Күш-жігерді біріктіру қажет

Нау 20, 2025

Жуырда ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңесі Павлодар облысының жауапты сала өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында есірткі қылмысына қарсы күрес және алдын алу жүйесін нығайту және жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану мәселелері талқыланды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновтың төрағалығымен өткен жиын барысында қатысушылар нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл шараларын талқылап, интернеттегі сауда жүйесін бақылайтын жаңа технологияларды таныстырды. Бүгінгі таңда елімізде есірткі саудасы, интернет және электрондық төлем жүйелері арқылы есірткі сайттарының негізгі бөлігін «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі автоматты түрде бұғаттайды.

Кездесу барысында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңесі халық арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған көшпелі дәрістер өткізіп келе жатқанын айтып, қоғамдық сананы өзгертуде жастарды жұмылдыру керектігін айтты.

— Мемлекет басшысы есірткіге қарсы күрес ұлт генофондының мәселесі екенін атап өтті. Біздің Кеңестің негізгі міндеттері — нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу, заңға бағынатын тәртіп пен салауатты өмір салтын насихаттау, халықтың қалың жігін, әсіресе жастарды есірткіге қарсы жұмысқа тарту. Бұл індетке қарсы кешенді тәсілмен барлық мемлекеттік органдарды, қоғамды және жалпы халықты жұмылдыру қажет. Сонда ғана «Заң және тәртіп» қағидаты сақталатын болады, — деп атап өтті полиция полковнигі.

Кеңес мүшелері салауатты өмір салтын насихаттау үшін спортшылардың, танымал тұлғалардың қатысуымен өтетін бұқаралық-спорттық және мәдени іс-шараларды жиі ұйымдастыруды ұсынды. Бүгінгі күні есірткі таралымының көбею тенденциясын тоқырату үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Оқу-ағарту министрлігі оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының мазмұнын арттырып, оған аптасына бір рет қауіпсіздік мәселелерін, соның ішінде есірткі таратудың алдын алу мәселелері бойынша сабақтар өткізуді енгізді.

— Есірткіге қарсы күрес барысында тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, есірткі заттарын заңсыз сақтағаны, өткізгені, өсіргені және контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын үнемі ескертіп отыру қажет. Тіпті, есірткі қылмысы үшін сотталғандармен жұмыс жүргізу керек. Олар жастарға бұл қылмыстың салдарын айтып, ескерту жасай алады. Есірткіге қарсы күрес барлық мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіруді талап етеді, — деді қатысушылар.

Сонымен қатар, кездесу барысында кеңес мүшелеріне Павлодар қаласы полиция бөлімі Жедел басқару орталығының жұмысы таныстырылды. Қазіргі уақытта аталмыш орталықта камералардың көмегімен құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды жедел ашуға мүмкіндік бар. Кеңес қатысушыларына заманауи технологиялардың көмегімен ЖБО қызметкерлері «есірткі курьерлерінің» ерлі-зайыптыларын қалай ұстағаны көрсетілді. Бүгінде бағдарламалық өнімдерді пайдалану арқылы полиция қызметтерінің мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Тәртіп сақшылары үшін цифрландырудың маңызды артықшылығы — қылмыстардың жолын кесу, анықтау және ашу кезіндегі жеделдік.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.