Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін дәріптейтін маңызды мереке — Республика күнінде Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтары Мемлекеттік рәміздер алаңында жиналды. Қалың жұртшылық Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысты.
Салтанатты шараға облыс әкімі Асайын Байханов, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, қоғам белсенділері, ардагерлер, студенттер мен оқушылар қатысты.
Іс-шара барысында Асайын Қуандықұлына Павлодар гарнизонының басшысы Сәкен Шырынханов салтанатты сапқа дайындық туралы рапорт берді. Бұдан кейін облыс әкімінің бұйрығымен Мемлекеттік Ту көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.
Мерекелік рәсім соңында жиналғандар әскери бөлімдердің саптық шеруін тамашалап, елдік рух пен патриоттық сезімге толы сәттің куәсі болды.
Полина ЩЕРБАКОВА, оқушы:
— Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысу бойдағы патриоттық сезімді арттыра түседі. Қазақстанда туғанымды мақтан етемін. Егеменді елде білім алып, мемлекеттің болашағы жолында еңбектенгім келеді. Бейбітшілік мәңгі орнасын. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан еліміздің келешегі кемел болсын!
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.

