Халықаралық аренада «Астана» кәсіби спорт клубын білмейтіндер кемде-кем. Спорттың бірнеше түрін біріктірген алпауыт ұжым аз уақыттың ішінде жер-жаһанға мықтылығын паш етті. Спортшылар төрткіл дүниеге Қазақстан астанасының мәртебесін асқақтатты.
Иә, кәсіби клубтың мақсаты айқын. Қазақстан әлемдік деңгейдегі спорттық державаға айналуы тиіс. Бұл ретте, ел намысын
асқақтатып жүрген «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Astana Pro Team» велокомандасы, «Astana Motorsport Team» автоклубы және «Astana Arlans» бокс клубының келешегі зор. Бүгінде әрқайсысы жергілікті жас спортшыларға басымдық беріп, құрамды күшейтуде. Жасыратыны жоқ, әу баста командалар сапында легионерлер көп болып, «бұл өзі Қазақстанның командасы ма?» деген пікірлер айтыла бастады. Алғашқы кезде легионерлерді тарту да дұрыс болған шығар. Қай жиналыста отырсақ та, шетелдік тәжірибені алға тартамыз ғой. Сондықтан да, сарапшылар легионерлерді жұмылдыру деңгейдің өсуіне әкеледі деп есептейді.
Бүгінде әр клубтың жетістігіне жеке-жеке тоқталуға болады. Мәселен, «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) Шығыс конференциясының Чернышев дивизионында өнер көрсетеді. Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының негізгі клубы. ҚХЛ-дағы үздік нәтиже — 2013/2014, 2016/2017, 2018/2019 маусымдарында Гагарин кубогының ширек финалына дейін шықты.
«Astana Pro Team» велоко-мандасының да көрсеткіші тәуір. 2006 жылы Александр Винокуров Испания «Вуэльтасында» топ жарған еді. 2009 жылы «Астана» велокомандасы «Тур де Франс» мәртебелі көпкүндігінде жеңіске жетіп, 2010 жылы әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді. Кәсіпқой велокоманданың табысы арқасында «Астана» бренді спорт әлеміне кеңінен танымал болды.
Қазақстандық және шетелдік боксшылардың басын қосқан «Astana Arlans» кәсіпқой спорт клубы Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) жобасына тұрақты қатысып келеді.
«Астана» футбол клубының жетістігі бір төбе. 2015 жыл – қазақ футболы тарихындағы ең сәтті кезең. «Астана» футбол клубы тұңғыш рет Еуропаның басты бәсекесі Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. «Астана-Аренадағы» барлық ойындарында қарсыластарына есе жіберген жоқ. Іріктеу кезеңінде жерлестеріміз «Марибор», «ХИК», «АПОЭЛ» клубтарын жеңді. Ал топтық кезеңде «Атлетико» (Мадрид), «Галатасарай» (Стамбұл), «Бенфика» (Лиссабон) клубтарымен бір топта өнер көрсетті. «Астана»-ның еурододадағы сәтті ойындары Қазақстанның УЕФА коэффициенттер рейтингінде жоғарылауына зор септігін тигізді.
Бүгінде «Астана» президенттік кәсіби спорт клубындағы ұжымдар «Samruk-Kazyna Trust» қорының құрамына көшкен. Яғни, тікелей «Самұрық-Қазына» қорынан қаржыландырылады. Қорыта айтсақ, елордамызды жер-жаһанға әйгілеп жүрген спортшылардың еңбегі ерен. Спортта биік жетістіктерге жету — экономикамен қатар жаhандық бәсекеге қабілеттіліктің де символы. Ендеше, спортшыларымыз әлемдік аренада ел мерейін асқақтата берсін!
Ольга САФРОНОВА, жеңіл атлетикадан 2014 жылғы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы:
— Халықаралық жарыстарда көп жүреміз. Шетелдіктерге «Қазақстаннан келдім» десең, Астана қаласын бірге қосып айтады. Яғни, Қазақстан мен Астана — егіз ұғым. Осы уақытқа дейін елордада түрлі байрақты бәсекелер жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Үздік спортшылар Астанада талай мәрте бас қосты. Көптеген спортшылар «Астанада турнир өтеді» деген хабарды естісе, қатысуға асығады. Себебі, спорттық нысандардан бөлек, қаланың өзі әдемі. Өз басым шетелде жүрген кезде Астана мен Павлодарды аңсап тұрамын. Құлпыра бер, Астана!
Оралхан ҚОЖАНОВ.