Ертіс-Баян өңірінің дарындар көшін жалғаған танымал ақын, қайраткер, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Арман Қанидың шығармашылығы әдебиетсүйер қауымға кең танымал. Әсіресе, 2000 жылдардың басынан бастап ақын өлеңдері жырсүйер қауымның аузынан түспейтін болған. Дәл осы уақытта күрескер ақынның «Ар алдында» атты тұңғыш жинағы жарық көрді.

Арман ақынның шығар-машылық жолында алғаш ақжол тілеген дарынды ақын Қуандық Шаңғытбаев екенін айтуымыз керек. 1983 жылы Қазақстан шығармашыл жастары «Жігер» (Алматы) Жастар фестивалінде қазылар алқасының құрамында болған Қ.Шаңғытбаев әр өңірден келіп бәйгеге түскен жас талапкерлердің арасынан Арман Қанидың талатын таныған. «Қазақ әдебиеті» газетіне сәт-сапар тілеп бір топ жастың өлеңдерін де жариялатқан. Өкінішке қарай Арман ақынның ғұмыры даңғыл жолдай болды деп айта алмаймыз. Өршіл мінезімен, ұлтық рухты жырлауымен ерекшеленген ақын біршама уақыт елеусіздеу қалғаны рас. Оған Арман ағаның «Пысықайы пайғамбар мен ақынға, Пысқырып та қарамайтын өлке бұл!» деп жырлауы куә.

Арман Қани 1954 жылы 22 ақпанда Павлодар қаласында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Атасы Қани – Арқаның әйгілі күрескер ақыны Мәдимен ағайын, әжесі Кәсіп – «Үш Жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның» қызы. Арман бала кезінен бастап өз жұрты мен нағашы жұртынан шыққан атақты екі ақынның өмірі мен күрескерлік рухын өнеге тұтып өскен.

1969 жылы өзі оқитын №3 мектеп-интернатта ұлтшыл жас-өспірімдердің «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйымын құрып, жұртшылықты отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған үнпарақтар таратып, өлеңдер жазған. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК-КГБ) облыстық басқармасы ұйымды әшкере-леген соң бірнеше серігімен бірге жазалау шараларына ұшыраған: «Ұлттық саясат мәселелеріндегі өрескел қате-ліктері үшін» деген айыппен комсомол қатарынан, мектептен шығарылған. Сөйтіп, кәмелет жасына жетпей «саяси сенімсіз» адамдар санатына жатқызылып, білім алу құқығы мен баспа-сөз бостандығына шектеу қойылған. Соның салдарынан ұзақ жылдар бойы қара жұмыс істеген.

Орта мектепті (1976 ж.) және жоғары оқу орнын (ПМУ-дың филология факультеті, 1995 ж.) өз құрбы-құрдастарынан
көп кейін, сырттай оқып тамам-даған.

Арман ақынның алғашқы өлеңдеріне 1980 жылдардың бас кезінде, республикалық әдеби басылымдар беттерінде қазақ поэзиясының көрнекті тұлғалары Жұмекен Нәжімиденов, Қуандық Шаңғытбаев жылы лебіз білдіріп, шығармашылығына сәт сапар тілегенін айттық. «Ар алдында» атты тұңғыш жинағына Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбай толымды пікір білдірді.

А.Қани – Павлодар қаласы шығармашыл зиялылары «Қауышу» слетының «Жылдың үздік ақыны» атағы иегері (2001 ж.), «Бір өлең – бір әлем» республикалық мүшәйрасының І орын жүлдегері (Алматы, 2008 ж.), Павлодар облысы мен облыстық радионың 70 жылдығына арналған «Туған жер – алтын діңгек» республикалық мүшәйрасы бас жүлдесінің жеңімпазы (Павлодар, 2008 ж.).

Топтама өлеңі Қазақстан жас ақындарының «Қарлығаш» ұжымдық жыр жинағына (Алматы, «Жалын» – 1984 ж.) енген. «Ар алдында» (Павлодар, «ЭКО» – 2001 ж.), «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар» (Павлодар, «ЭКО» – 2004 ж.) «Шындықпен бетпе-бет» (Алматы, «Қазақпарат» – 2006 ж.), «Жұлдызды тұман» (Павлодар, «Кереку» – 2008), «Сен және мен» (Астана, «Фолиант» – 2012), «Үйлесім» (Павлодар, «Brand print» – 2014), «Баянауыл жырлары» (Павлодар, «Парасат» – 2014), тағы басқа  жинақтары жарық көрген.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы», «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін», «Павлодар қала-сының құрметті азаматы», «Баянауыл ауданының құрметті азаматы» атақтарымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Павлодар облысына 75 жыл», «Қазақ ханды-ғына 550 жыл», «Желтоқсан оқиғасына 30 жыл», «Невада-Семей» қозғалысына 25 жыл», «Тіл жанашыры» медальдарымен, «Тарихи әділеттік» қоғамдық комитеттің, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алғыс хаттарымен марапат-талған.

Арман Қани ақынның өлеңдері әр кез өзінің өміршеңдігімен оқырманын рухани байыта бермек.

 

Өз тілшіміз.

 

 

 

 

 

Арман Қани

 

Жаратқанның жүзіне ынтық мұңлықпын,

Ғайып жақтан зер салады Ол бірақ.

Менің жырым сөзі емес-ау Шындықтың,

Соның ғажап түсіндегі сандырақ…

 

Көк езулер сайөрлесе көпіріп,

Аталы сөз өледі екен зорлықтан…

Ал Шындыққа жуи алмас өтірік,

Түсінде де ақ сөйлейді ол сондықтан.

 

Періштелер ақ бесігін тербесе,

Кім бұзады ұйқыдағы бұл күйін?

Оның түсін жырлай берем ендеше,

Ол оянса, сөзін сөйлеу тым қиын…

 

* * *

Ақындар да жасамайды мәңгілік,

Маңдайында жазуы бар Алланың.

Менің үнім – фәнидегі жаңғырық,

Сенің де үнің – жаһандағы жалған үн!..

 

Бақ-дәулетті баянсыз деп таныр кім?!

Батар күнде кетпес үшін есеміз…

Құнсыз берген сыйын пұлдап Тәңірдің,

Базаршылап қызғылт тірлік кешеміз…

 

Сен секілді мен де елеске алдандым,

Енді ақтық үмітіммен күнелтем.

Біздей бейбақ перзентімен Жалғанның

Тілдесе ме Ұлы Ақиқат күні ертең?..