Кәсіп бастауға грант бар

Шіл 24, 2025

Осы жылдың алғашқы жартысындағы статистикаға сүйенсек, облыстағы жұмыссыздық саны 4,8 пайызды құрады. Бұл өткен жылдағы көрсеткішпен тең. Биыл мемлекеттік және жеке жобаларды қамтитын Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 25,5 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 72 пайызы — тұрақты жұмыс орындары.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырованың сөзінше, жыл басынан бері 15 379 адам жұмыспен толықтай қамтылған. Олардың 9 730-ы тұрақты жұмысқа орналасқан.

— Қазіргі таңда 108 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып, нәтижесінде 1 019 жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында 220 грант берілді, ал қалған гранттар екінші кезеңде қыркүйек айында үлестіріледі. «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы 46,6 пайызға орындалды. Бұл — 3 465 жұмыс орны деген сөз. Сондай-ақ, бос жұмыс орындарына орналастыру белсенді жүргізілуде. Жоспар бойынша 9 958 адамның 5 701-і қызметке орналастырылды. Ал субсидияланатын жұмыс орындары бойынша жоспардағы 5 976 адамның 4707-сі еңбекке тартылды. Биыл 406 қайтарымсыз грант бөлініп отыр. Қазірдің өзінде 220 грант иесін тапты. Бұл қаржы мал шаруашылығы, өсімдік өсіру, құрал-жабдық сатып алу және үй-жай жалдау сынды мақсаттарға жұмсалады, – деп атап өтті Самал Қанатқызы.

2025 жылы жұмыспен қамту мониторингі электрондық еңбек шарттарының және жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарының бар-жоғын ақпараттық жүйелермен тексеру арқылы жүзеге асырылады. Бұл процестің ашықтығын арттырып, еңбек құқықтарын қорғауға ықпал етеді.

Сонымен қатар, колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері үшін «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары іске асырылуда. Бұл бағдарламалар жастардың еңбек нарығына бейімделуіне, алғашқы кәсіби тәжірибе алуына және тұрақты жұмыспен қамтылу мүмкіндігін арттыруға жол ашады.

Одан бөлек, еңбек нарығына алғаш қадам басқан жастарға арналған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімі» жобалары белсенді жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобалардың нәтижесінде түлектер алғашқы тәжірибесінен өтіп, кейін тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.