Көктайғақтан қауіп көп!

Ақп 27, 2025

Ақ боранымен арқырап ақпан да өте шықты. Қазір көктемнің қылаң беріп, қалың қардың көк мұзға айналатын шағы. Себебі күні бойы еріген қар түні бойы қатады да көктайғаққа ұласпақ. Оның үстіне шатырдағы мұз сүңгілері де қауіп төндіреді. Осы орайда қала әкімдігі мен жергілікті полиция жеке нысандардың иелеріне аумақтарын тазалау керектігін ескертеді. Себебі көктайғақ кесірінен қала тұрғындары зардап шегуі мүмкін. Бұл ретте, абаттандыру жұмыстарын дұрыс атқармағаны үшін аумақ иелеріне ескерту жасалып, айыппұл салынады. Бизнес нысандарының маңын күтіп-ұстамаған кәсіпкерлер мен қаланың абаттандыру ережесі туралы Павлодар қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Тоқмұхамед Қабылтаев айтып берді.

— Павлодарда барлық әлеуметтік нысандар мен шаруашылық субъектілердің қыс мезгілінде аумақтарын қардан тазалауы тиіс екенін білеміз. Ал, тұрғын үйлердің маңын қар мен мұздан тазалауға кімдер жауапты?

— Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғын үйлер мен бизнес нысандары маңындағы бес метрлік аумақты сол ұйымдардың өздері күтіп-ұстауы тиіс. Яғни көпқабатты баспаналардың аулаларынан қарды шығаруға пәтер иелері кооперативтері жауапты. Сол сияқты сауда орындары, дәмханалар сияқты мекемелер маңын кәсіпкерлер тазалауы керек. Яғни, аумаққа жауапты субъектілерге жеке және заңды тұлғалар, ПИК, МИБ, ҚС, сондай-ақ, ғимараттардың меншік иелері және жерді уақытша немесе тұрақты пайдалану құқығы бар тұлғалар жатады.

— Кәсіпкерлердің үстінен жиналмаған қарға қатысты шағымдар түсе ме? Тексеру барысы қалай жүзеге асады?

— Қыс мезгілі басталғалы мамандардың ватсап желісіне 100-ге жуық өтініш келіп түсті. Дүкен, дәріхана немесе басқа да бизнес нысанының сатысын қар, мұз басқан жағдайда мамандар бірден тексеріске шығады. Қыс мезгілі басталғалы 600-ге жуық ескерту жасалған. Өйткені кейде адамдар құлап, жарақат алу жағдайлары болып тұрады. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Егер жұмыс жүргізілмесе, ескерту жасап, осы жұмыстарды аяқтауға он күндік мерзім береміз. Талаптар орындалмаса, материалдарды жергілікті атқарушы органдарға жібереміз.

— Ескертулерді елемейтін кәсіпкерлерді не күтеді?

— Қар мен мұз басқан ғима-раттың қожайыны немесе жалға алушысы өз телімін ретке келтірмесе, ескертуді елемесе, оған айыппұл қарастырылған. Оның көлемі жеке тұлға үшін 20, кіші бизнеске 30, ал орта бизнес үшін 40 АЕК-ті құрайды. Яғни, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша жеке тұлғалар – 75 640 теңге, шағын бизнес – 117 960 теңге, орта бизнес 157 280 теңге төлеуі керек.

— Қар мен мұз құрсауында қалған тұрғындар қайда хабарласа алады?

– Қазіргі таңда мәселе қарда емес, мұз сүңгілерінде. Сондықтан бізде What’s App нөмірі пайда болды, осы нөмір арқылы тұрғындардың шағымдары мен өтініштерін қабылдаймыз. Бұған дейін бізде Instagram парақшасы ғана болды. Бөлімге +7 (705) 106 10 40 телефоны арқылы хабарла-суға болады. Шағым жіберу үшін тек мекенжайды жазып, нысанды суретке түсіру жеткілікті.

— Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Алтынбек МҰҚЫШЕВ.