқылы сатылады. Сонымен бірге көшедегі граффити түріндегі әлеуметтік жарнама нашақорлыққа қарсы күрестегі тиімді құралдардың біріне айналған. Мұндай көрнекілік қоғамның назарын аударуға ықпал етеді. Сондықтан жастардың қауіп-қатерден хабардар болуы –
нашақорлықпен күрестегі маңызды қадам.

Әдемі КӘУКЕН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті.